10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Зұлымдық атаулыны жойып жіберетін үш түрлі күш

Зұлымдық атаулыны жойып жіберетін үш түрлі күш

Иман келтіру

Жаратушы Алла Тағала аятта былай дейді: “Иман келтірген һәм сол иманына Аллаға серік қосу сынды ең үлкен зұлымдықты араластырмағандар бар ғой, міне, солар өздерін қауіпсіздікте сезінуге әлдеқайда лайық. Тура жолда болғандар да солар” (“Әнғам” сүресі, 82-аят).

Жердегі халықтардың тілі, діні, ділі әртүрлі болғанымен, барлығының бір ет пен сүйектен тұруы Жасаушының Дара екенін білдіреді. Ғарыштағы, жер бетіндегі һәм өзінің бойындағы Құдайдың Даралығын дәлелдейтін осындай анық белгілерді көрмей, жарқанат секілді күннен жалтарған адам  – нағыз залым. Оның алдын алудың бірден-бір жолы надандықтан қашып, ақыл, ғылым білім арқылы жүректен зұлымдық атаулыны ығыстыру. 

Ізгілікке ұмтылмай, қоғамға өзіңнің пайдаңды тигізуден қашудың өзі белгілі бір дәрежеде зұлымдық болып есептеледі. Салиқалы амал бар жерде зұлымдық жойылады. Зұлымдық былай тұрсын, күллі адамзатқа пайдалы болу – кәміл мүминнің сипаты. 

Абай залымдықтың емін былай сипаттайды: “Бұлардың емі Халлақына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты тұрлаулы, ғадалат ісінің алды- артын байқарлық білімі, ғылымы болсын…” Абайдың “Халлақына махаббат” дегені – Жаратушы Алланы сүю. “Халық ғаламға шапқат” – күллі жаратылысқа жанашырлық таныту. Ғадалат – әділдік. Демек, адам бойындағы зұлымдық атаулыны жойып жіберетін үш түрлі күш бар:

1. Аллаға махаббат;

2. Әлемге жанашырлық;

3. Әділдікте тұрақты болуға жетелейтін пайдалы ілім мен ғылымды игеру.

материал  «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: