29
Жұма,
Наурыз

һижри

Сен осы сипаттардың қай тобынансың?

Сен осы сипаттардың қай тобынансың?

Иман келтіру

Мұсылмандық дәрежесін дәлелдеу төртке бөлінеді: әуелгісі – адам өз жан-дүниесін танымақ. Білген жөн, Алла Тағаланы танымақтың кілті – өз жандүниенді тани білу.

Әр кісі өз жан-дүниесін таныса, шын мәнінде, ол пәруердігерді де таниды. Бұл туралы нұрлы Алла тағаланың хабарлаған «Фуссулят» сүресі 53-аятында «Көрсетермін оларға құдіретімнің ғаламат нышандарын – өздерін қоршаған жер мен көк, жан-дүниесін – кітаптың шындық екені оларға мәлім болғанша» депті. Бұл сөздің шешуі – бар нәрсе өзіне өзі жуық, әруақытта алдымен өзіңді танымасаң, өзгені қалай танығайсың? Әрдайым өзімді танимын деп айтасың. Танданарсың Алла Тағаланы танымауға ешқандай себеп жоқ деп, төрт аяқтылар да өздерін өздері таниды ғой дерсің.

Ей адам! Сырт-сипатыңды тануда – бас, бет-пішін, аяқ, қол, сүйек, еттен басқаны танымайсың. Ішкі жан-дүниеңнің ақуалын білуден: уақыты келіп қарның ашса – нан жерсің, шөлдесең – су ішерсің, кейде ашуың келсе – бір кісіге тиісіп зәбір берерсің, шаһуат талабымен қатын аларсың – бұлардың бәрі де төрт аяқты хайуанаттарда да бар қасиет. Енді сен өз ақиқатыңды жан-жақты білуге талап қылғайсың. Өз нәсілің не, ол қандай нәрсе, қай жерден кездің және қай жерге барасың? Бұл ғаламның қонақжайына не үшін келдің? Соңыңдағы ұрпақ сені не үшін мадақ етпек? Мұрат-мақсаттарың не? Бұл істерді білгейсің. Бұл сипаттар, жұмбағы көп ішкі жан-дүниеңе жайласқан. Оның кейбірі төрт аяқтылар сипатында, бағзысы диюлар сипатында, бағзысы періштелер сияқты тазалардан. Сен осы сипаттардың қай тобынансың? Көңіліңнің гауһары бұл сипаттардың қайсысын қайтарып тұр және қай сипаттарды өзіңе лайықты не лайықсыз дейсің? Бұларды білгеннен соң, өзіңнің мұрат-мақсат, бақытыңды іздегейсің. Бұл сипаттардың аялап асырайтын қамқор қорегі бар.

Мәселен төрт аяқтылардың мұрат-мақсат қорегі – ішпек, жемек, ұйықтамақ, жыныс қатынасы талабын орындамақ. Егер сен төрт аяқтылардан болсаң, ертелікеш зор беріп ішіп-жеу мен нәпсіңді қанағаттандыру қамын жей бергін. Ал жыртқыштардың басты мұрат-мақсаты – тістемек, ғазап беру, өлтірмек.

Ал диюлардың мақсаты – қулық, сұмдық, айла-шарғы, азғыру ісімен шұғылдану. Егер сен төрт аяқтылар, яғни хайуандар мен жыртқыштардан болсаң, солардың ісімен шұғылдана бер де, солардың істеген ісін өзіме лайықты-ләзім деп біліп, төрт аяқтылардың мұратмақсатына жете бер.

Періштелердің мұрат-мақсаты мен қорегі – Алла Тағаланың дидарына қарай, тамсана таңдану, оның кемелдігіне әуестену. Ғазап, шаһуат – төртаяқтылар мен жыртқыштардың және шайтанның сипаттары. Олардың табиғи болмысы егер сен періштелер гауһарынан болсаң, маңайыңа жол тауып жуи алмас. Өз әсіліңді періштелердің әсіліндей етуге тырысқан күнде тана, Хақ Тағаланы танығайсың. Оның көрікті жамалын танымаққа жол тапқайсың. Хайуанат сипаттары болмысы жаратылысының ішінде нендей қасиеттердің бар екенін біліп алғын. Олардың айуандық сезімі сені тұтқын етпек, өз қызметіне пайдаланбақ, ертелі-кеш сені өзіне тәуелді ету әрекетінде екенінен хабарың болсын. Ал бұл жаман қасиеттерді жөнге салып, өзіңе тұтқын етіп бағындырып ала алсаң, ол дастархандай сенің алдыңда болар. Бұл сипаттарды өзіңе мойын ұсындырып пайдаланғайсың.

Қанша күн бұл ғаламның қонақжайында болсаң, бұл сипаттарды қызметіңе жегіп, бұлардың жәрдемі арқылы алға қойған мұрат-мақсат, бақыт ұрығын қолыңа келтіре біл. Уақтылы сәтімен мақсатыңа жетіп, бақыт ұрығын қолыңа келтірсең, жаман қасиеттерді аяғыңның астына салып, ол бақытыңды баянды еткейсің. Ғалымдардың мұраты, баянды бақыты – Әзіреті күллі ғаламның падишасының жамалының нұры. Ал қарапайым халықтың мұрат-мақсаты – жұмақ жайынан ірге тебу болып табылады. Міне, бұлардың бәрінің мәнмағынасын толық білгенде ғана өзіңді-өзің таныған боларсың. Әрбір кісі бұл жайттардың мән-мағынасын тани бермейді. Олардың несібесі, иманы – кәміл сенімді жолдан аулақ және ақиқат дін жолын танудан құралақан болар.

материал «Бақытқа жету әліппесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: