«Шын мәнінде, адам өзі өзгермейінше, Алла оның жағдайын өзгертпейді» ("Рағд", 11).
Жақсы жаққа өзгеру – бәрінің дерлік қалауы болғанымен, іске асыру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Өмірдің, қоғамның жақсы жаққа өзгеруін құр қалау мен жайланып отырып алып армандау ешнәрсені де өзгерте қоймайды. Үйірілген қара бұлтты сейілтпейді. Тіпті айналадағы адамдар толассыз сынын жаудырып, қоғамға көңілінің толмайтынын айтып жарысса да, құр сөз жаманды жақсартпайды. Өзгеріс – ұзақ уақытты алатын қиын сапар. Өзгеріс – өзіңнен басталып, өзгеден көрініс табатын құбылыс. Сондықтан өзін өзгертуге құдіреті жеткен адамның айналасындағылар мен қоғамды өзгертуде де қауқарлы болады. Алла Тағаланың әлемде орнатып қойған сүннеті өзгермейді де, ауыспайды. Құран Кәрімде айтылғандай: «Алланың бұрыннан келе жатқан жолы – осы. Алланың жолында ешбір өзгеріс таба алмайсың» ("Фәтх", 23).
Олай болса, қоғамның, жағдайдың өзгерісі де – Алланың жер бетіндегі сүннеттерінің бірі. Яғни жағдайдың дұрысталуы адам өзін дұрыстаудан басталады. Міне, бұл – өзгерістің Құрани жалғыз формуласы. Ол – мекеннің ауысып, заманның өзгеруімен өзгермейтін өмірдің өзгермес қағидасы. Оған жер бетіндегі бір адам да қарсы пікір айтып, Жаратушының жаратылыстарына орнатқан қағидасынан аттап өте алмайды. Осы қағиданы бағдарға алып, онымен өмір сүре білген кез келген адамға бақыт есіктері ашыла түспек. Барлық адам өмірінің барлық жағындағы кем-кетіктің түзеліп, жетпегеннің толысып, толыққанды жағдайда өмір сүргенді қалайды.
Мейлі материалдық жағдайы болсын, мейлі рухани, жеке өмірі, болмаса денсаулығының күнненкүнге кемелденіп, дами түсуі – бәрінің ішкі қалауы. Яғни өзгеріс, жақсы өмірге ұмтылыс – адамның дәм-тұзы таусылғанша қол жеткізуге тырысатын талпынысы. Өзгеріс базарда сатылатын тауар немесе басқа ғаламшардан ұшып келіп басқа қонар бақ құсы емес. Ол адамның өз-өзімен тыңғылықты жұмыс жасауы нәтижесінде көзі ашылар әр адамның бойынан бастау алатын қайнар бұлақ секілді. Оған бары екі құрал ғана керек болады, олар: өзгерісті қалайтын шынайы ниет пен қайтсем де, қол жеткіземін деген қайсар шешім. Ал өзгеріске деген қауқарсыздық – көп жағдайда негативті ойлардың жемісі. Себебі жағымсыз ойлар адамға сенімсіздік сыйлап, үміт отын өшіріп, жігерді өлтіреді.
Нәтижесінде ондай адам әлсіздікке душар болып, көңіл қалауларына беріліп, нәпсісіне жеңісті өз қолымен береді. Мұндай шырмаудан құтылып шығудың жолы бар. Аятта «Адам өзі өзгермейінше» деп келгендей жағдайын өзгерткісі келетін адам ең әуелі бар мәселенің өзінде екенін мойындауы керек және өзін жақсы жаққа өзгерткенде жағдайының да түзелетініне сенуі керек. Осындай яқин сенім мен дұрыс пайымнан кейін бір Аллаға тәуекел етіп, себептерін жасауға кіріседі. Өзгеріс жасау – әр адамның қабылдайтын жеке шешімі. Адам күніне жақсы жаққа қарай немесе жаман жаққа өзгертетін шешімдер қабылдайды, соған сай амалдарын қылады. Яғни күнделікті жасап жатқан амалдарымыз бір орында қалдырмайды, я дамытады, я құлдыратады. Сол секілді адамның өзгеруіне оның ойының сапасы да тікелей әсер етеді. Олай болса, тап қазіргі күйің мен санаңда торуылдаған ойларыңа дейін өзгерт. Күнделікті әдеттеріңе дейін қалыпқа келтіріп, өмір сүру сапаңды өз қолыңа ал. Жақсылыққа бастайтын болмашы өзгерістің өзін жасап, өміріңе енгізуді түкке тұрмайтын іс көрме.
Мақсатқа жету алғашқы қадамдардан, ұзақ та ұлы сапарлар кішкентай ғана соқпақ жолдардан бастау алады. Ой тазалығы мен жүрек саулығы арқылы санасы бұзылып, жүрегі қарайғандардан оқ бойы озық болуға тырыс. Өзгерістің жолы қиын, кедергілерге толы. Сонда да бір Алладан жәрдем сұрап, сабыр ет, жемісті күндерден үмітті бол. Адамның жақсы жаққа өзгеруінің шамшырағы – жүректегі иман. Иман хәлді түбегейлі өзгертеді. Жанды тазартады. Мақсат-мұратты шынайы әрі үлкен етеді. Өмірдің мән-мағынасын ұқтырады. Сондықтан Алладан иманымыздың тозбауын сұрап, дұға етуіміз қажет.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz