Иә, періштелермен дос болуға болады. Бұл әрекет кез келген жағдайда жақсы ойлар желісін алып келеді.
Жүрегің тыныштық пен ризашылыққа толады. Жақсы істерге жәрдемдесіп, өмірге деген көзқарасың өзгереді.
Ибн Масғуд былай дейді: «Адамның жүрегіне келетін ойдың екі арнасы бар: шайтан және періште. Періштенің ойы – жақсылықты уәде ету, хақты растау. Кімде-кім осы нәрсені тапса, ол Алладан екенін білсін. Сөйтіп, Алланы мадақтасын».
Мендегі қалыптасқан әдемі дағдылардың бірі – танымайтын адамға дұға ету. Егер мұңайып, шаршап кетіп бара жатқан адамды көрсем, оған жасырын түрде дұға етемін. Бұл әрекет менің жүрегімді тыныштандырады. Себебі періштелер бауырының сыртынан дұға еткен адаммен дос болып, оған «Саған да соны тілеймін» деп дұға етеді. Шамаң жетсе, саған жамандық қылған адамға да дұға ет, сол кезде Алла теңдесі жоқ жан тыныштығын сыйлайтынын көресің...
материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,
ummet.kz