10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Зұлымдық пен залымдық жасаудың зардабы

Зұлымдық пен залымдық жасаудың зардабы

Иман келтіру

«Қиямет күні, бұл дүниеде) залым болғандарға (адамдарға зәбір көрсеткендерге) жанашыр дос та, сөзі өтетін шапағатшы (ара түсуші) да табылмайды».(«Мумин» сүресі, 18-аят).

Қиямет күні) залымдарға (қиянатшылдарға) қол ұшын беретін бірде-бір жәрдемші болмайды» («Хаж» сүресі, 71-аят). 

Жәбир (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Біреуге зұлымдық жасаудан сақтаныңдар! Шын мәнінде, зұлымдық – қиямет күні (қаскүнем үшін) тастай қара түнекке айналады. Сараңдықтан да бойларыңды аулақ ұстаңдар! Расында, сараңдық сендерге дейінгі қауымдардың түбіне жеткен-тін. Олар сараңдықтың салдарынан бір-бірінің қанын төгіп, (зинақорлық пен өсімқорлық секілді) өздеріне харам етілген күнә істерді адал деп есептеуге дейін барды», – деп айтты» – делінген (Муслим, бирр 56). 

Ибн Омар (р.а.): «Бірде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құзырында отырып, қоштасу қажылығы жайлы әңгіме қозғаған едік. Алайда ешбіріміз де қоштасу қажылығының не екенін (яғни, неліктен олай аталғанын) білмейтінбіз. Сол кезде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдымен Аллаға шүкіршілік білдіріп, мақтау айтып, содан соң бізге Тажал туралы тарқатып айтып берді. Сондағы айтқаны: «Алла тарапынан жіберілген әрбір пайғамбар өз үмбетін міндетті түрде Тажалдан сақтандырып отырған. Хазрет Нұх (ғ.с.) пен одан кейінгі пайғамбарлар да өз үмбеттеріне бұны ескерткен. Егер ол сендер өмір сүрген кезеңде шықса, еш шүбәсіз бұл жайттан сендер хабарсыз, қаперсіз болмайсыңдар. Өйткені, Раббыларыңның бір көзі соқыр емес. Ал Тажалдың оң көзі соқыр, әрі бейне бір жүзімнің шоғынан шығыңқырап қалған жалғыз жүзім секілді томпақ болып келеді. Біліп қойыңдар! Алла тағала осы күндеріңді, осы мекендеріңді және осы айларыңды сендер үшін қалай харам (яғни, қасиетті) қылса, сендерге бір-біріңнің қандарыңды және дүниемүліктеріңді де харам қылды. Сендерге осыны айтып жеткіздім бе?» – деп сұрады. Сахабалар: «Әрине, айттыңыз!» – деді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үш рет: «Уа, Алла тағалам, бір Өзің куә бол!» – деп айтты да (бізге жаны ашып): «Байғұстар-ау! Байқаңдар, менен кейін бір-біріңнің қандарыңды төгіп, кәпір болып кетіп жүрмеңдер», – деп қатаң ескерту жасады», – деген (Бұхари, мәғази 77; Муслим, фитән 100). 

Айша анамыз (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кімде-кім біреуге тиесілі бір сүйем жерді озбырлықпен иемденіп алса, қиямет күні сол жердің жеті қабаты бірдей оның мойнына оралады», – деп айтты» – делінген (Бұхари, мазалим 13; Муслим, мусақат 139). 

Әбу Мұса (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Расында, Аллаһ тағала залымды дереу жазаламай оған мұрсат береді. Ал егер оны жазалау үшін ұстаса, қашып құтыла алмайды», – деп, Құранның «Міне, Раббың зорлықшыл, залым ауыл (тұрғындарының) сазайын осылай береді. Шынында, Оның жазасы өте ауыр әрі қатты» – деген аятын оқыды», – деп айтты», – деген (Бұхари, тәфсиру сура 11/2; Муслим, бирр 61). 

Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Шынайы мұсылман – тілімен және қолымен өзге мұсылман бауырларына зиянын тигізбеген адам. Ал нағыз муһажыр – Алла тағаланың тыйым салғандарын түгелдей тәрк еткен адам», – деп айтты» – делінген (Бұхари, иман 4; Муслим, иман 64). 

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларынан: «Нағыз зиянға ұшыраушының кім екенін білесіңдер ме?» – деп сұрағанда, олар: «Біз зиянға ұшыраған деп қолындағы бар дүниесінен айырылған адамды айтамыз», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Менің үмбетімнің ішіндегі зиянға ұшыраған адам – қиямет күні (дүниеде жасаған) намаз, ораза және зекет секілді ізгі амалдарға қоса анаған тіл тигізіп, мынаған жала жауып, ана біреудің мүлкіне қол сұғып, мына біреудің нақақтан қанын төгіп, енді біреуді ұрып-соғып талай күнә арқалай келген адам. Оның жиған-терген сауаптары анаған да, мынаған да үлестіріліп, мойнындағы кісі ақысы бітпестен сауаптары таусылса, ақысы кеткендердің күнәлары мойнына жүктеліп сол күйі тозаққа тасталады», – деп айтты» – делінген (Муслим, бирр 59). 

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: