Не үшін ұйқыны кіші өлімге теңейміз?

Не үшін ұйқыны кіші өлімге теңейміз?

Иман келтіру

Кіші қаза бар, онда рух тәннен басқаша көріністе ажырайды. Яғни, рух тәннен шыққанмен, түбегейлі ажырап кетпей, жеңіл байланыста болады. Бұл жағдайда тән ояу кезіндегідей сезім, қалауға ие болмағанымен, тірі болады.

Айтып отырған кіші қазамыз, міне, осы ұйқы. Өйткені ұйқы да өлімнің бір түрі болып табылады. Ал ұйқыдан ояну, ол – қайта тірілу. Сол үшін де ұйқыдан тұрған адамның Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткен дұға бойынша: «Әлхамду лилләһилләзи ахйәнә баъдә мә әмәтәнә уә иләйһин-нушур (Сондай бізді өлтіргеннен кейін қайта тірілткен Аллаға мадақ болсын және біз Оған қайтамыз)», – деп айтуы лазым делінген.

Алла тағала: «Ол (Алла) сондай түнде сендерді өлтіреді (яғни ұйықтатады). Және күндіз не істегендеріңді біледі. Сонан соң сендерді белгіленген мерзім өтуі үшін (ұйқыдан) қайта тірілтеді. Соңыра қайтып барар жерлерің Сол жақ. Одан кейін Ол істеген амалдарыңды түсіндіреді» , – деген. Яғни ұйқыда адамдардың рухы алынады. Бірақ түбегейлі емес, басқаша бір өзіндік көріністе уақытша тәннен шығарылады. Бұл қажет болса, Алла тағаланың қалауымен біржолата іске асып, оның арты өлімге айналуы мүмкін. Немесе рух тәнге қайтып, адам бейне бір қайта тірілгендей болып ұйқыдан оянады. Жағдайдың бұлайша өрбуін Құранда Алла тағала: «Алла өлер уақытта жандарды алады. Ал өлмегендердің (жандарын) ұйқыда алады. Сосын (ұйқыда) өлімге үкім етілгендердің (жандарын) ұстайды да, басқалардікін белгілі бір мерзімге дейін жібереді. Сөз жоқ, мұнда ойланған ел үшін белгілер бар», – деп сипаттаған.

Яғни адам ұйқыда жатқанда, кіші өлім (ұйқы) үлкен өлімге айналып, тән тіршілігін тоқтатуы мүмкін. Әлбетте, бұл – Алла тағаланың әмірімен ғана орындалатын нәрсе. Жоғарыдағы аятта айтылғандай, Оның әмірімен бір рухтар ұсталып, қалғандары белгілі бір мерзімге дейін қайтарылады. Сондықтан да біз жатар алдында: «Субханәкә Рабби, уадаъту жәнби, уә бикә арфаъуһу, ин әмсәктә нәфси фағфир ләһә, уә ин әрсәлтәһә фахфазһә бимә тахфазу биһи ъибәдәкәс-салихин (Сен Пәксің, Раббым, бір бүйіріммен жаттым және Сенімен оны көтеремін. Егер менің жанымды ұстасаң, оны кешір, ал егер жіберсең, оны Өзіңнің ізгі пенделеріңді сақтағаныңдай сақта)», – дейміз.

материал «Ақырет өткелдері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: