17
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қарс айырылған көңілдің емі – тәсбих

Қарс айырылған көңілдің емі – тәсбих

Иман келтіру

«Олардың осындай күпір сөздерінен көкірегіңнің қарс айырылатынын, қатты қамығатыныңды Біз жақсы білеміз. Ендеше Раббыңның кемшілік, мұқтаждық атаулыдан ада әрі мінсіз екенін айтып жар сал, әрі Оған мақтау айт! Әрдайым сәжде етушілердің қатарынан табыл. Сондай-ақ дәм-тұзың таусылып, ажалың жеткенше Раббыңа құлшылық ет!» ("Хижр", 97-99).

Жаланың жебесі улы болады. Ол көңілі таза, пейілі пәк адамдардың да жүрегін жаралап, тілгілеп өтеді. Адам әртүрлі жала мен жалған сөздің астында қалып, жүрегі езіле береді. Бұл нәрсе адамның сеніміне де әсер етеді. Сондай сәттен тек қана Аллаға шынайы беріліп, Оған жантәнімен жалбарыну ғана шығарып алады. Адамның көбі басқалардың сөзіне әсерленіп қалады. Басқалардың пікірін, сөзін өз іс-әрекетінің өлшемі етіп алады. Өз өмірін басқалардың сөзімен өлшеп, бағамдайды. Тіпті кейбіреулері басқаның сөзін бақыты мен бақытсыздығының негізі етіп алады. Біреудің сөзі себепті марқайып не қобалжып жүреді.

Айтылған сөз – атылған оқ. Кейбір адамдар не айтып жатқанына мән бермей, сөзінің тыңдаушыда қандай әсер қалдыратынын да елемейді. Айтарын айтып алған соң, саған ескертіп айтып едім деген т.б сылтаулармен ақталғысы келіп тұрады. Мұның бәрі – жалған, өтірік. Ондайлар сөзді сөз айтылған тараптың өмірінің шырқын бұзу үшін айтады. Сол сөз себепті адамның көңілі жарым боп, еңсесі түсіп қалады. Мақсатынан жаңылып, адам қайғы мен қамның астына қалып, сүйретіліп қана тіршілігін жалғастыра береді. Құран Кәрімде де осы қауіпті дерт, яғни «адам сөзі» баяндалып, одан қорғану жолы мен сақтану әдісі айтылған. Сол әдіске сүйенген адам сөзге әсерленіп қалудан сақтана алады. Артынша туындайтын зиян-залалдан аулақ болады. «Олардың осындай күпір сөздерінен көкірегіңнің қарс айырылатынын, қатты қамығатыныңды Біз жақсы білеміз. Ендеше, Раббыңның кемшілік, мұқтаждық атаулыдан ада әрі мінсіз екенін айтып жар сал әрі Оған мақтау айт! Әрдайым сәжде етушілердің қатарынан табыл. Сондай-ақ дәм-тұзың таусылып, ажалың жеткенше Раббыңа құлшылық ет!» (Хижр, 97-99).

Алла Тағала аятта адам сөзінің қатты әсер ететінін айтып, оның салдары ретінде «көкіректің қарс айырылып, қатты қамығуды» атап жатыр. Одан сақтанып, емделудің жолы ретінде «Раббыңды кемшілктен пәктеп, Оған мақтау айт» деп «тәсбихті» (Субхан Алла), «тәхмидті» (Әлхәмдулиллә) айтып, намазға жығылып, сәжде етіп, ғибадат етуге бізді сілтеп жатыр. Өзін адамдардың сөзіне нысана етіп қойған адам, сөз жоқ, өзін жоғалтып, түңіліп, уайым-қайғыға салынып кетеді. Жан тыныштығын ұмытып, оған жету жолын таппайды. Өмірінен бақыттың ізін де көре алмай қалады. Дұрыс болсын, бұрыс болсын, оның өмірі тек басқалардың «былай істе», «былай істеме» деген сөздерінен ғана құралады. Басқалардың сөзімен жүретін, сөзге әсерленгіш адамдар біреу мақтаса, қанат бітіп ұшатындай күйге түседі. Ал айыптай қалса, өлетіндей сары уайымға салынады. Олар – өздерін өздері қамалып, тұтқыны болып қалған «анау айтты», «мынау айтты» деген т.б қамыттан шығаруға мүдделі, ең мұқтаж адамдар. Өздері өздерінше, өз ойымен өмір сүруге тиісті, біреудің сөзіне бола құлпырып, біреудің сөзіне бола түңіліп қалудан құтылуға лайықты жандар. Олай болса, адам неге өз өмірінен де әсер алмайтын басқалардың сөзіне сына беруі керек? Неге басқалардың өміріне араласа беретін біреулердің сөзіне еріп, солардың айтқанымен өмір сүру керек? Көралмаушылар мен кекшілдердің сөзінен қарс айырылған көңілдің емі – тәсбих. Ертелі-кеш, күні-түні шынайы көңілмен, зікір сөздерін айтып, Раббыңды есіңе ал! Себебі сол нәрсе арқылы көңіліңнің құлазығаны кетіп, жүрегіңе тыныштық орнайды. Көп сәжде ету басқалардың сөзінен қаймығып қалған көңілді сергітеді, оған жаңа энергия сыйлайды.

Парыз намаз болсын, нәпіл намаз болсын адамға ерекше күш береді. Пайғамбарымыз да басына бір іс түсіп, уайымдатып қойса, намазға асығатын. Пенденің Раббысына жақын болатын сәті – сәжде еткен кезі. Басымызға бәле түсіп, әртүрлі жалалар жабылып жатқан сәтте Раббымызға дұға етіп, көмек сұраудан артық не көңілге дем бере алады? Зұлымдыққа ұшырап, зәбір көрген, жазықсыз жалаға қалған пенделерінің дұғасын Алла лезде қабыл етеді. Қандай жағдай болмасын, ғибадаттан ұзамай, құлшылыққа бекем бол. Әртүрлі нәрсені сылтау етіп, қолым тимейді деп, не қартайдым деп, пенделік борышыңды тастап қойма. Шайтан әсемдеп қойған әртүрлі нәрсеге алданып, Раббыңа құлшылық етуді ұмытып кетпе. Шайтанның негізгі мақсатына, яғни пендені ғибадаттан қалдыруына өзің жәрдемші болып қалма. Тақуа адам Раббысына ғибадат етумен болады. Сол сәтте де адамның сөзіне еріп кетпе. Не істесең де, не жағдайға тап болсаң да, қандай дәрежеде болсаң да, сөз ететін, айтатын адамдар табыла береді. Мұсылманның өмірдегі негізгі мақсаты – Алланың разылығына жету. Адамның сөзіне ілесіп, адамдардың разылығын табуға түсіп кетпе!

Не істесең де, не айтсаң да, саған ешкім разы болмайды. Сөзге қалып, жазықсыз ауызға ілігіп, ауыр сөздер есітіп жатсаң, одан да ауыр жағдайға тап болған Пайғамбарымызды (с.ғ.с ) есіңе ал. Ол кісіні «шыншыл» деп атаған адамдардың өзі өтірікші деді. Бәрі сеніп, мал-мүлкін аманаттап тапсыратын еді, солай бола тұрса да, «жынданған» деп айыптады. Өздерінің ең тектісі, ең абыройлысы бола тұра, оған «сиқыршы» деп жала жапты. Ешкімнің сөзіне сынып қалма! Тәсбих айт, намаз оқы! Алланың мына бұйрығына бойсұн: «(Уа, Мұхаммед!) Ендеше олардың айтқан сөздеріне сабыр ет және күн шықпастан бұрын һәм батпай тұрып Раббыңа (Сен – мінсізсің. Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік һәм ең көркем есімдер мен теңдессіз сипаттар бір Өзіңе ғана тән, – деп), (ертелі-кеш) мадақ жаудыр!» ("Қаф", 39).

Пайғамбарымыз да ғибадатқа бекем болды, басқалардың сөзін елемеді. Түбінде Алла оған жеңіс сыйлады әрі оны айыптап, жала жапқанның бәрін жермен-жексен етті. Алламен бол, Оған арқа сүйе! Адамдардың сөзіне еріп, оларға тыныштығыңды бұзуға, тұнығыңды лайлауға мүмкіндік берме. Басына қанша қара бұлт төніп, қанша дауыл соқса да, міз бақпай, қасқая қарап тұратын биік мұнар таудай бол! Таспен ұрғанды аспен ұр. Надан біреу саған әлдене десе, оған өз әдісімен жауап берме. Оның өресі жетпейтін кейіпте жауап бер. «Жамандыққа жамандық – әр адамның ісі. Жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі». «Рахманның хас құлдары – жер бетінде сыпайылықтың шегінен аспайтын жандар. Оларға жөн білмес надандар тіл қатқанда (наданмен надан болмай) оларға: «Аман болыңдар!» – деп, өз жөніне кете барады» ("Фурқан", 63).

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: