04
Сенбі,
Мамыр

һижри

Иманды жаңалау қажет пе?

Иманды жаңалау қажет пе?

Иман келтіру

Дінімізде иман (ақида), ислам (фиқһ), ихсан (мораль) атты негізгі үш ұстын бар. Аталған мәселелер Алла Елшісі (с.ғ.с.) баян қылған «Жәбірейіл оқиғасы» хадисінде нақты көрсетілген (Муслим, Иман 1).

Әуелі иман тақырыбына келер болсақ, Жәбірейіл періште: «Иман деген не?» деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Аллаға иман келтіру, Алланың періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне, жақсылық пен жаманшылықтың Алладан болатынына, тағдырға илануың, иман келтіруің» (Ибн Мәжа, Муқаддима 9) деп жауап берді. Бұл мәселені Имам Ағзам Әбу Ханифа өзінің «әл-Фиқһул-Әкбар» атты рисаласында: «Таухидтың негізі және оған дұрыс сенім білдіру үшін Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, өлгеннен кейін қайта тірілуге, тағдырдың жақсылығы мен жамандығы Алладан екендігіне, есеп-қисапқа, таразыға, жәннатқа, тозаққа иман келтірдім әрі осының бәрі хақ деп айтуға міндетті (уәжиб)» деп таратып айтады. Сонымен қатар, Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Иман дегеніміз – тілмен (жоғарыдағы иман шарттарды) айту, жүрекпен сену. Көк (періштелер) пен жердегілердің (момын пенделердің) имандары көбеймейді де азаймайды.  Момындар иманда және таухидте (Алланы тануда) тең де, амалдарда (құлшылық жасауда) әртүрлі болады» (әл-Фиқһул-Әкбар) дейді.

Ханафи мәзһабының көрнекті мутәкаллимі Имам Нәсафи: «Иман – Пайғамбардың (с.ғ.с.) Алла тағаладан алып келгенінің барлығын (жүрекпен) мойындау және (тілмен) растау. Ал амал – иманның өзін арттырады, иман артпайды да кемімейді де. Иман ету керек болған нәрселер белгілі, бұларға иман еткен адам мүмін болып саналады. Сондықтан мұнда арту немесе кему болмайды. Ал істелген игі амалдар иманның қуатын, нұрын арттырады, иман артпайды» (Ақида-Нәсафи) – дейді. Яғни, дәстүрлі Ханафи мектебінің тұжырымы бойынша иман жаңармайды һәм көнермейді. Ал, Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Ислам дегеніміз – Алла Тағаланың бұйрықтарына бағыну әрі бойұсыну. Иман мен исламның тілдік мағынасы екі түрлі, бірақта исламсыз иман, имансыз ислам болмайды. Ислам мен иман бір заттын ішімен сырты сияқты (бірінсіз бірі болмайды)» (әл-Фиқһул-Әкбар) – дейді. Демек, ислам деп – сыртқы пішін, дене-мүшемен іс-әрекет жасауды айтамыз.

«Жәбірейіл оқиғасы» хадисіндегі үшінші тақырып – «ихсан» мәселесіне келер болсақ, мұнда «ихсан»: «Әрбір құлшылығыңда Алла көріп тұрғандай жаса, өйткені сен Оны көрмесең де, Ол сені міндетті түрде көріп тұрады» (Мулим, Иман 1) – деп момын-мұсылманды Аллаға шынайы һәм ықыласты кейіпте құлшылық жасау туралы айтылады. Иә, ихсан ілімі – шариғат тиым салған адам бойындағы азғындыққа итермелейтін індеттерді еңсеріп, Хаққа құлшылықты арттырып, нәпсімен ымырасыз күресіп, рухани кемелденуге шақырады. Бұл пенде үшін ақтық дем шыққанға дейін бітпейтін рухани күрес алаңы болып есептелінеді. Нәпсімен күрес майданында ұтылып қалмас үшін момын-мұсылман ұдайы ілім-біліммен қаруланып, ізгі хәл-мақамдарды игеріп, күн сайын қайыр-ихсан жасауға деген ықыласын арттырып, жаңарып отыруы қажет. 

материал «Аллаға иман» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: