29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Адам ауырғанда кімді кешіру керектігін жүрегінен іздесін

Адам ауырғанда кімді кешіру керектігін жүрегінен іздесін

Иман келтіру

Өзіңмен іштей бірнеше мәрте сөйлесіп, кешірім таныту мүлде оңай емес деген ойға тоқтаған шығарсың. Мен сенімен бұл мәселеде келісемін. Бұған дәлел-дәйектемеміз де бар.

Мәселен, Әнәс ибн Мәликтің бір сахабаның оқиғасы туралы жеткізген хадисте пайғамбарымыз үш күн қатарынан әлгі сахабаның жәннаттық екеніне куәлік етеді. Сонда Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас оның артынан еріп барып, онымен үш күн жүреді. Алайда Абдулла оның күнделікті амалынан артық бір амал істегенін көрмейді. Түнгі намаз да оқымайды. Бірақ ол түнде оянып, төсегінде аунақшыған кезде, өте үстем әрі аса ұлы Алланы зікір етіп, ұлықтайды. Осылайша таң намазына тұрғанша жалғасады. Абдулла оның тек жақсы сөз сөйлегенін ғана естиді. Үш күн өткен кезде Абдулла аталмыш сахабаның амалын азсына бастайды. Содан Абдулла одан: «Ардақты елші айтқан дәрежеге сені не жеткізді?» – деп сұрайды. Ол: «Өзің көрген нәрсе ғана. Мен әр күні түнде ұйықтамас бұрын мені ренжіткен барлық адамды кешіріп, ешбіріне реніш сақтамай ұйқыға кетемін. Алланың олардың біріне берген жақсылығын қызғанбаймын», – деп жауап береді. Абдулла: «Сені бұл дәрежеге жеткізген осы екен ғой. Біздің шамамыз келмей жүрген амал осы», – дейді.

Расында, кешірімді бола беру адамға оңай емес. Дей тұрғанмен бұл кешіре алудың мүмкін екенін жоққа шығармайды. Кешіре білу үздіксіз жан тәрбиесін, нәпсімен күресті қажет етеді. Ынсаптылыққа «эго» араласқан кезде барлық нәрсе ауыр көрінеді. Ынсаптылық танытқан кезде «эго» жоқ болып кетуі керек. Адамның бойындағы «эгоға» тән өзіндік дәреже бар. Ол дәрежені ешкім жоққа шығара алмайды. Ал енді «эгоның» дәрежесі түсіріліп, оған аз көңіл бөлінген кезде бұл нәпсіге оңай соқпайды. Егер жағымсыз ойлар мен сезімдер жиналып, ұмыту ұзаққа созылса, кешіру де қиынға соғады. Әр күніңдегі теріс пиғылдардың бетін сол күні жабуды үйрен. Тіпті сәт сайын пайда болған кереғар әсерлерді сол сәтте ұмытып кет. Ертеңгі күн  – жаңа күн. Жаңа өмір жаңарған сәттен құралады. Өмірдегі өрескел жағдайдан туған сезімді немесе жағымсыз ойды ішіңде ұзақ уақыт сақтаған сайын, одан арылу ауырлай береді. Дер кезінде кешіріп, уақыт оздырма.

Кешірімді болуың өткен мәселелерді жауып, оны ойыңнан толықтай шығарып, жүректе орнығуына жол бермеу арқылы жүзеге асады. Әрине, басында кешіру ауыр болады. Алайда уақыт өте ой-санаң, жүрегің саған пайда бермейтін нәрседен гөрі пайдалы нәрсеге қолданылатын ең үлкен, ең бағалы нығымет екенін түсінесің. Жүрегің мен ойыңдағы әлі еш нәрсе орнықпаған орынды қалай бағалайсың? Мәселен, меншігіңдегі жерді ерекше мақсатқа арнап, мүлкіңнің ішінде орны айырықша, өзгеше болса оны ешқандай бағаға сатпайсың. Сол сияқты асыл жүрек пен ерек сана өзіне кез-келген нәрсені тегін орнықтырып, өзін төмен бағаламайды. Керісінше, ондай асыл нәрсе лайықты тұлғаға лайықты бағамен лайықты орын береді. Өмірдегі түрлі жайт, оқиға, кездестірген түрлі адам барлығы бірдей жүрегіңде, ой-санаңда орын алуға лайықты емес. Әркез өзіңе үңіл. Басыңнан кешірген қандай да бір оқиға, жағдай жүрегімде немесе ойсанамда орын алуға лайық па әлде жоқ па, тексер. Сол сияқты өмірде кездестірген қандай да бір адам есіңде, жүрегіңде қалуға лайықты ма, соған да мән бер. Кешірмеуің оң өзгеріс әкеле ме, әлде тек өзіңе ғана зиян тигізесің бе, соған қара. Мәселен, саған зиян тигізген кісіні алдыңа әкеліп, оған қандай шара қолдансаң да, түбінде, зиянынан құтылатыныңды білсең, сол сәтте не істер едің?

Сен сол сәтте кешіруді таңдайсың. Пікіріме келісесің ғой? Сенде басқа таңдау жоқ. Өйткені бұл - асыл жүрегіңе, өте бағалы ой-санаңа сай келетін жалғыз таңдау. Кек қайтаруға қанша құлшыныс пайда болғанымен, егер күш-жігеріңді, өз қадіріңді білсең, өшпенділігің біртіндеп басылады. Сол үшін ғұламалар: «Кек қайтаруға шама бола тұра, кешірім таныту нағыз мәрт жандардың сипатына жатады», – деген. Өйткені кек алуға, күш көрсетуге шамаң жете тұра ғафу етуің дәрменсіз күйде кешіріп қалудан әлдеқайда артық. Ашуыңды басқарудың, ызаңды тежей білу жолдарын үйрене бастаған кезде, кешіру оңай болады.

«Әл-Имран» сүресінің 134-аятында: «Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, ашу қысқанда ашу-ызасын жұтқандар һәм адамдарға ғафушыл болғандар. Алла ізгілікке жаны үйір жандарды жақсы көреді», – делінген. Ашу қысқан сайын, дәрет алып, намазға тұра қал. Жан дүниең, руханиятың Алланың «әл-Ғафур», яғни «өте Кешірімді» деген есімімен байланыс түзіп, Ұлы Жаратушының осынау қастерлі есіміндегі қасиетті ұғыммен күн кешіп, әрдайым сол есімге жүгініп, мінәжәт етсең, кешірімшіл болуды тілеп жалбарынсаң, кешіре салу саған жеңіл болады.

Пәленше кісіге дұға тілеу, тысқа шығу, ешбір әрекетке бармау арқылы ашуыңды басу сияқты нәпсіні билеудің тәсілдерін пайдаланып, имандылық, руханиятқа жетелейтін қадамдармен жүрсең, кешіре салу саған оңай болады. Кешіруді үйренудің ең бірінші тәсілі ол – ашуды баса білу. Кешірімділік кешірімді болуға тырысумен, ал білім оны үйрену арқылы бұйыратынын есіңе түсір. Егер ықыласты болсаң, одан кейін саған ешнәрсе қиын болмайды. Құран аятында: «Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Сен жамандықтың қарымын ең көркем жақсылықпен қайтар. Сонда қас дұшпаның жан досыңа айналады. Алайда ондай кемелдікке сабырлық танытқандар ғана қол жеткізеді. Сондай-ақ оған ізгіліктен үлесі мол жан ғана қол жеткізбек. Егер сені шайтан түртіп азғырар болса, дереу Аллаға сиын! Расында, Ол бәрін естуші, бәрін білуші», – делінген. Егер кешірімді болу мен кеңшілік таныту жеңіл, ал жамандықтың қарымын жақсылықпен қайтару оңай болғанда, мұның сыйы жәннат болмас еді. Расында, кешіру мәселесі оңай емес. Дей тұрғанмен бұл сабырмен, табандылықпен жүзеге асады.

материал «Кешірдім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: