«Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген жақсы сөз бар. Жаратылысымыз пенде болған соң, жаңыламыз, сүрінеміз. Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Барлық адам қателік жасаушы» деп бұл ақиқатты білдіріп кеткен. Ендеше, бай болсын, кедей болсын, мейлі ғалым, мейлі жай адам болсын, патша немесе қара болсын, бәрібір кемшілік жасамай тұрмайды.
«Мен қателеспеймін, бәрін дұрыс жасаймын» деген адамның ең үлкен қателігі осы ойы. Ал енді сондай қате қадамдарымызды көрген кісілер ескерту жасап, білмегенімізді білдіріп жатса, ол да бір жақсылық. Адамның өзі де, қоғам да сол арқылы дамиды, ілгері басады. Алайда жұртты сынауға да білім керек екенін біреу білсе біреу білмеуі мүмкін. Мысалы, бастық өзінің қызметшісін шақырып алып ұрса бергенімен, іс бітпейді. Осы тұста адамзат баласының ең асыл тұлғасы, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өнегесі қандай еді? Қателік жасап отырған адамға ескертуді қалай жасайтын? Соны білудің пайдасы мол.
Алла елшісі (с.а.с.) ешбір кінәлі адамды тікелей жазғырмайтын. Оған қатысты ескертулерін жалпы көпшілікке уағыз айтып тұрғандай білдіретін. Бір кісінің бойынан бір кемшілік байқаса, дереу мінберге шығып, соған қатысты жалпы сөз айтатын. Мысалы, бір сахабаның қол жайып, барынша қатты дауыспен дұға жасап жатқанын байқап қалады. Бұл, әрине, дұғаның әдебіне сай келмейтін. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.) сол кісіні шақырып алып: «Неге бұлай жасайсың?» деген жоқ. Жалпыға қатысты етіп мынадай сөздер айтты: «Уа, жарандар! Сендер естімейтін, көрмейтін біреуге дұға жасап жүрген жоқсыңдар. Өздеріңе жандарың ашысын, орта жолдан ажырамаңдар. Сендерге ең жақын әрі дұғаларыңа жауап беретін ұлы Аллаға дұға жасап жатырсыңдар! Ол сендердің дұғаларыңды естиді және жауап береді», – деді.
Тағы бірде бір топ кісі сүйікті Пайғамбарымызға келіп, жамағатқа оқытқан намазын тым ұзартып жіберген бір имамның үстінен шағым жасайды. Тіпті бір кісі тұрып: «Уа, Алланың елшісі! Жамағатпен оқып тұрған намазды тоқтата салуға аз қалдық» деп қалды. Бұл жағдай Пайғамбарымызға ауыр тиді. Бірақ сонда да оның кемшілігін тікелей бетіне басқан жоқ. Тағы да көпшіліктің алдына шығып былай деді: «Уа, халайық! Халықты қашырып жіберетіндей сендерге не болған? Қайсыбірің имам болсаңдар, намазды жеңіл етіп өткізіңдер. Өйткені жамағаттың ішінде ауру-сырқаулар, әлсіз кісілер мен қарттар болады» деді.
Міне, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл тұрғыдағы сүннеті осындай еді. Өйткені ғаламдарға рақым болып жіберілген мейірім жаршысы (с.а.с.) өзгелердің қиналғанын қаламайтын. Кімнің болса да, мақсат-мұратына жетіп, екі дүниеде бақытты болуын қалайтын. Тағы бір ескерілетін нәрсе, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір іске байланысты сын айтқанда, міндетті түрде сол нәрсенің сыры мен хикметтерін түсіндіретін. Сонда ол сынды бір естіген адам бойындағы мінінен түбегейлі арылатын. Мысалы, айқайлап дұға жасап жүрген сахабаға: «Сен дұғаңды айқайлап жасама!» деп жалаң ескерту жасай салуына болар еді. Бірақ бұл жағдайда оның көкейінде «Не үшін?» деген сауал жауапсыз кетер еді. Мәселенің түпкі сырына көз жеткізбеген соң, ертең ол бұл қателікті тағы да қайталауы мүмкін еді. Ал намазды ұзартып оқытқан имам жамағатқа әр түрлі халық жиналатынын бұрын ойламаған да болуы мүмкін. Намазда Құранды неғұрлым ұзақ оқыған сайын жақсы болады деген ойда болуы да мүмкін еді. Ал ақиқатында, ойындағыдай болмай шықты. Сондай-ақ бұл қателікті осы имам ғана емес, өзгелер де қайталауы мүмкін еді. Сондықтан көпшілікке айтылған уағыздан қаншама адам пайда алды. Мұсылмандыққа жарасатын іс те осы болатын. Бейнелеп айтқанда, мұның мысалы көктегі күн сияқты. Қараңғы түнде әркімнің үйіне шағын ғана шам жағылса, оның жарығы сол үйден әрі аспайды. Ал аспанға күн шыққанда бүкіл адам соның шуағына бөленеді. Кемшілікті көпшілікке шағып айтудың бір сыры осында.
Міне, сол секілді бүгінде біреудің кемшілігін айтудың да қыр-сырына мән беруіміз керек. Бастықтар «Жұмыстан кешікпе!», «Қызметіңді дұрыстап жаса!», «Пара алма!», «Көп сөйлеме!», «Кісі ақысын жеме!» деген секілді сан түрлі ескертулер жасауы мүмкін. Алайда бұл сөздердің әсері алысқа бармауы ықтимал. Параны бүгін алмаған адам күні ертең оған тағы оралып жатса, не істейсіз? Параның қаншалықты зиян екенін дұрыс ұғынбаса, бұл жұмыстан кетіп басқа жерге барғанда, осындай жиіркенішті ісін тағы да жалғастыруы мүмкін. Ал әркім өзінің жұмысы үшін бұл дүниеде ғана емес, арғы өмірде де қатаң жауапқа тартылатынын терең сезінсе, қылмыстар мен күнәлі істерге бармасы анық.
Асыл дінімізден қуат алған бұрынғы би- шешендеріміз де жалаң сөйлемей, әр нәрсені өзегімен бірге айтуды жөн көрген. Мысалы, ел арасындағы кикілжің, жанжал, кейбір бозбалалардың жағымсыз мінездерін көргенде, Төле би бабамыз былай деп термелепті:
Арғымақ баптап не керек –
Жабы қуып жеткен соң,
Ағайын-туған не керек –
Аңдысып күні өткен соң,
Бес күн дәурен өтеді –
Ажал қуып жеткен соң,
Бір төбенің басына
Тыға салып кеткен соң.
Түсіне білсек, бұл сөздің астары өте терең. Бүгін елімізде ит пен мысықтай аңдысып жүрген қаншама ағайын-туыстар бар.
Соның бәрі бұл дүниенің өткінші, жалған екенін дұрыс сезіне алмағаннан. Көп кешікпей бәріміз де бір-бір төмпешіктің астына кіріп жатамыз. Сол кезде бізге жолдас болатын иманымыз, дүниеде атқарған жақсы істеріміз. Төле бабамыз жастарға осыны меңзеп отырса керек.
Сөз соңында, Алла Тағаладан сұрарымыз, баршамызға әр нәрсенің түпкі сырлары мен хикметтерін түсінуді нәсіп етсін. Сын айтушыларға ынсап, ал міні барларға соны жоятын күш-қуат берсін.
материал «Ізгілік қалсын әр ізде» кітабынан алынды,
ummet.kz