19
Жұма,
Сәуір

һижри

Сөз сөйлеу арқылы болатын рия

Сөз сөйлеу арқылы болатын рия

Иман келтіру

Адам уағыз айту, даналық сөз сөйлеу, хадистер мен оқиғалар баяндау арқылы білімінің көптігін көрсеткісі келуі мүмкін және сәләф ғұламалардың жолын жақсы ұстанатынын көрсеткісі келуі мүмкін.

Осылайша адамдардың көзінше зікір етіп, ернін жыбырлатып, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып рия қылады. Күнә амалдарға ашуын көрсетіп, адамдар күнә істегендеріне уайым шегіп, Құран оқығанда дауысты әдемілеп, сол арқылы Алладан қорыққанын және адамдардың жағдайына қайғырғанын білдіргендей болып рия қылады.

Құран мен хадисті жаттап, шейхтармен жүздесіп, жасаған құлшылықтарын айтып, хадис риуаят еткен адамға қарсы жауап айтып, риуаятында кеткен қателерін ашып немесе түзеп, сөзін мінеп, өзін парасатты, хадистерді жақсы білетін ғалым етіп көрсетіп рия қылуы ықтимал және дауласушы тарапты жеңуге тырысып адамдарға білім мен дінде өзінің күштілігін, мықтылығын, беделін көрсеткісі келіп рия қылуы мүмкін.

Ал дүниелік мақсатпен шектелгендер ақындықпен, мақалмен, шешендікпен, тілмарлықпен өзгелердің алдында ерекше көрініп рия қылуы да ықтимал.

Егер адам амалында ақиретте пайда көруді мақсат етпесе, оның амалы толық рия саналады. Ал егер ақиретпен қоса дүниелік пайданы көздесе, аралас рия болады. Аралас рияда адамның жүрегінде ақиреттік мүдде дүниелік мүддеден басым түсуі мүмкін немесе ақирет пен дүниелік мүдде қатар жүруі мүмкін, не дүниелік мүдде ақиреттік мүддеден басым түсуі мүмкін.

Адам Жаратушыға жақсы көрінуді ниет етеді немесе махлұққа жақсы көрінуді ниет етеді. Дүниелік пайдаға мансап немесе байлық, не тән құмарлығын өтеу, не зарарды қайтару жатады. Бұлардың барлығы ақиреттік немесе дүниелік амалға жету үшін құрал ретінде пайдаланылады. Алла Тағалаға құлшылық қылу үшін дүниелік пайданы құрал ету рия емес. Себебі истисқа, истихара сияқты дүниелік қажетті өтеуге көмектесетін намаз түрлері бар. Алла Тағаланың разылығынан басқа мақсат етілген істің бәрі рияға әкеледі.

материал «Әз Пайғамбар хақ жолы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: