23
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Үндемеу және сөйлеу керек болатын уақыт

Үндемеу және сөйлеу керек болатын уақыт

Иман келтіру

Достықтың бір міндеті – тілде: кейде үндемеу қажет, кейде сөйлеу керек.

Үндемеуге келетін болсақ, оның айыптарын сыртынан да, көзінше де айтпай, білмеген сыңай таныту. Оның айтқан нәрселеріне үндемеу және таласып, тартыспау. Оның жағдайын сұрастырып, тыңшылық жасамау. Оны жолда немесе бір шаруамен жүргенінде көрсе, ол өзі мақсатын, келе жатқан жері мен бара жатқан жерін айтпайынша, одан сұрамау. Мүмкін оған ашып айту қиын соғатын болар немесе өтірік айтуға мәжбүр болатын шығар. Өзіне ғана айтып, басқаға айтпаған сырлары жайында тіс жармауы керек. Достықтары үзілгеннен және аралары суығаннан кейін де оның сырларынан ештеңені жарияламауы тиіс. Себебі бұл адам табиғатының нашарлығы мен ішкі пасықтығын көрсетеді. Оның жақсы көретін кісілерін, әйелін және балаларын айыптайтын сөз айтуына болмайды. Ол жайында басқалардың жамандаған сөзін оған айтпауы керек. Себебі біреудің балағаттағанын саған жеткізген адам – сені балағаттағаны. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ешкімге ұнатпайтын сөзін бетіне айтпайтын (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Насаи).

Жанына бататын нәрсе әуелі жеткізушіден, сосын айтушыдан келеді. Әлбетте, ол жайлы айтылған мақтау сөздерді жасыруға болмайды. Себебі қуандыратын нәрсе әуелі мақтауды жеткізушіден, сосын айтушыдан болады. Мұндай жақсы сөздерді жасыру қызғанышқа жатады.

Досына ұнамайтын барлық сөзді айтпауы керек. Тек қана үнсіз қалуына рұқсат болмаған жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюда айтуы уәжіп болған кезде айтуы керек. Мұндай кезде оның ұнатпайтындығына мән бермейді. Бұл сырттай қарағанда жамандық сияқты көрінгенімен, шын мәнінде, оған жасалған жақсылық болады.

Оның және отбасы мүшелерінің жамандықтары мен айыптарын айту ғайбатқа жатады. Досыңның айыбын шұқылауыңа саған екі нәрсе кедергі болады. Бірі – өз нәпсіңнің жағдайына назар аударуың. Егер онда бір жаман қылық көрсең, онда досыңнан көрген нәрсені нәпсіңе ауыр алма. Сенің өз бойыңдағы кемшілікті жеңуге әлсіз болғаныңдай, оның да сол жаман қасиетті жеңуге әлсіз екенін түсін. Бір жаман қылығына бола оны жек көрме. Адамдардың қайсысы тап-таза? Сенің Алла алдында қаншама кемшіліктерің бола тұра досыңның сенің алдыңда кемшіліксіз болуын күтпе. Сенің оған деген міндетің мен ақың, Алланың саған деген міндеті мен ақысынан үлкен емес.

Екіншіден, егер барлық айыптан пәк адам іздесең, халықтың барлығынан жырақтайтыныңды және жолдас болар жан таппайтыныңды жақсы білесің. Кез келген адамның жақсы және жаман жақтары болады. Мүмін кісі әрдайым мырза көңіл болады. Жүрегінде сыйластық, сүйіспеншілік пен құрмет толуы үшін тек қана бауырының жақсы жақтарын ғана көңіліне түйеді. Кінәмшіл мұнафық болса, әрдайым айыптар мен жаман жақтарын көңіліне түйеді. Абдулла ибн Мубарак: «Мүмін жақсыға жориды, мұнафық қателіктерді іздейді», – деген. Фудайл ибн Ияз: «Жігіттің – достарыңның қателіктеріне кешіріммен қарай білу», – деген. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жаман көршіден Аллаға сыйыныңдар! Ол жақсылық көрсе жасырады, жамандық көрсе, жария қылады», – деген (Бухари, Насаи).

материал ««Дін ғылымдарының (қайта) жандануы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: