03
Сейсенбі,
Ақпан

һижри

Жақсылыққа бұйыру, жамандықтан қайтару кезіндегі әдеп

Жақсылыққа бұйыру, жамандықтан қайтару кезіндегі әдеп

Иман келтіру

Жақсылыққа бұйыру және жамандықтан қайтару кезінде, яғни дұрыстыққа шақыру және бұрыстықтан қайтару кезінде, Алла Тағаланың: «(Адамдарды) Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр» («Нахл» сүресі, 125-аят), – деген бұйрығына сай даналықпен амал қылу керек.

Даналықтың көрініс табуы дұрыстыққа шақырылатын немесе бұрыстықтан қайтарылатын адамның көңіл күйіне және де басқа жағдайына, неге шақыратынына немесе неден қайтаратынына, сондай-ақ қандай ісамалдың көбірек пайдалы әрі әсерлі болатынына байланысты түрліше болуы мүмкін. Сондықтан кей кездерде жұмсақ сөздер мен сыпайы, биязы сөйлеу қажет, ал кей кездерде уағыз-насихат қатты сөздер мен қаталдықты көбірек керек етеді.

Алла Тағала Мұса (аләйһис-сәләм) мен Һарунға (аләйһиссәләм): «Екеуің Перғауынға барыңдар, өйткені ол шектен шыққан. Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін ол үгіт алар немесе қорқатын болар» («Таһа» сүресі, 43-44 аяттар);

«Ей, Пайғамбар! Кәпірлер және мұнафықтармен күрес әрі оларға қатал бол» («Тәубе» сүресі, 73-аят);

«Өзіңе берілген бұйрықты атқаруға әрекет қыл» («Хижр» сүресі, 94-аят), – деген.

Міне, сол себепті де, дұрыстыққа шақырушы немесе бұрыстықтан қайтаруға ұмтылушы адамның өзі белгілі бір қасиеттерге, олардың ішінде мейірімділік, биязылық, әділдік және білімділік қасиеттеріне ие болуы керек.

Суфиян әс-Сәури: «Мына үш қасиетке ие адам ғана жақсылыққа шақырушы және жамандықтан қайтарушы болуы керек: қандай да бір іске шақырғанда мейірімді болған және қандай да бір істен қайтарғанда мейірімділік көрсеткен адам, қандай да бір іске шақырғанда әділ болған және қандай да бір амалдан қайтарғанда әділдік көрсеткен адам, сондай-ақ өзі не әрекетке шақыратынын және неден қайтаратынын білген адам», – деді.

Имам Ахмад (Алла оған рақым етсін): «Егер жамандыққа толығымен берілген, құрмет көрсетуге лайық емес адам болмаса, басқа адамдар дұрыстыққа сыпайылықпен, әдептілікпен және мейірімділікпен, дөрекі мінез көрсетпей шақыруды керек етеді»; «Адамдарды шақырғанда мейірімділік пен биязылық көрсеткен дұрыс. Егер олар дұрыстыққа шақырушыға оған ұнамайтын теріс сөздер айтса, ол өзін өзі жеңуге әрекеттеніп, ашу-ызасына жол бермей, ұстамдылық жасауы қажет»; «Ибн Масғудтың (Алла оған разы болсын) жолдастары өздері ұнатпайтын іспен айналысып жатқан адамдардың қасынан өткенде: «Алла сендерді рақымына алсын, жайырақ Алла сендерді рақымына алсын, жайырақ», – дейтін», – деген.

материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: