22
Жұма,
Қараша

һижри

Қандай істерге кешіріммен қарау қажет?

Қандай істерге кешіріммен қарау қажет?

Иман келтіру

Өмірімізде біз дағдыланып қалған ескі ой-өріс, іс-әрекет көп. Біз оларға белгілі бір мақсат үшін емес, олардың өмірімізде бар болғанына әдеттенгенбіз. Кейде біз осы бір маңызды мәселенің есімізге салынуын қажет етеміз.

Біз әдеттенген ескі ой-өрістің немесе ісәрекеттің жалғасын табуы, оны өзгертудің қажеттілігін бізге ұмыттырады. Бұл еңбегіміз арнайы осы тақырып үшін әзірленген десек болады. Өмірде «қандай да бір жайтқа ашулану керек» деген пікірге әдеттеніп қалуың мүмкін. Белгілі бір адамды кешірмеймін немесе бір кісінің саған көрсеткен іс-әрекетін, бойындағы сипатын мүлде қабыл алмаймын, деген пікірге үйреніп қалуың мүмкін. Өзіңді шектен тыс кінәлі сезіну әдетінен арыла алмауың мүмкін. Осындай жағдайда өзіңді, жан дүниеңді қайта түзеуге тырысып, уақыт өте ұмыт қалған бойыңдағы өзіңе белгілі кемшілікке назар аударуың мүмкін. Күш-жігер салмайынша, кешірімді болу қиын. Жақсы қасиетке жету жолында талпынарсың. Бірде кешірсең, бірде оны кешіре алмай қалуың мүмкін. Алайда өміріңнің соңына дейін берілме! Кешірімді болу үшін, күн сайын өз нәпсіңмен күрес. Сонда кешіру қасиеті бойыңда біртіндеп қалыптасып келе жатқанын байқайсың. Кешірім таныту кей жағдайда жеңіл болып, ал кей кездері көрсете алмай, қайтадан кері кетуің мүмкін. Бірақ сен ешқашан берілме.

Кереғар сезімнен туған жан жарасын, жүрек дертін емдеп, өзіңнің болмысыңды, тұлғаңды қабыл алып, өз түр-сипатыңа және өміріңе, сүріп жатқан күніңе риза болуың үшін, кешірімді болуға бар күш-жігеріңді сал.

Жаныңды жаралаған барлық ауыртпалыққа кешіріммен қарауға тырыс. Нәпсіге жақпайтын қандай да бір жайттан, іс-әрекеттен, сын-пікірден ауырсынуың, мазаң қашуы – кешірімшіл болуға мұқтаждығыңның белгісі. Өткен шағыңдағы қате-кемшіліктеріңе, мазаңды қашырған ауыртпалықтарға, өмірде жағымсыз әсер қалдырған дүниелерге кеңшілікпен қара.

Болмысыңды, тұлғаңды қабыл алып, оған кеңшілікпен қарамайынша, өзіңді жақсы көре алмайсың. Өмірде белгілі бір себептің, жағдайдың әсерімен саған қаталдық танытқан ата-анаңа, мұғалімдеріңе кешіріммен қара. Бәлкім олар, сен ешқандай қателік істемесең де, білместікпен, пендешілікпен саған қаталдық көрсеткен шығар. Сен сол кезде олардың мұндай іс-әрекетке барған себебін түсінбеуің де мүмкін. Алайда сен қазір олардың іс-әрекеттеріне мың түрлі жауап іздеп, оларды ақтайтындай пайымпарасатың қалыптасуда. Қандай да бір пенделердің жағымсыз оқиғаларын естіп, оларға жек көрініш сезімің оянған соң, оларды іштей кешіре біл. Саған зиянын тигізбеген ондай бейбақтарға кешіріммен қара. Олардың істегендерінен ішіңді кек кернесе де, өштесу керек деген ойдан аулақ бол. Бір кісі туралы жағымсыз оқиғаны немесе достарыңнан бірінің нашар әрекетке бой алдырғанын естігеніңе бола, жек көріп, іргеңді аулақ салу – трагедия. Бұл мәселені түсінуің үшін, олардың пендешілікке бой алдырғаны сияқты кезінде сен де пендешілікке бой алдырғаныңды есіңе алуың жеткілікті.

Достарыңа кешірімді бол. Егер олардың саған зияны тисе, оларды сені сыннан өткізер өмірдің бірнеше кезеңдері деп біл. Олармен өткізген өміріңнің шақтарынан сабақ ал.

Сені алдаған адамдарға да кешіріммен қара. Ал егер оларды кешіре алмасаң, онда оларға өмірдің саған берген сабағы және өмірден алған тәжірибең ретінде қара.

Өміріңдегі өткен келеңсіз оқиғаларды іште сақтаудың қажеті жоқ. Жаныңа ауыр тиген өткен оқиғаның қайталануына жол бермеуге тырыс. Оны өткеннен сабақ ал қайта-қайта еске алып, өзгелерге айта берме. Жеке бас сәтсіздіктеріңді еске ала берме. Жиырма жыл, отыз жыл, қырық жыл, тіпті елу жыл өтсе де, жанын жаралаған бұрынғы оқиғаларды қайта-қайта еске ала беретін адамдарды білемін. Олар әр кез өткен жан жарасының бетін ашып, асқындырып, оны қан мен іріңге айналдырады. Өткенді айта берме. Сонымен қатар еш нәрсе болмағандай ұмытып та кетпе.

Өткеннен сабақ ал. Өйткені мүмін адамды жылан екі мәрте шаға алмайды. Яғни, бір істеген қателігін қайталамауға тырысады.

«Адамдардың маған істегендерін ешқашан ұмытпаймын» деп айтқан небір уәделеріңді қой. Сен олардың істегендерін ұмыт, бірақ сақтан. Сақтықсыз құр ұмыта салу зардабын тигізуі де мүмкін немесе оң нәтижемен аяқталуы да мүмкін. Бұл енді таңдауыңа қалдырылатын іс.

Басыңнан кешіріп жатқан жайттарға кеңшілікпен қара. Туып-өскен кездегі өмірлік жағдайларды, оқиғаларды тек Алланың тағдыры деп түсін. Негізінде, біз тағдырда жазылған жақсылыққа иман келтіріп, ал онда жазылған жамандыққа иман келтіруді ұмытып жатамыз. Өміріңде өткерер түрлі жағдай, оқиға сені жетістікке жеткізіп, өміріңе ерекше көрініс береді. Егер ол болмаса, өмірің еш ерекшелігі жоқ жай бір оқиға болмақ. Ата-бабаларыңа да кешіріммен қара. Олар өз уақыттарына сай ең абзал шешім қабылдады деп түсін. Қазіргі таңда ата-бабаларыңның себебімен зая болды деген дүниелерге кеңшілікпен, кешіріммен қара. Олар бір жерден көшті ме немесе бір жерді қоныс етті ме, қандай да бір әдет-ғұрыпты ұстанды ма әлде одан айырылды ма, олардың саған қалдырған геніне, қандай да бір істерді елемеді ме, әлде оған мән берді ме, мұның бәріне түсіністікпен қара. Кешірімді болу жаныңмен біте қайнасып кетсін. Тағдырыңда жазылған нәрсе сені айналып өтпейді. Ал тағдырыңда жазылмаған нәрсе саған бұйырмайды, тимейді.

Кешірім танытудан басқа амалың қалмаған кезде, кешіре біл. Басыңнан кешірген кері әсерлерді қабылдап, одан сабақ ал. Өмірді қиындыққа, сынаққа жасымай сүр. Жағымсыз ой мен сезімнің бойыңа тараған уы ешқашан саған дұрыс шешім қабылдауға мұрсат бермейді.

Бәлкім сен кереғар ой-пікірлердің санаңа орнығып алғанын ұмытып кетуің мүмкін. Алайда сен қазір бар пайымыңды, ой-санаңды кешірім ұғымына бағытта. Осылайша сен асыл жаратылысыңа, әуелгі сау болмысыңа ораласың.

материал «Кешірдім» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: