22
Жұма,
Қараша

һижри

Құран хафизы болу үшін жасалатын дұға

Құран хафизы болу үшін жасалатын дұға

Иман келтіру

Ибн Аббас әңгімелейді:

«Алла елшісі (с.ғ.с) алдында отырған болатынмын. Осы кезде Али ентелеп кіріп келді де:

– Әке-шешем жолыңа құрбан, Алланың расулы. Жаттаған Құраным есімде қалмапты. Осы жағынан осалдық танытып жүрмін, – деді абыржи сөйлеп. Пайғамбарымыз:

– Ей, Әбул-Хасан! Саған да, өзің Құран үйретіп жүрген кісілерге де Алланың қалауымен пайдалы болатын бір сөз үйретейін бе? – деді.

– Үйретші, ей, Расулаллаһ! – деді Али. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

– Егер шамаң келсе, жұма күні түннің соңғы үштен бір бөлігінде тұрасың. Өйткені бұл уақыт періштелердің куә болатын уақыты және осы кезде жасалған дұғалар да қабыл болады. Бауырым Яқуб (а.с.) «Сендер үшін Раббымнан кешірім сұраймын», – деп осы жұманың түніне ишара еткен болатын. Егер бұл уақытта тұруға шамаң жетпесе, түннің жартысының үштен бір бөлігінде тұр. Егер бұл уақытта да ояна алмасаң, онда алғашқы үштен бір бөлігінде тұр. Төрт рәкат намаз оқы. Бірінші рәкатта «Фатиха» сүресі мен «Ясинді», екінші рәкатта «Фатиха» және «Духан» сүрелерін, үшінші рәкатта «Фатиха» мен «Сәждә», ал соңғы рәкатта «Фатиха» мен «Мүлік» сүрелерін оқы. Тәшәһһүдті бітіргеннен кейін, Аллаға шүкіршілік жасап, мадақ (хамд-сәна) айтқаннан кейін, маған және басқа пайғамбарларға салауат келтір. Өмір сүріп жатқан және иманды болып өмірден озған барлық мүминдер үшін Алладан кешірім сұра. Осыдан кейін мына дұғаны оқы:

«Аллам! Өмірімнің соңына дейін өзіңе қарсы келуден сақтай отырып, маған мархамат ет. Мағынасыз, пайдасыз істерден аулақ қылып, мені мүсіркей гөр. Өзіңді разы қылатын істерге қарай бағытта мені. Ей, жер мен көкті шебер жаратушы, шексіз күш пен сарқылмас жақсылықтың иесі болған Аллаһым! Ей, Алла! Ей, Рахман! Жәлалың (ұлылығың) мен Жамалыңның (Шексіз әсемдігің) құрметі үшін өзіңнен маған үйреткен кітабыңның жадымда қалуын тілеймін. Оны өзің разы болатындай оқып, көңілге тоқуды қалаймын. 

Ей, жер мен көкті теңдессіз қылып жаратушы, шексіз күш пен сарқылмас жақсылықтың иесі болған Аллам! Ей, Алла! Ей, Рахман! Жәлалың (ұлылығың) мен Жамалыңның құрметі үшін жанарымды кітабыңмен нұрландыр. Тәнімді онымен тазарта гөр. Себебі бұл мәселеде өзіңнен басқа ешкім маған жәрдем ете алмайды. Осы қабілетті маған өзіңнен басқа ешкім бере алмайды. Өзің беретін күш-қуат болмаса бір адым да алға жылжи алмаймын!».

Ей, Әбул-Хасан! Осы айтқандарымды үш, бес немесе жеті рет жұма түндерінде орындайтын болсаң, Алла дұғаңды қабыл етеді. Мені ақиқатпен жіберген Алланың атымен ант етемін, Ол ешкімді жолда тастамайды, – деді».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: