22
Жұма,
Қараша

һижри

Исламның бізден қалаған ихсаны

Исламның бізден қалаған ихсаны

Иман келтіру

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астында­ғыларға жақсылық жасаңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят) деп бұйы­рады.

Ихсан сөзінің мағынасы – жақсылық жасау. Исламның бізден қалаған ихсаны – жасайтын жақ­сы­лықты ең әдемі түрде, ең жақсы һәм кемеліне жеткізе отырып жа­сау, ата-анаға, ағайын-туысқа, көр­шіге, дос-жаранға жасайтын жақсылықты еш міндетсінбей, ең жоғары деңгейде іске асыру. Бір сөзбен айтсақ, толық мұсылман жақсылықтың ең шыңында жү­реді, ізгі ісімен үлгі болады.

Мұсылман – әдепті, тәртіпті, сыпайы, жылы жүзді жан. Ғұлама ибн Мүбәрак: «Барлық ілімдерді бі­­летін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен кө­рісе алмасам өкінемін» деген екен. Құстың қос қанаты секілді мұсылман баласына білім де, әдеп те әркез керек. Ислам діні қандай таза болса, мұны екі дүниемнің ба­қыты деп білген адам әдеп негізінде өмір сүреді. Дініне титтей де кір келтірмеу үшін өмірлік мақ­сатын ихсан ілімінің аясына топ­тастырады.

Абай атамыз осыны меңзеп, «толық адам» түсінігін кейінгілерге сөз етіп қалдырды. Мұсылман құл­­шылығын, күллі әрекетін, қарым-қатынасын, тіпті ғұмырын Жара­ту­­­шысын разы етуге арнаған кезде ихсан ілімінің шыңына жете ала­тынын айтқан. Хәкім Абай атамыз: «Ендi бiлiңiздер, ей пер­зенттер! Құдай Тағаланың жолы деген Алла Тағаланың өзiндей ниһаятсыз (шексiз, өлшеусiз) болады. Оның ниһаятына ешкiм жетпейдi. Бiрақ сол жолға жүрудi өзiне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» дейді.

Таза мұсылман, толық адамның негізгі шарты – Құдай Тағаланың шексіз жолында жүру, разылығын табу. Абай атамыздың меңзеген «таза мұсылман, толық адам» тү­сінігі осы ихсан ілімінен баста­латынын байқаймыз. Себебі ихсан іліміне терең бойлап, әдеп, ар-ұят­­тан аттамаған мұсылман өзінің емес, ең алдымен ислам дінінің, туып-өскен жерінің абыройын биік қояды, кір келтірмейді. Отан­ға деген сүйіспеншілік, қыз­метке деген адалдық, ағайынға деген сый­­­ластық, жаманшылықтан бой алыстатып, жақсыларға жақын жүру­дің бәрі осы ихсан ілімінен еке­нін әркез естен шығар­ма­ға­нымыз абзал.

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: