21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Алла Тағала қандай амалдармен дәрежеңізді көтереді?

Алла Тағала қандай амалдармен дәрежеңізді көтереді?

Иман келтіру

Адамның адамнан дәреже тұрғысынан озуы дегеніміз ‒ биік мансап, дүниенің көптігі, тегімен мақтану, дандайсу емес. Сондай-ақ, дәреже  ‒ билік не патшалық та емес. Абай бабамыз: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерменен озады», ‒ деген.

Алла Тағала қандай амалдармен дәрежеңізді көтереді?

1. Иман мен ілім. Құран аятында: «Алла сендерден иманға келгендердің және білім берілгендердің дәрежелерін көтереді», ‒ делінген. («Мужадәлә» сүресі, 11-аят)

Бұл аятты тәпсірші ғұламалар: «Аса ұлы Алланың бұйырғандарын орындағандар білсін, олар кемсітіліп не төмендетіліп жатқан жоқ, керісінше, Алла Тағала оның қайтарым сыйын беріп, дәрежесін көтереді» Ибн Касир; «Алланың бұл бұйрықтарын иман иелері және білім берілгендер сөзсіз орындайды. Мұндай адамдарды Алла Тағала өзгелерден білім, таным деңгейіне және иман күшіне байланысты дәрежелерін көтерген» А.Саъди, ‒ деп түсіндіреді.

2. Сәжде. Өйткені сәждеде аса ұлы Аллаға бойсұну мен құлшылықтың ең жоғарғы дәрежесі көрініс табады. Адам өз тәніндегі ең қадірлі болған ғазиз басын, маңдайын жерге тигізіп, Раббысына ең жақын саналатын құрметке ие болады. Осы арқылы Алла ол құлының дәрежесін көтереді. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға көп сәжде жаса. Өйткені сен Аллаға қандай бір сәжде жасасаң, міндетті түрде Алла ол арқылы дәрежеңді көтеріп, күнәңді кешіреді», ‒ деген. (Муслим)

3. Қиын жағдайларда толық дәрет алу. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге Алла онымен қателерді өшіріп, дәрежелерді көтеретін нәрсені көрсетейін бе?» – деп сұрайды. Адамдар: «Әрине, уа, Алланың елшісі!» – дегенде, ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиын жағдайларда (дәрет алу кезіндегі қиындықтар: күннің суықтығы, қараңғылық, ызғар т.б.) толық дәрет алу, мешітке қарай көп қадам басу және намаздан кейін намазды күтіп отыру. Бұларың (сендерге) қорған болады», – деп айтқан. (Муслим)

4. Қай амалында да Алланың дидарын (разылығын) іздеу. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сағд ибн Әбу Уаққасқа (Алла оған разы болсын): «Сен ұзақ өмір сүріп, Алланың дидарын іздеп қандай да бір амал жасасаң, міндетті түрде онымен сенің дәрежең мен мәртебең артады», – деп айтқан. (Муслим)

5. Құран оқу және жаттау. Бірде Нафиғ ибн Абдул-Харис деген кісі Ғұсфан деп аталатын жерде халифа Омармен (Алла оған разы болсын) кездеседі. Омар оны Меккенің әкімі етіп тағайындаған болатын. Омар одан: «Жазықтың тұрғындарына кімді басшы етіп қалдырдың?» – деп сұрайды. Нафиғ: «Ибн Абзаны», – дейді. Омар (Алла оған разы болсын): «Ибн Абза кім?» – деп сұрайды. Ол: «Азат еткен құлдарымыздың бірі», – дейді. Халифа: «Оларға азат етілген құлды басшы етіп қалдырдың ба?!» – дейді. Нафиғ оған: «Өйткені ол – Алла тағаланың Кітабын оқитын және мирас үкімдерін білетін кісі», – деп жауап береді. Сонда Омар: «Расында, Пайғамбарларың (оған Алланың тгілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла осы Кітап арқылы бір адамдардың (дәрежелерін) көтеріп, енді біреулерді төмендетеді», – деп айтқан еді», – дейді. (Амир ибн Уәсиләдан, Алла оған разы болсын, Муслим).

6. Мұсылман бауырының көмегінде жүру. Нәби (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім мұсылман бауырының ісі орындалғанға дейін, оның көмегінде жүрсе, Алла Тағала ол кісіні жетпіс мың періштемен қорғайды. Олар оның күнәсі үшін жарылқау тілейді. Егер таңертең болса, кеш батқанға дейін, кеште болса, таңертеңге дейін дұға етеді. Аяғын жерден көтерген сайын Алла Тағала оның күнәсін кешіреді, сондай-ақ оның дәрежесін көтереді», ‒ деген. (Ибн Омар, Әбу Һурайрадан (Алла оларға разы болсын), Ибн Хиббан)

7. Кішіпейілдік. Дана халқымыз: «Кішіпейілділік ‒ кісінің көркі», ‒ деген. Кішіпейілділік – жоғары дәрежелерге қол жеткізудің және кемелдік сатыларымен өрлеудің жолы. Кішіпейілділік ‒ иесінің қадірін көтеретін мінез. Ол сондай-ақ, иесіне ізгі жандардың разылығы мен достығын сыйлап, тәкаппарлық пен менмендіктен қайтарады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла үшін кішірейгенді ұлы Алла Тағала, әлбетте, жоғарылатады», ‒ деген. (Әбу Һурайрадан, Алла оған разы болсын, Муслим)

8. Кешірімді болу және жамандықты жақсылықпен қарсы алу. «Жақсылыққа жақсылық ‒ әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық ‒ ер кісінің ісі» демекші, жамандыққа жақсылықпен жауап беру ‒ ірілік, абыройлы тұлғаның ісі. Бұл сипат кімде болса, оның құрметі артады. Кешірімділік те сол секілді жанның қадір-қасиеті мен биіктігін көрсетеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла құлына (ол құлының адамдарды) кешіруі арқылы үстемдіктен басқаны арттырмайды», ‒ деген. (Муслим)

9. Жомарттық. Бұл қасиет иесінің абыройын көтерумен қатар, адамдардың оған деген махаббатын, құрметін арттырады. Дана халқымыздың: «Жаны жомарт жігіттің дәрежесі баймен тең», ‒ дегеніндей, шынында да үлкен тұлғалар осы қасиетке және сол қасиетті бойға сіңіруге талпынатын және жомарттықты бойға сіңіруді өзгелерге де өсиет ететін болған.

10.  Жарқын, ашық жүзді болу. Ибн Хиббан: «Жарқын жүзділік ‒ данышпандардың мінезі. Өйткені жарқын жүзділік қасарысушылықтың отын өшіріп, жеккөрініштік сезімін кетіреді. Жарқын жүзділікте залым адамнан қорған, қарсыласқан адамнан құтылу бар», ‒ деген. Әбу Жағфар әл-Мансур: «Егер адамдарға сыйлы болуды қаласаң, онда оларды жақсы, жарқын жүзбен қарсы ал», ‒ деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Алланың алдында адамдардың дәреже жағынан ең жаманы ‒ адамдар жамандығы (бұзықтығы) үшін тастап кеткен (яғни, араласпай қойған) адам», ‒ деп айтқан. (Бұхари, Муслим)

Демек, қадір-құрметтің артуы мен дәреженің көтерілуі ‒ Алладан қорқу мен мінездің көркемдігіне, ізгі амалдардың көптігіне байланысты болады екен.

ummet.kz

Бөлісу: