23
Сенбі,
Қараша

һижри

Ең бақытсыз адамдар – иман деген байлықтан құр қалғандар

Ең бақытсыз адамдар – иман деген байлықтан құр қалғандар

Иман келтіру

Ең бақытсыз адамдар – бұлар иман деген ұлы байлықтан құр қалғандар. Алла Тағала былай дейді: «Кімде-кім Мені еске алудан бас тартып, Кітабымнан сырт айналса, оның дүниедегі тіршілігі таршылық пен қиындыққа толы болады әрі қиямет күні оны көрсоқыр етіп тірілтіп, махшарға да су қараңғы соқыр күйінде келтіреміз» («Таһа» сүресі, 124).

Аллаға иман (сенім) ғана адам өмірін шынайы бақытты, жарық және қуанышты ете алады.

Имансыз кісілер көбіне тіршілік проблемаларынан және бұл жалған дүниенің таусылмас ауыр қиыншылықтарынан шаршап, өз өмірін қиюмен аяқтайды. Қашан пенде Жаратушының жолынан бұрылып кетсе не басынан-ақ бұл жолға түсуден бас тартса, ол өз қалауымен өзін бақытсыздыққа және қараңғылықта тентіреп жүруге душар қылады.

«Олар әу баста қалай сенбеген болса, (бүгін де иман етейік деген ниеттері болмағандықтан) жүректері мен көздерін (ақиқатты көрмейтін һәм мүлдем сезбейтін етіп) теріс бағытқа бұрып жібереміз де азғындап, адасқан күйде мәңгіріп жүре беруіне жол береміз» («Әнғам» сүресі, 110).

Адамзатқа көп ғасырлық әлгі ащы тәжірибесінен кейін, бұл дүниені сақтап қалатын жалғыз нәрсе иман екенін түсінетін мезгіл жетті. Өйткені оның жоқтығы адамзаттың бүкіл тарихындағы барлық жамандықтардың себепшісі болған. Атеизм адамзатқа бақыт алып келген жоқ. Бәлкім, адамзатқа тура жолды көрсету үшін түсірілген Пайғамбарларға иман келтіретін уақыт келген шығар? Бәлкім, Алла Тағаланың Жаратушы, барлық мақұлықтардың Иесі және Басқарушысы екенін танып, Оған мойынсұнып, Оған жеткілікті түрде мақтауларды айтуға мезгіл жеткен шығар?

Пенденің иманы қаншалық күшті болса, ол өзі де соншалық күшті және бақытты.

«Мейлі ер болсын, әйел болсын, кімде-кім мүмін ретінде (Алланың разылығына бөлейтін) сауапты да игілікті істер атқарса, Біз оған міндетті түрде пәк әрі жақсы өмір сыйлаймыз. Сондай-ақ оларды дүниеде істеген ең игі, ең жақсы істерін ескере отырып, сый-сияпатқа бөлейміз» («Нахыл» сүресі, 97).

Ең жақсы өмір – жан-дүниенің тыныштығы. Жаратушыға және оның қасиетті хабарына сенген, оны сүйген, оның қаһарынан қорыққан және оның заңдарын сақтап жүрген кісі тыныш, рақат өмір сүреді. Сондай кісіге ғана ішкі үйлесім (гармония) дегеннің не екені белгілі болады. Ол барлығы алдын-ала Жаратушытарапынан тағдыр болып жазылғанын және болатын нәрсе сөзсіз болатынын біледі. Сондықтан шынайы иман иелеріне еш нәрсе туралы қайғырудың, сары уайымға батудың, еш нәрседен қорқудың керегі жоқ. Өйткені ол Жаратушыға – Иесі, Исламға – діні, Мұхаммедке – Алланың Елшісі ретінде разы болады.

материал «Қайғырма» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: