Үтір намазында екі рет қол көтеріледі. Бірі – намазды бастағанда, екіншісі – құныт дұғасын оқитын кезде.
Оған дәлел ретінде, Әбу Ханифадан жеткен риуаятта, сахабалардың көзін көрген, тәбиғиндердің ішіндегі фақиһы саналатын Ибраһим ән-Нәхәъидың мына дәйегін келтіруге болады. Тәбиғин ғалым былай дейді: «Қол жеті жерде көтеріледі: намазды бастағанда (ифтитах тәкбірі), үтір намазындағы құныт дұғасын оқитын кезде, екі айт намаздарында, (Кәғбадағы) қара тасқа сәлем берген кезде, Сафуа мен Мәруаға көтерілгенде (қыблаға қарап қол жайып дұға жасайды), Арафат тауында, екі шайтан тастың қасында тұрғанда (кіші және үлкен шайтан тасқа тас лақтыру кезінде дұға жасағанда қол көтеру)»1.
Көптеген сахабалардан хадис үйренген тәбиғин ғалымның мұндай мәліметті өз ойынан айтпасы анық, демек оның бұл дәйегі сахабалардан естіген риуаятқа сүйеніп айтылғандығын топшылауға болады.
Осы риуаятта «үтір намазындағы құныт дұғасын оқитын кезде...» делініп тұр. Бұдан түсінетініміз: үтір намаздың үшінші рәкәғатында, «Фатиха» мен «Зам» сүрені оқып болғаннан кейін, «Аллаһу әкбар» деп екі қолды көтеріп, қайта қол байлап, артынан құныт дұғасын оқимыз.
1 Имам Тахауи (р.а.): «Шәрху Маъаниль Әсәр» - Бәбу рофғил йәд, ъиндә руятиль бәйт»
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz