22
Жұма,
Қараша

һижри

Егер айналаңа жақсылық жасап жүрсең...

Егер айналаңа жақсылық жасап жүрсең...

Иман келтіру

Адамдарға жақсылық жасау – бақытқа жетелейтін қысқа жолдардың бірі. Бұл тек қана кісінің жеке басына ғана қатысты емес. Сонымен қатар қоғамның да бақытына жол ашатын бірден-бір мәселе екенін айта кету керек.

Себебі бақыттың өзі де бөліскен сайын арта түсіп, ал қайғы бөліскен сайын азаяды емес пе? Ардақтап жаратылған адам баласы жақсылық көруге лайық. Бірақ біреулер мұны ұғынып, парықтай алмауы мүмкін. Ұлық Алла тағала ешбір жақсылықтың қайтарымсыз қалмайтындығын көптеген аяттарда былайша білдіреді: «Кімде-кім мысқалдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады» («Зилзәл» сүресі, 7), «Кімде-кім жақсылық жасаса, өзіне (яғни пайдасын өзі көреді)» («Жәсия» сүресі, 15). Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде былай деген екен: «Алла тағала қиямет күні бір құлына: «Әй, Адам баласы, Мен сенен тамақ сұрағанымда, тамақтандырмадың», – дегенде, пенде: «Алла тағалам, Сен әлемнің Раббысысың, мен Сені қалай тамақтандырамын?» – деп таңданыс білдіреді. Сол уақытта Алла тағала: «Пәленше құлым сенен тамақ сұрағанда, сен оның қолын қайтармадың ба? Оны тамақтандырғаныңда, оның сауабын Менен алатын едің. Ей, пендем, Мен су сұрағанымда, маған су бермедің», - дейді.

– Сен бүкіл әлемнің Раббысысың, мен Саған қалай су беремін?

– Пәленше пендем сенен су сұрағанда, бермедің.

Оның шөлін қандырғаныңда сауабын Менен алатыныңды білмедің бе? Ей, құлым, ауырғанымда келіп жағдайымды сұрамадың.

– Уа, Раббым, Сенің жағдайынды қалай сұраймын?

– Сен пәленше пендемнің ауырғанын білмедің бе? Оған барып хал-жағдайын сұрағанда, оның жанынан Мені табатын едің».

Осы хадисте бір назар аударатыны «Мені соның қасынан табар едің» деген сөз. Яғни, Алла тағала дәйім жығылғанның жанынан, қысылғанның қасынан табылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алла тағаланың күнәһар әйелді жаннатқа кіргізгені жайында баяндаған. Ол әйел шөлден қаталап, тілі ауызына сыймай жатқан итке жаны ашып, құдыққа қиналып түсіп, аяқкиімімен су алып шығып, шөлін басқан-ды. Міне, осы жерден жануарға жасаған жақсылықтың өзінің қайтарымсыз қалмайтындығын көреміз. Ал енді шөлдеген адамды сусындандырып, қиналғанға жәрдемші, жығылғанға сүйеніш болғанның алар мәртебесі қандай?

Адамзаттың ардақтысы (с.а.с.) тағы бір сөзінде: «Жасаған жақсылықтары жанын жадыратып, ал жамандықтары көңіліне қаяу салған адам нағыз мұсылман», – деген. Исламның осындай өсиеттерімен сусындаған тақуа  кісілердің бірі Ибн әл-Мүбарактың жасаған ізгі амалы бізге үлгі боларлық. Ол бірде керуенмен қажылыққа кетіп бара жатып, жолда күл-қоқыстың ішінен жеуге татырлық азық теріп жүрген әйелді көреді. Жөн сұрап, неге қоқыс ақтарып жатқанын білгісі келгенде, әйел аштық азабын тартып, үш күннен бері тіске басарлық нәрсе таппағанын айтып, көзіне жас алады. Сонда Ибн әл-Мүбарак қажылыққа деп жинаған қаржысын тұтастай шиеттей қыздары бар әлгі әйелге береді. Осылайша сол жылы қажылыққа бара алмай, жарты жолдан кері қайтады. Бірақ көп ұзамай түсінде «Қажылығың қабыл, күнәң кешірілсін!» деген дауыс естиді. Алла тағала Құранда осындай жандарды сипаттап: «Өздері таршылықта бола тұра, өзгелерді өз жандарынан артық көреді» («Хашыр» сүресі, 9-аят) дейді.

Жасалған жақсылықтардың жемісі – мінез көркеюі, ар-ұжданның тазалығы, әрі жүректің тыныштығына жол ашады. Қаншалықты қайғы басып мазаң қашып тұрса да басқаларға жақсылық жасасаңыз, шуақ шашсаң, ғажап бір жеңілдеп қаласыз. Жарлы-жақыбайға садақа бер, жәбір көргенге қол ұшын соз, қайғырғанның қайғысына ортақ бол, ашыққанды тамақтандыр, ауырғанды зиярат ет, жығылғанға сүйеу бол, сонда жан сарайың қуаныштың гүлзарына айналады. Аристотель: «Ақиқатында үлгілі адам өзгелерге бір іс ұсынса соған қуанады да, егер оған басқалар бір нәрсе ұсынса соған ұялады. Себебі басқаларға жақсылық жасау, көңіл бөлу ол үстемдік», – деген.

Расында, жақсы амал жұпар иісті әтір сияқты, сатушыға да, сатып алушыға да ләззат сыйлайды. Жақсылықтың жемісі жүректі тыныштандырып, шаттыққа бөлейді. Көркем мінезге мұқтаж жандарға жылы шырай таныту, жылы жүзбен қарсы алу садақа болып табылады. Себебі хадисте «Бауырыңды жылы жүзбен қарсы алу – садақа» делінген.

Әбу Зәрр Жундуб ибн Жунәда және Мұғаз ибн Жәбәл (р.а.) жеткізген хадисте: «Расулалла (с.а.с.): «Қайда жүрсең де Алладан қорқып, бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтан! Әрбір күнәнің артынан уақыт оздырмай оны жуып-шаятын жақсылық жаса! Адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезді бол! – деп бұйырды», – делінген (Тирмизи, Бирр 55).

Яғни, біреуге жақсылық жасасақ, біліп не білмей істеген күнәларымызға кешірім болатындығын осы хадистен ұғынамыз. Бұл Құдай тағаланың пендесіне деген ерекше рақымы, әрі қоғам ретінде өмір сүру үшін жаратылған адам баласы үшін ізгіліктің қайнары. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) бен оның адал сахабалары қарақан басының пайдасын ойламай өз ғұмырларын өзгені бақытты ету жолына арнаған еді. Түптеп келгенде өзгеге жасаған жақсылық түбінде өзің үшін олжа емес пе? Оның осы дүниеде де, ақыретте де пайдасы шаш етектен. Міне, осы мұсылманшылық дәстүрден нәр алған атам қазақ «қайырымды жүрек қартаймайды», «жайылымы болмаса мал азады, қайырымы болмаса жан азады» деп өте орынды айтқан.

материал «Үміт сәулесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: