21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Шұлықсыз жалаң аяқ намаз оқудың үкімі қандай?

Шұлықсыз жалаң аяқ намаз оқудың үкімі қандай?

Намаз

Ер кісілердің шұлықсыз намаз оқулары еш ағат емес. Үкімі – мубах, яғни, рұқсат.

Өйткені, Пайғамбарымыздың да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жалаң аяқ оқығандығы сахих хадистерде айтылады. Мәселен, сахаба Абдулла ибн Амрден жеткен хадисте, Ол (Абдулла ибн Амр) былай дейді:

«Мен Алла елшісінің (с.а.у.) жалаң аяқ та, тәпішкемен де намаз оқығандығын көрдім»[1] - дейді.

Осы хадистен жалаң аяқ намаз оқудың мубах екендігін ұғынуға болады. Тіпті Имам Нәуәуи (Алла одан разы болсын) «тәпішкемен оқыған абзал ма, жалаң аяқ оқыған абзал ма?» деген сауалға – "Жалаң аяқ оқыған абзал" деп жауап берген. Ол (р.а) былай дейді:

«Намазды (аяқ киімді шешіп) жалаң аяқ оқыған абзалырақ. Өйткені, Алла елшісі (с.а.у.) көбінесе солай оқитын. Кей уақыттарда тәпішкемен оқыған кездері де болды, онысы олай да оқуға болады дегенді ұғындыру үшін...» - деп жауап берген[2].

Біздің мәзхабта да ер адамдардың жалаң аяқ намаз оқулары әбес емес. Олай оқудың мәкруһ екендігіне орай кітаптарда үкім кездеспеген.

Ал, әйел кісілердің намазды жалаң аяқ оқуларына қатысты Ханафи мәзхабында екі ұдай тұжырым бар[3]. Дегенмен, Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша, әйел кісілерге намазды жалаң аяқ оқи берулеріне болады. Абзалы, әрине, әйел кісінің шұлық киіп оқуы. Әйтсе де, жалаң аяқ оқыса да намазы дұрыс.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

 

[1] Ибн Мәжә: «Сүнән». Сахих.
[2] Фәтәуә ән-Нәуәуия – Китабус саләт – ас-Саләту биннәъләйн.
[3] Имам Маусули әл-Ханафи: «Әйелдің аяғына қатысты екі риуаят бар. Дұрысы – әйелдің аяғы намазда ғаурат емес, намаздың сыртында ғаурат». (Имам Маусули: «Ихтияр» - Китабус саләт).

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: