22
Жұма,
Қараша

һижри

Имам Ғазали: Ақ-қараны айырмаудың зияны

Имам Ғазали: Ақ қараны айырмаудың зияны

Иман келтіру

Алла Елшісі (с.а.с): «Үмбетім денедегі киімдер ескіргендей жүректе Құран көнерген заманға тап болады. Алладан қорықпағанымен жасаған істерінен үміт етеді. Жақсы іс жасаған пенде: «Бұл ісім қабыл болады», - десе, күнә жасаған кісі «Бұл кешіріледі», - дейді», - деген.

Мұнда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ол уақыттағы кісілер Құран Кәрімнің азап туралы хабар берген аяттарын білмегендіктен, Алладан үміт еткенмен Одан қорықпай қалады», - демекші. Тап сонлай жағдай Алла тарапынан христиандар туралы да білдірілген: «Содан олардың орнын қайырсыз, нашар ұрпақ басып, Кітапқа, (Тәуратқа) мұрагер болды. Алайда, олар оны (қалауларына қарай бұрмалап) мына қу дүниенің баянсыз әрі болмашы бұйым-боқшасына айырбастайды һәм содан кейін: «Қайткен күнде де, күнәларымыз кешіріледі (өйткені біз Алланың таңдаулы да, сүйікті құлдарымыз)», - деп, өз-өздерін алдайды. Сондай-ақ, олар дәл сондай дүние-мүлік (жемқорлық, өсім, құмар ойындары сынды заңсыз жолдармен) келсе, оны да міз бақпай ала береді. Сонда олардан Алла жайлы ақиқаттан өзге ешнәрсе айтпайтындығына қатысты қолдарындағы Кітаптың үкімі бойынша, берік уағда алынбап па еді? Һәм олар сол Кітаптың ішіндегілерді қайта-қайта оқып, өзгелерге де оқытпап па еді? Әйтсе де, ақырет мекені Аллаға қарсы келуден барынша сақтанып, тақуалық аясында өмір сүретін жандар үшін әлдеқайда қайырлы. Әлі де болса, ақылға салып ойланбайсыңдар ма?!»

Алла Тағала Құранда: «Раббысының құзыры дегенде (яғни, Раббысының алдына баратын күнді ойлап) аза бойы қаза болатын мүмінге екі бірдей Жәннат бар».

«Сөйтіп, олардан кейін ол жерге сендерді орнықтырамыз. Міне, бұл жетістік Менің құзырыма (күнәһар болып) келуден қорыққан және ескертуімнен (яғни, ескерткен нәрселерімнен) тайсалғандар үшін» деп айтқан.

Қарасаң, кейбір адамдар арам-адал араласқан ақшасынан бірнеше тиын садақа беріп, екінші жағынан берген садақасынан бірнеше есе көп байлықты не күмәнді кірісті өз мүлкіне өткізіп алады. Мұндай кісілердің кейбірі «Жақсы істкеріміз жасаған күнәларымызға қарағанда басым» деп ойлайды. Өйткені, өз-өзін сұраққа алмайды. Жасаған күнәларын тексермейді және еске алмайды. Ал енді бір жақсы іс жасап қойған болса, оны ұмытпайды, соған сенеді.

Мысалы, бір кісі Алладан кешірім сұрап күніге жүз рет жалбарынғанымен, оның артынша-ақ мұсылмандар туралы өсек таратып, олардың абыройына күмән келтіреді және ертеден кешке дейін Алла разы болмаған сөздерді сөйлейді. Аллаға қылған дұғаларына сенеді де, жасаған күнә істеріне мән бермейді. Шынында, жасаған күнәлары айтқан таспихтерінен жүз, бәлкім, мың есе асып түседі.

Хатшы періштелер олардың жаман сөздерін жазып тұрады. Пенденің аузынан жаман сөз шыққанда Алла оны ескертіп: «Сондай-ақ адам баласының аузынан нендей сөз шықса да дәл қасында оның аузын бағып, бірде-бір сөзін қалт жібермей жазып алып тұратын бақылаушы періште бар» деп айтады.

Бірақ ол тағы да айтқан таспихтерінің сауабынан үміт етіп, соған сенеді. Өсекшілерге, өтірікшілерге, сөз тасушыларға, іші-тысына ұқсамаған екі жүзділерге және басқа күнәһарларға берілетін жазаларды еске алмайды. Міне, сол жағдай үлкен алдану болып саналады.

Егер сауап-күнәларды жазушы періштелер бұл кісінің кемшіліктерін және айтқан таспихтерінен шектен тыс жаман сөздерін жазғаны үшін ақы сұраса, пенде бір сөз айтудан да сақтанып, періштелердің жазған ақылары көбейіп кетпесін деп аузынан шыққан сөздерін де санар еді.

материал «Жүрек сырлары» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: