Бақыт – адамның бәрі армандайтын негізгі мақсат. Оған жету үшін бәрі әрекет жасайды. Сол мақсатқа жету үшін энергиясын да, мал-дүниесін де, уақытын да жұмсайды. Біреу оны материалдық нәрседен іздеп, байлық, малмүлік бақытқа жеткізеді деп ойлайды. Енді біреу оған атақ пен мансап жеткізеді десе, тағы біреу оны әртүрлі үйірмелерден, орталардан іздеп жүреді. Бақытты кітап оқып, өз-өзін дамытып, табамыз дейтіндер де бар. Бақытты іздеудің түрі көп. Әр адам өзінше пікірлеп, өзінше түсінгендіктен бақытты іздеудің жолы да, әдісі де түрлене береді.
Шынтуайтына келгенде, шынайы бақыт Алланың билігінде ғана. Ол оны Өзі қалаған, әміріне бойсұнып, Пайғамбарына ілескен, кітабын жолбасшы еткен пендесіне береді. Кімде-кім шынайы бақытты қаласа, бақытты иелігінде ұстап тұрған аспан мен жердің, ондағы барлығының жалғыз Иесі Алладан ғана жалбарынып сұрасын. «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Бұл тек Алланың шексіз шарапаты мен рақымының арқасы. Ендеше (адамдар) тек осыған ғана қуансын! Өйткені бұл олардың бүкіл жиған-тергенінен әлдеқайда артық», – деп айт» ("Жүніс", 58).
Осы аятта да Алла бақыттың кілті мен негіздерін баяндап берді. Аятқа қатысты тәпсір ғалымдары «Алланың шарапаты» дегеніміз – Құран. Кітаптың сілтемесіне еріп, шариғатын ұғынып, бұйрығына толық бойсұнып, ғибратты оқиғаларына құлақ салып, мысалдарына ой жүгірткен адам дүниелік те, ақыреттік те бақыты осы Құранның негізінде жатқанын біле алады. Құранға ілескен адам ғана өз бақытына жетер жолды қалыптастыра алады. Құран адамға бақытқа жетуге болатын анық, айқын сілтемелер беріп, бақытсыздыққа, сормаңдайлыққа түсіп қалудан сақтайды. Өзіңді Құранға арна, сонда өзіңді бақытқа арнаған боласың. Аллаға жақындап жатқаныңды сезініп Құран оқы. Аяттарға ой жүгіртіп шынайы жан тыныштығының дәмін сезініп көр. Оқи алмасаң, Құран таспасын немесе интернет желісіндегі қырағаттарды тыңдап жайбарақаттанып, оған құлақ салып, тыныштық әлеміне сапарлап қайт. Сол бір сезімді, тыныштық дәмін тағы ұзағырақ татқың келсе, Құрандағы айтылған нәрселерді амалға асыр. Бұйрығын орында, тыйымынан тыйыл. Артынша әлемнің небір миллиардерлері мен билеушілері іздеп таппай жүрген бақытқа қол жеткізе аласың. Сол бір сезімді философтар да, психологтар да, әркімге бақытты болуды үйретіп жүрген әлемдік деңгейдегі коучтар да түсіндіре алмайды. Міне, сол кітап, яғни, Құран – барлық жақсылықтың негізі, барлық бақыттың көзі. Адамды екі дүниеде де бақытқа жетелеуші де сол – Құран. Құран – қияметке дейінгі мұғжиза. Алла ол кітапты аяттарына амал етіп, шариғатымен жүретін, ішіндегі қиссалардан ғибрат алатын адамдар үшін ұлылық пен ұлықтықтың себебі, жолы етті. «(Уа, Құрайыш қауымы һәм күллі адамзат!) Міне, сендерге (екі дүниеде де шынайы бақытқа жеткізетін) барлық қажетті қағидаларды қамтыған һәм атақ-абыройларың да соның ішінде болған Кітап түсірдік. Сонда да ақылға салып, ойланбайсыңдар ма?» ("Әнбия", 10).
Алланың кітабымен өмір сүрген, оны оқып, жаттап, амал етіп, өз өмірінде жолбасшы еткен адам тура бір өзі үшін ақырет күніне элиталы орынды алдын ала тіркеп қойған адамға ұқсайды. Қиямет болып, оған «Дүниеде оқығаныңдай оқы да, жоғарылай бер» деген үлкен құрмет те оның дүниедегі Құранды оқығанының, жаттағанының, амал еткенінің ақыреттік сыйы ретінде беріледі. Қазір әлемде ауру көбейіп, жайылып кеткен. Ғалымдар оның қайдан пайда болып жатқанын да, қалай емдеу керек екенін де білмейді. Сондықтан да қазір барлық жерде тамақтану орындары сияқты көптеген сауықтыру орталықтары мен курорттар ашылып кетті. Бірақ ешкім дерлік ол жерден жан тыныштығына қол жеткізіп шықпайды. Бүкіл әлем шипа-емнің негізі мен көзі не екенін ұмытқандай, тек дәрілік препараттарды ғана егумен шектеле береді. Адам жан тыныштығын таппай, жаны қинала береді. Өзін бір ауру адамдай сезініп, сол бір өзін жегідей жеген нәрсеге ем тапқысы келеді. Оның емі не? Дауасы қайда? Міне – Құран. Ол – адам жауабын таппай жүрген сұрақтың, емін таппай жүрген мазасыз сол бір күйдің дауасы. «Біз Құранда мүміндер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз. Алайда ол аяттар залымдарды тек одан сайын зиянға ұшыратуда» ("Исра", 82).
Құранда жүрек ауруларына шипа бар. Ол тосқауыл сияқты жүрекке әртүрлі жаман нәрселердің кіріп орнығып қалуына кедергі болады. Жүрекке орнығып қалған пенделік оймен асқына беретін уайым-қайғы сынды болмашы нәрселерді шипамайдай (бальзам) ерітіп, ыдыратып жібереді. Сол сияқты, жүрегі қарайып, қатайып, асылыққа асығып тұратын, Алланың әміріне бойсұнудан қалған адамдар үшін де шипа. Дүниелік барлық нәрсеге, қобалжып-қорқуға, сары уайымға, әртүрлі қиындықтар мен ауыртпашылықтарға, жан дүниенің қысылуына қарсы дауа. Еліміздегі өз саласында салмағы бар танымал медицина ғылымдарының докторы былай дейді:
«Құранды көп тыңдау жан дүниеге рахат сыйлап, орнықтырады. Ойы шашырап, көңілі сан-саққа жүгіріп кеткен адамның ойын да, көңілін де бір нүктеге шоғырландыра алады. Көңілі жарым боп, өз ішін бос сезініп жүрген адамдарың кеудесін бақытқа, рахатқа толтырады». Алла Ұлық! Құран тура бір ішімізге еніп, шайтанның бүлдіргені мен адамдардың сындырғанын қайта тіктеп жатқандай. Міне, осы шақыруымыз да бақытты, қуанышты сезінуге шақыру еді. Бақытқа қол жеткізу, қуанышқа кенелу Алланың кітабына бұрылып, оны оқу, жаттау, амал ету, жолбасшы ету арқылы болады. Құранды оқу – жан дүниені тыныштандыра алатын жалғыз жол. «(Уа, Мұхаммед!) Өзіңе айтылғандардың барлығы – пайғамбарлардың өмірінен алынған, сенің жүрегіңді орнықтыратын ғибратқа толы үзінділер. Осы деректерде саған ақиқаттың нақ өзі, ал мүміндерге насихат пен ескерту келді» ("Һуд", 120).
Сондай-ақ Құран жан дүниенің ашылуына да түрткі болады. «Алла кімді тура жолға салғысы келсе, оның көкірегін (яғни көңілін иман нұрымен нұрландырып) Исламға айқара ашады» ("Әнғам", 125).
Құран әртүрлі ауру мен сырқауға да дауа болады. «Уа, адамдар! Шүбәсіз, Сендерге Раббыларыңнан насихат, көкіректегі дерттерге шипа әрі мүміндер үшін тура жол мен рақым болған (Ислам мен Құран) келді» ("Жүніс", 57).
Бақыт пен қуанышты сезін де: ««Бұл – тек Алланың шексіз шарапаты мен рақымының арқасы. Ендеше (адамдар) тек осыған ғана қуансын! Өйткені бұл олардың бүкіл жиған-тергенінен әлдеқайда артық», – деп айт» ("Жүніс", 58).
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz