10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Кешірімді болу және надандарға налымау

Кешірімді болу және надандарға налымау

Иман келтіру

Айша анамыздан (р.а.):

«Бірде мен Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Өміріңізде Ұхұд шайқасынан өткен ауыр күн болды ма?» – деп сұраған едім. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деді: «Расында, сенің қауымыңнан (яғни, мүшріктерден) көрмеген қорлығым жоқ. Әсіресе, Ақаба күні солардан көп зәбір көрген едім. Сол күні (Тайфтағы) мүшріктердің алдыңғы қатарлыларының бірі Ибн Абдуялил ибн Абдулкүләлден қолдау көрсетуін өтіндім. Алайда ол маған болысудан бас тартты. Сөйтіп, (олар иман етпегендерімен қоса төбемнен тас жаудырып Тайфтан қуып шыққан соң) мұңға батып келе жатып, есімді жисам, Қарн Сағалиб деп аталатын жерге жетіп қалған екенмін. Басымды көтеріп аспанға қарағанымда, бір бұлттың мені көлеңкелеп тұрғанын байқадым. Анықтап қарағанымда, әлгі бұлттың ішінен Жәбірейіл (ғ.с.) періштені көрдім. Ол маған: Алла тағала қауымыңның саған не деп айтқанын, әрі не істегенін толық естіп білді, сондықтан саған тау періштесін жіберді. Соған қалаған бұйрығыңды беріп (өзіңе қарсы келгендерді жазалай аласың)», – деді. Сол кезде тау періштесі маған сәлем беріп: «Уа, Мұхаммед! Расында, Алла тағала қауымыңның саған не деп айтқанын естіді. Мен таулардың періштесімін. Раббым мені саған жіберді. Қалаған бұйрығыңды бер. Егер қаласаң, олардың төбесіне Ахбашәйнді көтеріп әкеліп тастай салайын», – деді. Сонда мен: «Жоқ. Бар болғаны Раббымнан олардың ішінен Алладан басқа ешкімге (және еш нәрсеге) құлдық ұрмайтын жаңа нәсіл шығаруын тілеймін», – дедім» (Бұхари, бәдғул-халқ 7; Муслим, жиһад 111). 

Әнәс (р.а.): «Бір күні Алла елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге келе жатыр едім. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үстіне жиегі тым қалың әрі қатты Нәжран матасынан тігілген шапан киген болатын. Кенет бір бәдәуи артымыздан жетіп келіп, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шапанынан ұстап қатты тартып қалды. Оның иығында қатты жұлқығаннан қалған киімінің ізін көрдім. Әлгі бәдәуи: «Әй, Мұхаммед! Маған қолыңдағы Алланың дүниесінен бер», – деді. Мұны естігенде ол бәдәуиге бұрылып қарады да, күлді. Содан соң, оған бір нәрселер бергізді», – деген (Бұхари, әдәб 68; Муслим, зәкәт 128). 

Ибн Масғуд (р.а.): «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге бір пайғамбардың басынан өткен оқиғаны әңгімелегені әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Әлгі пайғамбарды қауымы ұрып-соғып, қан-жоса қылса да, жүзіндегі жарақаттан аққан қанды сүртіп тұрып: «Уа, Алла тағалам, қауымымды кешіре гөр! Өйткені олар ақиқатты білмейді», – деп жалбарынған еді», – деп айтты (Бұхари, әнбия 54; Муслим, жиһад 104). 

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: