23
Жұма,
Қаңтар

һижри

Алланың панасында екенін білген жүректе үрейге орын жоқ

Алланың панасында екенін білген жүректе үрейге орын жоқ

Иман келтіру

Алла Тағаланың панасында екенін білген жүректе үрейге еш орын жоқ. Кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жолдасы Әбу Бәкірмен бірге Мәдинаға һижрет жасау сапарында іздерінен мүшріктер түсіп, жандарын алуға асығады.

Сөйтіп, үңгірге тығылып бой тасалағанында төбесінен төніп келген дұшпанды көріп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жолдасын қорқыныш билей бастайды да: «Егер олардың біреуі аяқтарының астына қарайтын болса, сөзсіз бізді көреді», – дейді. Дәл осындай қысылтаяң шақтағы Пайғамбарымыздың сабырлы қалпын, Раббысына деген кемел сенімін, еш үрей мен қорқынышқа берілмеген жүрек тыныштығындағы хәлін Құран аяты былай баяндайды: «Уайымдама! Расында, Алла бізбен бірге!».

Соңында, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сенімі мен Аллаға арқа сүйеуі жеміс беріп, ойла- маған жерден жауыздың жазасынан аман қалады. Бұдан бөлек пайғамбарлар қиссасының бірінде Мұса мен Һарунның жауыз перғауынға дағуат жасауға барар сапары айтылады. Мұса мен Һарун шектен шыққан перғауынның жауыздығынан сескеніп: «Раббымыз! Оның өктемдік қылуынан немесе шектен шығуынан қорқамыз!» – деді. (Алла Тағала болса:) «Қорықпаңдар! Сендермен біргемін. Естимін, көремін», – деді» ("ТаҺа", 45-46).

Осыдан кейін олардың бойындағы қорқыныш сейіліп, үрейленген жүректері тыныштыққа кенелді. Осылайша, өздеріне сенімді түрде қадамдарын нық басып, жауыз перғауынның алдына еш шімірікпестен барды. Алланың өзімен бірге екенін білген құл жеңіске жетеді, руханияттың биік шыңына шығады. Себебі ол жасырын да жария да күнәларға барудан тыйылып, таза жүруге барын салады. Раббымызға бағынуда жарысады. Алланың бірге екенін сезген адам намазын уақытымен оқиды, Алла жолында жұмсалады, тағдырына разы болады. Аятта былай келеді: «Алла (оларға): «Мен сендермен біргемін, егер намазды орындасаңдар, зекет берсеңдер, елшілеріме иман келтіріп, оларға көмек берсеңдер және Аллаға көркем қарыз берсеңдер, әлбетте жамандықтарыңды жойып, сендерді астарынан өзендер ағатын бақшаларға кіргіземіз. Ал сонда сендерден біреу қарсы болса, тура жолдан адасқан болады», – деді» ("Мәидә", 12).

Жақыным! Алланың сенімен бірге екенін барлық хәлдеріңде сезін. Егер жақын жабырқатып, алыс қысым қылса: «Алла менімен бірге!» – де. Уайым мен қорқыныш қоршап алғанда да: «Алла менімен бірге!» – деп көңіліңді қуантып, жаныңды жайландыр. Бойыңды әлсіздік билеп, ешнәрсемен де күресер шамаң қалмаса да: «Алла менімен бірге» – деп күш ал.

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: