06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Бәрін кешірсең – уақытыңды үнемдейсің

Бәрін кешірсең – уақытыңды үнемдейсің

Иман келтіру

Қателікті кешіруді, оған көз жұма салуды, кеңшілік етуді ұстанымына айналдырған адамға кешірімнің берер сыйы бар. Кешірімді болу кейбіріміздің көзіне қаймықпай қарауға күш береді. Мен біреудің қателігін, ал ол менің қателігімді кешпейінше, бір-бірімізге ешқашан сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен қарай алмаймыз.

Кешіру бізге таза рух пен бос нәрсемен шұғылдандырмайтын, пайдасыз нәрсеге ермейтін зейін сыйлайды. Өрлеу мен кіршіксіз әлемге жетелей түседі. Кешірудің жеткізер мақсаттары – биік, одан туатын қалау, ниет жоғары. Біреудің теріс әрекетіне килігу немесе өзгеден өш алу сияқты нашар сипаттардан сақтайды. Құранда Алла Тағала біздерге кешірімнің формуласын ұсынған: «Ғафу етіп, кеңшілік жасасын. Әлде Алланың сендерге кешірім еткенін қаламайсыңдар ма? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді». Бұл – нендей ұлы сый. Бұдан ұлы құрмет бар ма?!

Аяттағы «қаламайсыңдар ма?» деген сөздің астарында нендей жұмсақтық пен жақсылыққа жігерлендіру жатыр. Әрине, қалаймыз. Ең ғажабы, адамның бауырына ғафу етуін Алланың бізге ғафу етуімен байланыстырған. Мұнда шексіз үстемдік пен ұлылықтың иесі Раббымыздың бізге үйретіп тұрған тәрбиелік ұлы тәсілі бар. Баршаға үлгі болатын ең ұлы қасиеттер Аллаға тән. Мәселен, балалар өзара ұрысқан кезде аналары тату болуға шақырып балаларының біріне: «Сен қателескен кезде сені кешіргенімді қаламайсың ба?» – дейді.

Мұнда бағыт-бағдар бар, яғни, жаза амалдың түріне қарай беріледі. Қате-кемшіліктен пәк ешкім жоқ. Түбінде барлық адам кешірімге ілінуді қалайды. Бүгін сен адамдарға кешіріммен қарасаң, ертең олардан кешірімді үміт етесің. Кешірімді болудың бізге сыйлайтын ең көркем сыйы – бір-біріне демеу болатын, бірімен-бірі тату өмір сүретін қоғам. Нәтижесінде ондай қоғам қатекемшілікке кешіріммен қарайды. Әділетсіз адамға әділетсіздіктен арылуға көмектеседі. Қателескен адамға кеңшілік жасап, оны ортасына қосады. Ал азаматтарының түзелгеннен соң да, қате-кемшіліктерін ұмытпайтын қоғамдар, негізінде, өз-өзіне қылмыс жасаған болады. Өйткені ондай қоғам айналасына кекшіл, қоршаған ортасынан тыс қалған азамат қалыптастыралы.

Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл.) Сол уақытта алауыздық нағыз достыққа айналып кетеді. Кешірім – кешірім жасаушының дәрежесін көтеріп, барар орнын ұлық етеді. Кешірімді адам біреуге зиян тигізуді жек көреді. Ол біреуге көмек беруге дайын тұрады. Кімде-кім кешірімді болса, ол адам бұл дүниеде бақытты, ал ақыретте жомарттыққа қол жеткізеді. Сондықтан да бұл сипат ислам дінінде де көркем мінезділіктің шыңы болып табылады. Бұл жайлы қазақтың бір туар тұлғаларының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді: Біреудің мінін кешірсең, Құдай да сені кешеді. Бірін де қылмай есірсең, Төбеңді әлі-ақ теседі. Көңілі жұмсақ адамның, Күрмеуін тағдыр шешеді. Пейілі жаман адамның, Орыны дайын деседі. Қате-кемшілік қай кезде де, қай заманда да орын алған. Алайда қоғамның өз қатесін мойындап, қылмысы үшін жазасын тартқан азаматын кешпеуіне мүлде болмайды. Қоғам қателескен азаматын кемсітпей, керісінше, ортаға қосу керек. Ондай азаматты жек көріп, сыртқа теппеуі қажет. Сонда ғана мұндай қатынас қоғамға өштесіп, онда өмір сүруден жиренетін, кешірімшілдіктің құндылықтары мен ұстанымдарын білмейтін азаматты тәрбиелеп, керісінше, кемел ортаны қалыптастырады.

Пайғамбарымыздың заманында болған қанша оқиғаны естідік. Ол замандағы сахабалар қоғамында қандай да бір адам жазасын өтеген бойда, адамдар бірбірімен араласа кететін. Күнәсі үшін кемсітілмейтін. Мәселен, бір сахаба шарап ішуді доғармағаны үшін жазасын өтеуге әкелінгенде, сахабалардың бірі: «Мынаның доғарар түрі жоқ қой! Бұған Алланың лағынеті болсын!» – деп, айтып қалады. Сонда Пайғамбарымыз: «Оны лағынеттемеңдер! Алланың атымен ант етемін. Мен оның Алла және Оның елшісін жақсы көретінін білемін», – деп түзейді. Шын мәнінде, күнделікті өмірімізде мұндай жағдай жиі кездеседі. Әлеуметтік байланыс құралдары қоғамдағы азаматтарының қателіктерін жасырудың орнына жария етіп жатады. Қоғамда өзгелердің қатекемшіліктерін көрген кезде, адамгершілік көрсететін адамдар кемде-кем. Қоғаммен бірге күн кешіп жүрген қандай да бір азамат қате-кемшіліктен өзін ада санап, біреудің сүрінгенін аңдып, оған қуанатындай, қателігін тапқанды жетістік санайтындай деңгейге түспесін. Керісінше, мұндай жағдайда әрдайым ең дұрыс сөз сөйлейтін, ең көркем ұстаным білдіретін азамат бол. Құрандағы қағидаға сай әрдайым сөздің ең көркемін сөйлеуге тиіспіз.

Кешіру мен кеңшілік ету сипаты адамға өзімен келісетін және келіспейтін кісімен үйлесімді мәміле түзуіне көмектеседі. Бұл сипат психиканың байсалдылығын көрсететін қабілеттер қатарына жатады. Мұндай сипатқа ие адам аз. Мұндай психологиялық байсалдылыққа ие жандар барлық адаммен жетістікке, мәмілегерлікке негізделген байланыс түзеді. Осылайша өздері де, өзгелер де пайда алады. Ал аталмыш сипатқа ие емес жандар шолақ қатынас негізінде күн кешеді. Пайдасы жеке басынан аспайды. Өзгелерге пайда тигізе алмайды. Кешірудің кешіретін жанға сыйлайтын есенсаулығынан бөлек, олардың көп жағдайда бітімгер, мәмілегер, өзіне де, өзгеге де үйлесімді қатынас жасайтынын байқайсың. Өзгелермен салыстырғанда жан саулығына бай екенін көресің. Өмірдегі түрлі оқиғалардан туындайтын келеңсіздіктерден алыс болады. Түйіткілдерді кешіріммен, кеңшілікпен шешеді.

материал «Кешірдім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: