22
Жұма,
Қараша

һижри

Ашу-ыза мен өшпенділікті емдеудің бес тәсілі

Ашу-ыза мен өшпенділікті емдеудің бес тәсілі

Иман келтіру

Алла ауруды жаратып қана қоймай оның емін де жаратқан.Ашуды емдеу жолдарына келер болсақ:

Шайтанға истиғаза айту.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ал енді сені шайтаннан бір түлен түртсе, сонда Аллаға сиын. Өйткені, Ол әр нәрсені толық естуші, білуші»

Шайтан – адамның ең үлкен жауы. Соңы үлкен өкінішке апаратын ауыр күнәларға итермелеуге қауқарлы. Сондықтан да адам өмір бойы өзінің ең зұлым жауы шайтанмен күресіп өтеді.

Сүлейман ибн Сардтан келген хадисте:  Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) отыр едім екі адам бірін-бірі балағаттай бастады сол кезде бірінің беті қызарып, мойын тамырлары ісініп кетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: «Мен бір сөз білем егер соны айтса, ашуы тарқар еді ол сөз «Ағузу билләһи минашшайтанир раджим».

 

Орын ауыстыру.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Әбу Зардан келген хадисінде айтты: «Егер сендердің бірің ашулансаңдар тік тұрса отырсын, егер ашу кетпесе жантайсын».

Адамның денесінің қозғалуы иілуі ашудың тез тарқауына жол ашады. Ашуланған кезде отырып тұру ол құптарлық әрекет.

 

Сөз таластыруды тоқтату немесе үндемеу.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүбарак хадисінде: «Егер сендердің бірің ашулансаңдар үндемесін».

Кез келген адам басқа адам тарапынан сөз арқылы әртүрлі жолдармен шабуыл жасалса, адам нәпсісі оған дәл солай немесе одан да асырып қайтарғанды қалап тұрады. Бірақ бұл мәселені шешудің жолы емес. Өйткені сөз таластыру әрдайым екі жаққа да сәтсіз аяқталады.

 

Дәрет алу немесе жуыну.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүбарак хадисінде айтты:

«Шын мәнінде ашу ол шайтаннан, ал шайтан болса, оттан жаратылған, отты су өшіреді. Егер сіздердің біреулерің ашуланса дәрет алсын.

Ашуланған кезде адамның жүрек қағысы жиілеп дене қызуы көтеріледі. Бұл процесті тежеу үшін тез арада дәрет алып немесе жуынған абзал.

 

Ашуын ұстай білген адамға Алланың беретін сыйын еске алу.

Ашуын еркіне бағындырып ұстай білген адам үшін Алла тағаланың берер сыйы мол:

1)    Алланың махаббаты нәсіп болады.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді»

Құран аятындағы жақсылық істеушілер яғни ихсан амал жасағандар діндегі ең жоғарғы дәреже – Жәннатқа кіруіне себеп болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Әбу Дәрдадан келген хадисінде: «Ашуланба саған жәннат нәсіп болады» деді.

2)    Алланың ашуынан құтылады.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) бір сахаба мені Алланың ашуына апармайтын нәрсе не дегенде: «Ашуланба» деп жауап берген. Ашу үстінде адам баласы Алладан өзгеден панасы жоқ адамдарға зұлымдық жасап қоюы мүмкін. Содан алыс болғаны абзал.

3)    Иманы күшейеді.

Атақты хадистердің бірінде: «Кімде-кім Алланың ризалығы үшін ашуын тыятын болса оның ішін иманмен толтырады» деген хадис бар.

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: