31
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Иманның шынайы мәні қандай?

Иманның шынайы мәні қандай?

Иман келтіру

Хадис ғұламалары (барлығына Алланың рақымы жаусын): «Иман – тілмен айту, жүрекпен сену және денемен жасалатын амал-құлшылықтан тұрады», деген.

Біздің (матуридия) ғұламалардың көбі: «Иман – тілмен айтып, жүрекпен сену» десе, Жаһм ибн Сафуан мен қадария ағымының өкілі Хусайн ас-Салихи : «Иман дегеніміз – білу» деген. Осы саланы терең зерттеген ғұламаларымыз: «Иман – жүрекпен сену, ал тілмен айту – дүниелік үкімдердің орындалуы үшін қажетті шарт», деген. Имам Әбу Ханифада өзінің «Алим уал-мутааллим» атты кітабында осылай тұжырымдаған. Ұстаз Әбу әл-Мансур әл-Матуриди мен Хусайн әл-Фадл әл-Бажили де осы көзқарасты таңдаған. Әрі Имам әл-Ашғаридан риуаят етілген екі деректің сенімдірегі де осыны қуаттайды.

Негізінде тілдік тұрғыдан алғанда «иман» – растау дегенді білдіреді. Өйткені, Құран Кәрімде Юсуф (Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың бауырлары «Әй, әкеміз, бізге сенбейсің бе?» деп айтқан. Яғни «растаушы»деген мағынаны білдіреді. Негізінде сенім (тасдиқ) – ішкі дүниеге қатысты және рухани нәрсе. Оны анықтау қиын болғандықтан, ислам тілмен айтуды сенімнің белгісі ретінде талап етіп, дүниелік (шариғат) үкімдерін орындай алудың шарты деп есептеген.

Сондықтан да Пайғамбарымыз: «Адамдар «Алладан басқа тәңір жоқ» дегенге дейін күрес жүргізу бұйрығын алдым. Осылай деп айтқандардың мал-жанының амандығына кепілдік беремін. Бірақ, құқықтық жауапкершілігіне кепіл бола алмаймын. Ал, ішкі жан-дүниесінің есебінАллаға береді» деген. Міне сондықтан, өмірінде бір рет тілмен айту жеткілікті деп есептеледі. Ал, амал-құлшылықтар иманның негізгі шарты емес. Неге десеңіз, Алла Тағала Құранда: «Иман келтіргендер мен игі іс ітегендер» (деген) Аяттағы «иман келтіргендер» мен «игі іс істегендер» деп келетін тіркестің арасында «мен» жалғауы келгендіктен, бұл екеуі екі басқа ұғымды білдіреді. Ал тағы бір аятта иман амалдың қабыл болуының шарты ретінде көрсетіліп: «Кімде-кім толық иман келтірген мүмін ретінде игі істер істейтін (яки Алланың парыз еткен әмірлерін толық орындайтын) болса...» делінген. Бұл аятта иман келтіру игі істердің қабыл болу шарты ретінде аталған. Шарт пен шарт етілген нәрсе ‒ екі бөлек дүние.

Тілмен айту дегеніміз – жүректегі сенімді білдіру деген сөз. Мысалы, бір кісі «сендім, иман келтірдім» десе, бірақ, жүрегімен сенбесе, ол иман еткен болмайды.

Сондықтан, Алла Тағала мына бір аятта тілінің ұшымен айтып, жүрекпен иланбаған мұнапықтарға (екіжүзділерге) былай ескерту жасайды: «Олар иман еттік дейді, бірақ, сен оларға: «Жоқ, сендер иман келтірмедіңдер», – деп айт». Олай болса, тілмен айтып, жүрекпен сенбеген адамдар – сырттай қарағанда иман келтірген адам ретінде есептелгенімен, Алланың алдында кәпір. Ал, керісінше, жүрегімен сеніп, тілімен оны растамаған адам Алланың алдында мүмин болғанымен, шариғат үкімдерін жүргізу мәселесінде кәпір болып саналады.

материал «Матуриди ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: