11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ойлану – адамды таухидқа жетелейтін бір жол

Ойлану – адамды таухидқа жетелейтін бір жол

Иман келтіру

Имам Матуриди Ислам шариғатын дұрыс түсіндіру үшін ақыл-ойға сүйену керектігін алға тартты. Бұл жағынан алғанда, ол діни мҽтіндерді тек тура мағынасында түсінуді құптайтын кейбір ғұламалардың әдістемесінен басқаша жолды ұстанды.

Мәселен, «Ақыл-ойдың жаңылуы мүмкін, сондықтан нақылды (Құран аяты мен хадисті) тек сөзбе-сөз түсіну керек» деген пікірдің иелеріне Матуриди «Китабу-т Таухид» атты еңбегінде: «...Бұл пікір (ақылмен ойлаудан қашу) – шайтанның қатерлі тұзақтарының бірі. Өйткені ақылды қолдануға қарсы келушілердің өздері ұстанымдарын ақтайтын ақылдан басқа ешқандай дәлел келтіре алмайды (олар осы қарсылықтарының өзінде ақылға жүгініп отыр). Мұның өзі оларға ақылмен ойлаудың аса зәрулігін мойындатуға жеткілікті. Олар қалайша ақылға салып ойлауды жоққа шығарады. Алла Тағала құлдарын ойлауға шақырады, оларға ой топшылау мен ақыл ізденісін жасауды бұйырады, сол арқылы ғибрат пен үгіт-насихат алудың қажеттілігін көрсетеді. Асылында ой-пікір мен ақылға салу ғылымның қайнар көздерінің бірі екендігін дҽлелдейді» деп, нақты ҽрі қисынды тұжырымдарын алға тартады.

Алайда, мұның екінші жағы тағы бар. Егер кімде-кім аят пен хадистерге сүйенуді теріске шығарып, адамның ақылы жете алмайтын дүниелерді, Алла Тағаланың бүкіл иләһи хикметтерін өзінің шектеулі ақылымен түсінуді қаласа, өз ақылына қиянат жасап, көтере алмас шоқпарды беліне байлағандық болады. Олай болса ақылға сүйенгенде де шариғат шеңберінен шығып кетпеу имам  Матуридидің ұстанымы болған. Матуриди ақылдың жаңылысып, адасатынынан қорқып, «Шындықты нақылдың тысынан іздемеу керек» деген ғалымдардың көзқарастарымен келіспеген. Алла Тағала Өз құлдарын ойлануға, өмірге үңіліп одан ғибрат алуға шақырғанын алға тартып нақылмен қатар ақылды да дәлел ретінде қабылдаған.

Мұғтазилит пен Матуриди мектебінің ақылды қолдану ҽдісінің арасында үлкен айырмашылық бар. Мұғтазилиттер сенімге байланысты аяттар мен хадистерді қате түсініп, тҽшбихке (ұқсату, теңеу) ұрынған жҽне ақылды мүлдем жоққа шығарған ағымдарға қарсы шыққандықтан, ақылға шектен тыс сүйенетінді шығарды. Тіпті, ақылды негізгі төреші етіп алды деуге болады. Оларға классикалық әдіспен төтеп беру біршама қиындық тудырды. Осы себепті, «Әһли сүннет» сенімін қорғау мақсатында жаңа әдіс тауып, иман негіздерін түсіндіруде аят пен хадиске қоса, ақылға да орын беруге қажеттілік туды. Матуриди мен Әшғари мектептері осы негізде қалыптасты. Имам Матуриди ақида саласында аят пен хадиске қоса, дінді түсіндіруде ақылды да, қажетті қағида ретінде пайдаланғанмен, ақылды өз орнымен қолданып, оған шектен тыс басымдық бермеуге тырысқан.

Ақыл, Матуриди ұстанымының негізі болып саналады. Оның ойынша, жақсылық пен жамандық ақылда топтасқан. Ақыл осы дүниеде оларды ажырату факторы. Адам ақылы жаратылғандардан үстем тұрады. Себебі, ақылы болғаны үшін оны қалай қолданғаны жөнінде Алла алдында жауапқа тартылады. Сондай-ақ, Ислам ақидасы нақылға (аят пен хадистерге) негізделеді. Матуриди дінді тануға мүмкіндік туғызған екі негіз ретінде уахи мен ақылды атап көрсетеді. Сонымен бірге, «Ғалымдар нақылға ғана жауапты болмайды» деген кҿзқарасты сынайды. Бұдан ғалымның аят пен хадиске ерекше мән бергенін көруге болады. Ақыл – діннің негізгі қайнары. Ақылды адам міндетті түрде мынадай қорытынды шығарады: сезімге ие болған жаратылыстың міндетті түрде хикметі бар. Тіпті, әлемнің өзі белгілі бір мақсат пен хикметпен жаратылған. Олай болса, ақыл мен әлемдегі хикметтер бір арнада тоғысады дейді. Адам баласын таухидқа (Алланың жалғыздығына) жетелейтін бір жол бар. Ол – ойлану. Ал бұл ақыл арқылы іске аспақ. Құран Кәрімнің «Әли Имран», «Әнғам» сүрелерінде «Ойланбайсыңдар ма?», десе «Бақара», «Хұд» және «Жүсіп» сүрелерінде «Ақылға салмайсыңдар ма?» деген аяттар кездеседі. Әрбір адам ақылын дұрыс қолданса, хақ жолды табады. Өйткені, адам болмысының бірден-бір ерекшелігі − оның ақылдылығында. Демек, адам баласы ақылын қалай қолданса, сондай нәтижеге қол жеткізеді.

материал «Асылдың сынығы – Имам Матуриди» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: