19
Жұма,
Сәуір

һижри

Мейірім – иманның алғашқы жемісі

Мейірім – иманның алғашқы жемісі

Иман келтіру

Иманның алғашқы жемісі – мейірім. Одан алыс көңіл жанды (тірі) болып саналмайды. Әрбір ізгі істің басы болған бисгииллаһ пен «Фатиха» Алланың Рахман мен Рахим (мейірім) есімдерімен басталады. Пайғамбарлар мен әулиелердің өмір тарихы да мейірім дастанына толы.

Алланың ахлағын бойына сіңірудің ең табиғи нәтижелерінің бірі – мейірімге толы терең көңіл иесі болу. Пайғамбар дәуірінен бері нәпіл ғибадаттар иман шабытымен жалғасып келеді. Осы мархабат пен мейірімнің Пайғамбардан кейін ең үлкен үлгісін көрсеткен Әбу Бәкір (радиаллаһу анһу). Оның Әбу Хафс Хазіретіне де үлгі болған кең мейірім мен мархабаттың кемелдігін білдіретін дұғасы мынадай: «Уа, Раббым! Менің тәнімді жәһәннамда басқа құлдарға орын қалмайтындай етіп ұлғайт!»

Хазіреті Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһу) осы мархабат сипатының көптеген мысалдары бар. Осылардың бірі Меккенің алдыңғы қатардағы адамдарының бірі Умәйя бин Халефтің құлы Биләл Хабаши Хазіретін үлкен құнтөлеп сатып алып, азат еткендігі. Ол осы ісі арқылы Пайғамбар ілтипатына бөленіп, мейірім мен жомарттықта аты аңызға айналған. Хазіреті Мәуләнә (құддисә сирруһ) бұл оқиғаны былай баяндайды: «Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Миғраждан келеді. Жәннәтта Биләлдің аяғының дауысын естігенін айтып: "Биләл қандай бақытты!» - деді.»

«Мұны естіген Хазіреті Әбу Бәкір Сыддық Хазіреті Пайғамбардың алдына барып, адал Биләлдің халін баяндады.»

«Ол: ғаламшарларды өлшеген мүбәрәк жаратылыс, саған ғашық болып, саған деген махаббаттан күйіп-жануда, Сол себепті залым адамдар әлгі періштедей адамға зұлымдық жасауда. Кінәсіз болса да қанаттарын жұлып жатыр. Сондай үлкен қазынаны зұлымдық пен азғындықтың топырағына көмбек болып жатыр.»

«Ыстық күн астында қызған құмға жатқызып, жалаңаш денесін тікенді бұтақтармен ұрып жатыр.»

«Бірақ ол денесінен бұлақтай қан ақса да: «Алла біреу, Алла біреу» деп, Хақ Тағалаға сәжде етуден бас тартпайды.»

«Хазіреті Әбу Бәкір мархабат және мейіріммен тәнінің әрбір зәррәсі қайғы-қасіретке толы тіл болып, Биләлдің жағдайын Хазіреті Пайғамбарға қайғыра ұзақ баяндады.»

«Ақыры көңіліндегі ниетті жеткізіп: «Уа, Расулалла! Оны сатып алмақшымын. Барлық байлығымды беруге әзірмін. Алла Тағалаға бет бұрып, Оған және Расулына мойынсұнып, сол себепті Алла дұшпандарының тырнағына ілінген, азапқа тап болған мүбәрәк адамды сол жағдайдан құтқармайынша, осы дүниеде жаным жай таппайды,» - деді.»

«Хазіреті Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұған қатты риза болып: «Ей, Алланың және Расулының мейірімді досы! Бұл саудада менде саған ортақпын...» -деді.»

«Хазіреті Әбу Бәкір дереу Биләлдің қожайынының үйіне барды. Биләлға жасаған азаптан есі шыққандай қалыпта еді. Хазіреті Биләлдің мейірімнен жұрдай қожайынына ауыр сөздер айтты.»

«Ей, арам! Ей, ашудан көзі қызарған, мейірімсіз! Бұл Алла досына қалай таяқ ұрасың? Ей, ынсапсыз! Бұл не қылған қастандық?» «Ей, мейірімнен жұрдай адам! Өзіңді адаммын деп ойлайсың ба? Ей адамшылықтан безген, жиіркенішті адам! Сен адам бейнесіндесің, бірақ, адамзатқа жағылған күйесің!..»

«Осы сөздерден кейін Әбу Бәкір (радиаллаһу анһу) сол адамның аш көзін дүние-мүлікпен толтырды. Бұл жағдайға Биләлдің қожайыны қатты таңданып, Әбу Бәкірдің халіне таң-тамаша болды.»

«Оның Бұл таң-тамаша болғанын сезген Әбу Бәкір Хазіреті, әлгі нәсіпсіз адамға былай деді: Ей, ақымақ! Сен бала сияқты бір жаңғақ үшін маған баға жетпес інжумаржанды бердің, бірақ бұдан бейхабарсың! Биләлдің екі дүниеге татитындығын білмейсің. Мен оның рухына қараймын, сен болсаң оның түріне қарайсың...»

«Егер сен тағы біраз саудалассаң оны алу үшін одан артығын берер едім. Әлде де біраз саудалассақ, қолымдағының бәрін берер едім, тіпті қарызға батар едім. Сонда да бұл саудада мен пайдаға батар едім. Ей, нәсіпсіз адам! Гауһар тастың бағасын тек қана зергер білетіндігін жақсы білгейсің.»

Хазіреті Мәуләнә (құддисә сирруһ) осы қиссасында мархабат пен мейірімінің кәміл көрінісін көрсетумен қатар, кәміл адамға баға жетпейтіндігін, яғни дүниеуи бағаның, адамның рухани болмысының жанында құнсыздығын қандай тамаша баяндайды.

Басында православ дінінде болған ұстазым Яман Дәдә Хазіреті Мәуләнәның Мәснәуи кітабының берекетімен һидайәтқа келген, жаны күйген Пайғамбар ғашығы еді. Бейне бір пайғамбар мен сахабаларының ахлағын бойына сіңіргендей еді. Мына бір оқиға, осы халін көрсетуге жеткілікті болар:

Бір күні дәрісте бір шәкірті:

«Ұстазым, ауыр күнә жасағанды ма, әлде алапес ауыруына ұшырағанды ма, қайсысын қалар едіңіз?» - деп сұрайды.

Сонда Яман Дәдә: «Алланың құлдарының жан дүниесінен бір сәттік алыс қалып, бейхабар болғанша тірідей өртеніп күл болғанды қалар едім!» - дейді. Міне Исламдағы Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бағыттаған мархабат пен махаббат көкжиегінің шексіздігі!..

Уа, Раббым! Мейірім жүрегіміздің бітпес қазынасы болсын!.. Әмин!

материал «Бір шоқ гүл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: