22
Жұма,
Қараша

һижри

Алланы еске алу – құлшылықтың ең ұлысы

Алланы еске алу – құлшылықтың ең ұлысы

Иман келтіру

Жаббар Иемізді еске алу кір басқан көңілді тазартатын жүрек нұры һәм «Алланы еске алумен жүрек тыныштық табады» («Рағыд» сүресі, 28-аят) деп осы үлкен ақиқатты баяндап тұр.

«Мені еске алыңдар, мен де сендерді еске аламын...» («Бақара» сүресі, 152-аят) деп Өзін еске алғанда мейірім шапағатын төгіп, қорғап-қолдайтынын білдіріп тұр. Сәбит Бәнәни деген тақуа кісі «Раббымның мені қашан еске алатынын мен нақты білемін» деген кезінде төңірегінде үймелеген жамағат: «Оны қалай білесің?» деп сұрайды. «Ол өте оңай. Мен Раббымды еске алған кезде, Ол да мені сол кезде есіне алады» деген екен сонда Сәбит Бәнәни. Хубәйб ибн Убәйд айтады: «Әбу Дәрдаға біреу келіп:

– Маған үгіт-насихат айтсаңыз, – деп өтінді. Әбу Дәрда оған:

– Алла басыңа іс түскен, қайғылы күндеріңде өзіңді ескерсін десең, мұңсыз-қамсыз күндеріңде оны көп еске ал. Қандай да бір дүниелік игілікке қол жеткізсең, оның уысыңнан шығып кететінін, ақыры немен аяқталатындығын да бір сәт ұмытушы болма, – деп кеңес берді».

Алланы еске алу өміріміз үшін өте маңызды қасиеттердің бірі болғандықтан Құранда: «Алланы еске алу – құлшылықтың ең ұлысы» («Анкәбут» сүресі, 45-аят) делінген. Ибн Аббас осы аятты былайша тәпсірлеген: «Бұл аяттың екі қыры бар:

1. Алланың сендерді еске алуы – сендердің Оны зікір еткендеріңнен де жоғары.

2. Алланы зікір ету, Оны еске алмай жасаған барлық құлшылықтан жоғары».

Құлшылықтың ең төресі саналған намаз белгілі уақыттарда жасалады. Ал Алланы зікір ету – ешқандай уақытпен шектелмеген құлшылық. Пенде қалаған уақытында Алланы зікір ете алады. Құран кәрімде зікірдің қасиеті туралы аяттар өте көп кездесуі қаншалықты дәрежеде маңызды екенін көзге шұқып тұрып көрсетеді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Раббысын еске алушы мен Раббысын еске алмайтынның мысалы, өлі мен тірінің мысалы сияқты». Сонымен қатар тағы бір хадисінде: «Әл-Муфарридундар озды» – деді. Олар: «Уа, Алланың елшісі! Әл-Муфарридундар деген кімдер?» – деп сұрады. Сонда ол: «Алланы көп еске алатын ерлер мен әйелдер» – деді». «Мен сендерге амалдарыңның ең абзалын, Раббыларыңның алдында ең жақсысын және алтындап ақша садақа еткеннен де, жауларыңмен кескілесіп, мерт болудан да қайырлысын айтайын ба?» – деді. Олар: «Әрине, айтыңыз» – деп қуана сұрағанда: «Алланы еске алу», – деп жауап берді».

Мына бір хабарда: «Бір жолы бір кісі келіп: «Уа, Хақ расулы! Мен үшін Исламның амалдары көбейіп кетті, өзім қартайып қалдым, маған бір амал айтыңызшы, мен соған өлгенімше берік болайын» – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Тілің Алланы еске алудан тыныштық таппасын» деді.

Әбу Хұрайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Расулалла (с.а.с.): Алла тағала: Құлым Мен туралы қандай ойда болса, Мен де оған солай қараймын. Сондай-ақ, құлым Мені есіне алып, Маған мадақ айтып ұлықтаса, Мен онымен бірге боламын. Егер ол Мені іштей есіне алып, мадақ айтса, Мен де оны солай есіме аламын. Ал егер Мені көпшіліктің ортасында есіне алып, мадақ айтып ұлықтаса, Мен оны одан да қайырлы көпшіліктің алдында есіме алып, мақтан тұтамын – деп айтты» – деген.

«Әрдайым жан-тәнімен беріліп зікір жасаушылардың жүгі жеңілдейді. Солар қиямет күні ауыр жүктен құтылып, Алланың алдына абыроймен барады», – деген. Әбу Дәрда (р.а.) мына бір оқиғаны баяндайды: «Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қиямет күні Алла тағала кейбір адамдарды жақұт-маржаннан жасалған орындықтарда отырған өте нұрлы бір бейнеде қайта тірілтеді. Жұрттың бәрі оларға қызғана да қызыға қарап тамсанатын болады. Алайда олар пайғамбар да, шейіттер де емес еді, – деді. Осы хадисті тыңдап отырған бір бәдәуи салған жерден: «Уа, Алла елшісі! Олардың кім екенін және ерекшеліктері туралы айтып бересіз бе? Оларды білгіміз келеді» – дегенде, сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Олар әр түрлі тайпадан, әр түрлі елден болғанына қарамастан, Алла үшін бір жерге жиналып, оны зікір етушілер, – деді».

Халифа Омар (р.а.): «Алланы көп зікір етіңдер. Өйткені, Алланы еске алу адамның дертіне шипа, жанына дауа болады. Жұртты өсектеп, ғайбаттаумен шұғылданбаңдар, себебі бұл жаман әдет сау адамды ауру қылады, сырқаттың дертін одан сайын күшейтіп жібереді» – деген екен. Ғалымдардың бірі: «Алла тағаланың: «Құлдарымның жүректеріне қараймын. Жүрегінде Мені зікір етуі басым болған пендемнің қалауын орындап оның досы боламын» дегенін айтады. Хасан Басри: «Зікірдің екі түрі бар:

1. Сырт көзге білдірмей рухыңмен Алланы еске алу. Бұл зікірдің өте үлкен сыяпаты бар;

2. Бұдан да артығы Алланың харам еткен нәрселерін жасауға шақ қалған кезіңде Алланы есіңе алып, одан бас тартуың» деген екен.

Кейбір хабарларда әр адам жан тәсілім етер кезде таңдайы кеуіп, қатты шөлдейтіндігі. Тек Алланы еске алып тілін құрғатпағандар соңғы демінде бұлай қаталамайтындығы айтылған.

Муаз ибн Жәбәл (р.а.): «Жәннаттықтардың бір ғана қайғысы бар. Ол тірі кездерінде Алланы зікір етпей өткізген уақыттары» деген екен. Иә, бауырым, міне, Алланы еске алу күллі дерттің шипасы. Алланы зікір ету періштелердің азығы, біздің рухымыздың қуаты. Жасалуы жеңіл бірақ, қияметте салмағы өте ауыр басатын қасиет. Оны еске алмаған адамдарды Пайғамбарымыз өлікке теңеген. Сондықтан әрдайым Алланы еске алу бізді үмітсіздіктен құтқарып, жанымызға шуақ сыйлайды.

материал «Үміт сәулесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: