19
Жұма,
Сәуір

һижри

Тақуа адамның кемелі

Тақуа адамның кемелі

Иман келтіру

«Алла сыртқы кескін-келбет, дене-пішініңізге емес,

жүректеріңізге қарайды»

(Хадис)

Мұсылман адам кез-келген амал мен құлшылығында  тек сыртқы парызын ғана орындап, ішкі дүниесі бықсып жатса – Алла Тағаланың алдындағы айыбы болмақ.

Алла Тағала: «Мен сендердің ішкі дүниелеріңе, жүректеріңе қараймын» -деген. Жүзімізді құбылаға бұрған кезде өзімізден: «Жүрегімнің де жүзі қарап тұр ма?» деп сұраған абзал.

Адам намазда тұрғанда, немесе Алланың ризашылығы үшін деп кез келген амал мен құлшылық жасап жатқан уақытында өзін Алланың көріп тұрғанына иланып,  Алланы жүрегімен сезіне білуі қажет. Алла – әлемдердің раббысы, патшалардың патшасы.

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз оқып жатып, сақалын сипап тұрған кісіні көреді. Кейде адамдар намаз уақытысында барлық жерлерін қасып, басын сипап, намаздың сыртында істемейтін іс-әрекеттерді істейді. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер мына кісінің жүрегінде қорқыныш болса, оның ағза мүшелерінде хушуа болар еді», - депті.

(«Хушуғ» – жан-тәнімен берілу, бағынушылық, бойсұнушылық, төмендеушілік, тыныштық, өтіну, сұрау, тілеу, Аллаға бағыну. Яғни, сенің жүрегіңнің құлшылық жасауы. Хушуғ – намаздың жаны.  Ал намаз – діннің тірегі, Жәннаттың кілті.)

Умар ибн аль-Хаттаб (р.а) айтқандай: «Бір кісі исламда жүріп шашы ағарады. Бірақ, бір рет болса да намаз оқымаған». Оны естігендер: «Бұл қалай?»,-деп сұрайды. «Ол кісі ешқашан намаз оқығанда шын хушуа жасамаған. Бүкіл өмірін исламда өткізсе де, екі ракат намазды құлшылықпен оқымаған. Сондықтан намазы қабыл болмайды» ,- деген.

«Бірде төрт мұсылман бір мешітке кіреді. Олардың әрқайсысы ниет етіп, тәкбір айтады. Өздерінің қателіктері мен кемшіліктерін еске түсіре отырып, ерекше ықыласпен намаздарын бастайды. Рукуғқа барып, сәждеге жығылады. Осы кезде мешіттің азаншысы келеді. Намаз оқып тұрған олардың біреуі намазда тұрғанын ұмытып:

- Ей, азаншы! Азан шақырдың ба?, - деді.

Екінші үнді намаз оқып тұрса да:

- Тыныш бауырым, намазда сөйлеуге болмайды. Намазың бұзылды, - деді. Үшіншісі екіншісіне:

- Ағасы! Одан неге кемшілік іздеп тұрсың? Сен де сөйлеп тұрсың ғой, сен де өзіңе қарашы. Алдымен өзіңді жөндеп ал!

Төртіншісі сөзге араласып: «Аллаға шүкірлер болсын! Мен сендер сияқты құрдымға кетпедім, намазымды бұзбадым» - деді.

Осылайша төртеуінің де намазы бұзылды. Ананың-мынаның айыбын айтамын деп, өздерінің қалайша күнәға батқанын, құшылығының зая боғанын байқамай да қалды.

Қандай іс жасасақ та ихсанда болуымыз керек. Яғни, жақсылық яки жамандық жасасақ та «Құдай мені көріп тұр!». Осыны естен шығармаған абзал. Намазға тұрдың ба, ендеше қызылды-жасылды байлықты, фәни дүниенің алдамшы нәрселерін естен шығарып, тек Аллаға ғана тәуелді бол!

Мынадай бір мысал келтірелікші. Мәселен, бүгінде ковидк байланысты барлық  жерде онлайн режимге көшті. Барлық сатылы оқу орындары зум арқылы оқытылуда. Ата-аналардың көбі балаларын сапалы ұялы телефондармен қанымдауда. Жоғарғы сыныпта оқитын, ержеткен бала өз бөлмесінде жалғыз отыр. Әке-шешесі оны ұстазы берген үй тапсырмасын орындауда да сеніп отыр. Мүмкін, қолында ұялы телефоны бар бала  ашық-шашық, ұятсыз дүниелерді  көріп отыруы, немесе атыс-шабыс, зорлық-зомбылық...

Бала: «Мені ешкім көріп тұрған жоқ» деп ойлайды. Бірақ, Алла бәрін көріп тұр. Сондықтан, баланы ерте жастан қандайда бір іс істесе де «Алла көріп тұр!» деп тәрбиелеу керек.

Осыған байланысты мынадай бір әңгіме бар. Баяғыда бір ұстаз  өзінің шәкірттерінің арасынан біреуін ерекше жақсы көріпті. Мұны байқап жүретін өзге шәкірттерінің көңілдеріне қаяу түсіп, қызғаныш сезімі жандарын жаралайды екен. Ақыры бір күні шәкірттері жиналып, өздерінің наразылықтарын ұстазына айта келіпті.

Сонда ұстаздары барлық шәкірттерін жинап алып, бәріне бірдей ешкім көрмейтін, көзден таса жерде тауық сойып әкеліңдер деп тапсырма береді. Ертеңінде сүйікті шәкіртінен басқасының барлығы ұстаздың тапсырмасын қалтқысыз орындап келеді. Ұстаз жанына жақын тартатын шәкіртінен не себепті тапсырманы орындамай келгенін сұрайды. Шәкірті көзден таса жер таба алмағанын айтады. Бұған басқа шәкірттер ду күледі. Сонда әлгі шәкірт: «Ұстаз, қай жерге барсам да, қандай орын тапсам да, бәрібір Алла көріп тұрады ғой», – депті. Бұл жауапқа дән риза болған ұстаз:

«Міне, бұл шәкіртімді осындай жауабы үшін өзгеден ерекше жақсы көрем ғой», – деген екен.

Ендеше, баланы басынан «Алла көріп тұр» деп санасына сіңірсе, бала иманның ихсан дәрежесіне көтеріледі.

Жүрсе де, тұрса да, ғибадат қылса да, Алла көріп тұрғанын біледі. Яғни, «Қайда болсаңдар да, Алла Тағала сендермен бірге» («Хадид» сүресі, 4-аят) деген аятқа мойынсұнған  бала жамандыққа әсте бармайды.

Тағы бір мысал келтірсек, бір соғыста хазіреті Әли бір дұшпан жауынгерін астына басып алып  өлтірейін деп жатыр еді. Өлім аузындағы әлгі адам амалсыздан хазіреті Әлидің бетіне түкіріп жібереді.

Хазіреті Әли үшін кәпірдің басын жұлып алу, түкке де тұрмайтын еді. Бірақ ол: «Нәпсінің тілін алып ашуланып қаламын ба?!» - деп ойлады да, дереу тоқтай қалып, қолындағы қылышын жерге қойып, дұшпанын өлтіруден бас тартты.

Хазіреті Әлидің колында кұрбан болуды күтіп жатқан адам, бұл жағдайға қатты таң қалады. Себебі, ол істеген жаман ісі үшін хазіреті Әлидің колынан аман құтылатынын ойынан мүлде шығарған болатын.

Бірақ ол ойлағанындай болмады. Ол сол жерде ақиқаттың куәсі болды. Дұшпан хазіреті Әлидің ісіне таңырқап, амалы таусылғаннан кейін, былай деп сұрады:

-  Ей, Әли! Мені не үшін өлтірмедің? Бірден өзгеріп сала бердің ғой. Хазіреті Әли былай деп жауап береді:

- Мен хазіреті Пайғамбар сыйлаған қылышты Алла жолында колданамын. Кәпір мен мұнафиқтардың басын, Оның ризалығы үшін ғана шабамын. Бұған ешқашан өз нәпсімді араластырмаймын. Себебі мен  Алланың арыстаны, әрі Оның қылышымын, нәпсімдікі емес... Сен жүзіме түкіріп, мені ашуландырмақшы әрі қорламақшы болдың. Мен сол сәтте ашуыма бой алдырғанымда, мүминге әсте жараспайтын қылықпен яғни, нәпсіме бағынып, сені өлтіріп тастар едім. Алайда мен өз абыройым үшін емес, Алла  үшін соғысып жатқан едім. Бұл жерде хазірет Әлидің әрекеті жоғарыда келтірген Алла Тағала: «Мен сендердің ішкі дүниелеріңе, жүректеріңе қараймын» - деген талабқа сай келеді.

Алла Құран Кәрімде: «Мен сендерге күре тамырларыңнан да жақынмын»,- дейді. Ихсанмен жасалған әрбір ізгі амал мен құлшылық - ең үлкен амал мен құлшылық болмақ. Ихсанмен жасалған амал мен құлшылық – біздің иманымыздың жемісі.

Ақын Абай да:

«Аллаға ауыз қол емес,

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі Хаққа жол емес», – десе, Шәкәрім «Тәңірі жолы – ақ жүрек» деп жырлаған.

Сондықтан да қандай амал істесек те, адал жүрекпен, ақ ниетпен орындауға жазсын!

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 

 

 

 

 

Бөлісу: