20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Адамның ең басты мақсаты – кемелдену, жетілу

Адамның ең басты мақсаты – кемелдену, жетілу

Иман келтіру

Барлығымыз өмірде жетістікке жеткенді қалаймыз. Кейде сол үшін терең бір ойға шомып армандаймыз. Бірақ «Жетістікке қалай жетеміз? Ол үшін не істеуіміз керек? Қолымыздан не келеді?» деп ойлаймыз.

Жетістікке жету үшін адамда мақсат болуы керек.

Мақсат – белгілі бір нәрсеге қол жеткізуге бағытталған әрекеттің ой-санадағы көрінісі. Сондықтан жетістікке жету жолында мақсат қою маңызды.

Мақсат болған жерде ғана адам өз мінезі мен жүріс-тұрысын тұрақты өмірлік мақсатқа бағындырады, соған жетуде барлық күш-жігерін ортаға салады. Демек, адамның жетістікке алғашқы қадамы – алға мақсат қою.

Жер бетіндегі әр адамның өмірлік мақсаттары мен армандары бар. Адам баласы белгілі мақсатқа ұмтылмаса, өмірі де мәнсіз болса керек. Мысалы, үлкен бір кеме жолға шықты делік. Оның барлық жері сәнді, ыңғайлы, сапалы болып, бірақ компасы баратын бағытты қате көрсететін болса, ол кеменің капитаны кемедегілерді ешқайда апара алмайды. Мұндай кезде бұл кеменің сәнділігі, ыңғайлылығы, сапалылығы түкке де жарамайды. Бұл жерде кішкентай ғана бір құралға (компасқа) қажеттілік бар. Міне, жүректегі мақсат та осы компас секілді. Дене, ақыл қаншалықты құнды болса да, жасалған істер қаншалықты бағалы болып көрінсе де, егер мақсат дұрыс болмаса, адам тек өз-өзін алдайды. Адамның биік дәрежеге жетуі үшін екі нәрсе керек Ол: мақсат пен еңбек. Алға мақсат қоя білу өте маңызды. Өйткені адам мақсатты қалай қойса, ол соған қарай ұмтылады.

«Талап, еңбек, терең, қанағат, рақым – ойлап қой: бес асыл іс көнсеңіз». (Абай Құнанбайұлы)

Мақсат дегенді биік тауға балау керек. Сол таудың шыңына жеткенше, мейлі жығыл, мейлі сүрін, қайта аяққа тұрып талпынамыз. Сол себепті әрбір адам мақсат қоярда биіктердің биігіне ұмтылуы керек. Мақсат көбінесе екіге бөлінеді. Бірі – ұлы мақсат, ал екіншісі – сол ұлы мақсатқа жету жолындағы әрбір іске қойылған кіші мақсат. Ең бірінші біз ұлы мақсатты таңдап алуымыз керек.

Содан соң соған қарай еңбек етеміз. Бір істі бастау үшін әуелі оны мұрат етеміз, осылай болса екен деп тілейміз. Егер олай болмаған жағдайда, бұл іс қолға алынбас еді.

Сондықтан қандай да бір жетістікке жету үшін ең бірінші сол мақсаттарымызды айқындап алуымыз қажет. Атақты ойшыл Конфуцийдің насихаты бойынша адамның ақылды болуы үшін 3 жол бар екен. Біріншісі, жасауы керек іс туралы ойлану, бұл – ең маңыздысы. Екіншісі, алдында жасалған жақсы істерді қайталау, бұл – ең оңайы. Үшіншісі, саралап, қайта жасап тапқан жаңа жол, бұл – ең қиыны.

Олай болса мақсатымызға жету үшін өз жолымызды немесе мақсатымыздың не екенін айқындайық. Ең бастысы, олар нақты, түсінікті, кесіліп-пішілген болсын.

Егер мақсат қояр болсақ, онда не жетеміз, не жетпейміз. Егер мақсат қоймасақ, жету мүмкіндігі мүлдем жоқ. Алға қойған мақсаттарыңыздың бірін айқындап, бар назарыңызды соған бөліңіз және оның іске асуына бар күшіңізді салыңыз.

«Адамның ең басты мақсаты – кемелдену, жетілу» (Абай Құнанбайұлы).

Мысалы, спортпен шұғылданып өзіміздің денемізді, күш-қуатымызды жетілдірсек, ал ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдіреміз. Ал Абай атамыз осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырақ жетілу бар екенін, ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетеді. Оның айтуы бойынша, жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады.

материал «Анық қадам бас» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: