Өмірде кешірім сұрау керек болатын жағдайлар аз болмайды. Тіпті қателік жасағаныңды біліп тұрып, ашудың буымен де жақыныңның жанын ауыртып алуың мүмкін.
Не керісінше, ойда жоқта ағаттық орын алып жатады. Адамдар кешірімді басқа амалы қалмағаннан сұрамайды. Кешірім сұрамаса, жан-дүниесі дамыл таппайтын жандар қаншама... Әсершіл адамдарды салқынқанды жандардан эмоциясына қарап, бірден танитынымыз белгілі. Эмоцияға берілгіш адамдар тез ренжіп қалады. Тәні емес, жаны жараланады. Сондықтан досыңның, туысыңның, жақыныңның жан дүниесін жаралап алмас үшін кешірімді дұрыстап сұрағаның жөн болады.
Езу тартқыз. Жоқ жерден дау туындап, жақсы көңіл-күйдің талқаны шықса, бұл ситуациядан құтылу үшін өзің ренжіткен адамды күлдіруге тырыс. Әңгіменің аяғын әзілге ұластыр. Ол үшін жақсы анекдоттар мен қызықты оқиғалардың көмегіне сүйен.
Сый жаса. Кешірім сұрап тұрып, сыйлығыңды анаңа, әпкеңе, жалпы қыз баласына ұсына аласың. Жігітке де сый жасауға болады. Керек болып жүрген затын алып бер немесе үй ішіндегі міндеттерінің бірін орындап қой, тіпті болмай жатса, «оның керемет жан» екенін айтып, жылы сөзіңді арна.
«Кешірші мені». «Кешірші» деген сөзді айту оп-оңай болғанымен, жүректен шықпаса, әсері де аз болып, құны жойылады. Сондықтан ренжіткен адамыңның көзіне тіке қарап, жүзбе-жүз кешірім сұрағаның жөн. Ондай мүмкіндік болмаса, хабарлама қалдырып не радио арқылы жеткізсең, нәтижелі болады.
Үнсіз кешірім сұра. Ішіндегі шынайы өкінішін сыртқа дауыстап жеткізе алмайтын жандар аз емес. Егер жасаған ағаттығына шынымен де өкініп, өз кінәсін мойындаса, үнсіз де кешірім сұрауға болады. Ол үшін мұңды жанар, терең күрсініс, жас мөлтілдеген көз де жетіп жатыр. Бірақ ол шынайы болуы шарт!
Кешірім сұрағаннан кешіре білу ауыр. Бір-бірімізді ренжітпейік.
материал «Жігіттің сұлтаны бол» кітабынан алынды,
ummet.kz