22
Жұма,
Қараша

һижри

Алла тағаланың құлына деген сүйіспеншілігі

Алла тағаланың құлына деген сүйіспеншілігі

Иман келтіру

«Оларға: «Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді. Расында, Алла тағала өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айт» («Әли Имран» сүресі, 31-аят).

«Ей, иман еткендер! Араларыңнан кім діннен шығатын болса, біліп қойсын, Алла тағала олардың орнына Өзі жақсы көретін, олар да Оны жақсы көретін бір қауымды әкеледі. Олар мүміндерге өте кішіпейіл, кәпірлерден күшті һәм мерейі үстем болады. Сондай-ақ, Алла жолында күрес жүргізетін әрі сол үшін өздерін жазғырып, кінә тағатындардың жазғыруынан қорықпайтын болады. Міне, бұл – Алланың қалаған құлына ғана нәсіп ететін шексіз рақымы. Аллаһ – аса кең, бәрін білуші» («Мәида» сүресі, 54-аят). Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Расулалла (с.ғ.с): «Алла тағала: «Кімде-кім әулие құлыма дұшпандық жасаса, оған қарсы соғыс жариялаймын. Құлым өзіне парыз етілген құлшылықтардан өзге Маған ұнамды ешбір амалмен (Маған) жақындаған емес.

Сондай-ақ, ол қосымша нәпіл ғибадаттарын жасаған сайын Маған жақындай түсіп, соңында сүйіспеншілігіме бөленеді. Егер оны жақсы көрсем, оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы және жүретін аяғы боламын. Бұндай құлым Менен не тілесе де беремін. Маған сыйынып, пана тілесе, міндетті түрде қорғаны боламын», – деп айтты» – деген (Бұхари, риқақ 38). Яғни, құлымның Маған жақындау үшін жасаған амалдарының ішіндегі Мен үшін ең сүйіктісі оған парыз болған құлшылықтар. Яғни, оның әрбір ісі, тіпті әрбір іс-қимылы Алла тағаланың жарылқауы мен шарапатына бөленетін болады.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла тағала бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейіл періштені шақырып: «Мен пәленше деген құлымды жақсы көремін, сен де оны жақсы көр», – деп бұйырады. Жәбірейіл періште бұл бұйрыққа бірден бойсұнып, Алланың жақсы көрген әлгі құлын ол да жақсы көретін болады. Содан ол көктегілерге: «Алла тағала пәленше деген құлын жақсы көреді, сендер де оны жақсы көріңдер!» – деп жар салады. Мұны естіген көктегі періштелер де әлгі адамды жақсы көре бастайды. Сөйтіп, ол жер бетінде де (адамдардың) ілтипатына бөленеді. Сондай-ақ, Хақ тағала бір құлын жек көрсе, Жәбірейіл періштені шақырып: «Мен пәленше деген құлымды жек көремін, сен де оны жек көретін бол», – деп бұйырады. Жәбірейіл періште бұл бұйрыққа дереу бойсұнып, әлгі адамды жек көретін болады. Сөйтіп, ол көктегілерге: «Алла тағала пәленше деген құлын жек көреді, сендер де оны жек көріңдер!» – деп жар салады. Содан бастап әлгі адам жер бетінде де (адамдарға) жеккөрінішті пендеге айналады», – деп айтты» – делінген (Бұхари, әдәб 41/тәухид 33; Муслим, бирр 157).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: