«Ол сондай Алла мүміндердің иманын арттыра түсу үшін олардың жүректеріне тоқтау салды. Көктердегі және жердегі әскерлер Алланікі. Сондай-ақ, Алла толық білуші, зор хикмет иесі» («Фәтх», 4).
Адам өмірі түрлі сынақтар мен қиындықтар аялдамасына соқпай өтпейді. Қанша мықты адам болса да, ауыртпашылық кезінде бәрібір демеу мен жанына тыныштық ұялатар жылы сөздерге мұқтаж.
Күнімізде кездестірген екі адамның бірінен күйзелісте жүргенін естиміз. Күйзеліс дерті қоғамды жайлап бара жатқандай. Әлде адамдар жоқ жерден уайым шақырып әсірелей ме, әлде шынымен көпшіліктің жан дүниесі күйзелісте ме? Күйзеліс дерт секілді, адамды іштей жейді.
Өмірдің сапасына тікелей теріс әсер етеді, тіпті адамды өлімге дейін апарады. Дегенмен ол дертке дауа болар дәрі ешбір дәріханада сатылмайды. Егер адамдар Құран аяттарына үңіліп, аят пен хадис мағыналарын түсінуге тырысатын болса, осы бір белең алған қауіпті дерттің дауасын бірден табар еді. Яғни, Алла мен Оның Елшісінің сөздері – жан дүниенің тыныштық табар ұясы. Егер Алла осы тыныштықты бір құлына нәсіп еткен болса, ол адамды ешбір қиындық қайыстыра алмайды.
Алла Тағала «тыныштық» сөзін Құранда бірнеше жерде келтіреді. «Содан кейін Алла Елшісіне әрі мүміндерге тыныштық салды» («Тәубе», 26). Бұл Алла Тағаланың соғыс кезіндегі құлдарына берген тыныштығы болатын. Алланың нәсіп еткен жүрек тыныштығының ықпалымен мұсылмандар жеңіске жетеді. Себебі өз-өзіне деген сенімділік сыйлап, табанды нықтайды.
Жүрегі тыныштың санасы мен ойы да тыныш болады. Оны артық уайым мазаламайды, қиындық түңілдірмейді. Жүрек тыныштығына кенелген адамның тақуалығы да артып, иман ахуалы жақсарады. Дұшпаны жанына жоламайтын болады. Әрі бастаған ісі берекеге кенеліп, табысы мол болады. Өйткені жүрек тыныштығындағы адам ақылымен әрекет етеді, даналықпен шешім қабылдайды әрі әрбір қадамын сенімді түрде нық басады. Оны жүректің тыныштығын қашыратын уайымдар, қорқыныштар мазаламайды.
Жүрек тыныштығы – кәсіп етумен қол жеткізілетін емес, нәсіп етілетін нәрсе. Мұсылман амалын жасайды, ыждаһаттылық көрсетеді, жақсылыққа ұмтылып, ізгіліктің жолында жарысады, бір Алладан туралықты сұраумен болады. Алла болса, құлының еңбегін еш кетірмейді, жасаған амалына сай сый дайындайды, дәрежесін көтереді.
Амал ету, бойсұну, туралыққа ұмтылу – адамның қолынан келетін істер. Ал жүрек тыныштығы – сол амалдардың жемісі. Алланың пендесінің тырысуы үшін берген үлкен сыйы. Жүрек тыныштығы жай күндерде анықталмайды, керісінше қиындық келгенде ғана айқындалады. Мысалы, жақсы, бақытты, бейбіт күндерде тыныштықта болу, алаңдамай байсалдылық таныту бәрінің қолынан келеді. Ал басқа сынақ түсіп, қиындықтың кезеңі басталғанда тағдырына еш налымай, сынақпен көркем түрде қарым-қатынас жасау тек жүрек тыныштығына жеткен адамның ғана қолынан келеді.
материал Аслан Орақбайдың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz