«Құныт» сөзінің қазақша мағынасы – "дұға", "тілек", "намаздағы қиямды созу" деген мағаныларға саяды. Құныт дұғасы деп, үтір-уәжіп намазының үшінші рәкәғатында фатиха және зәм сүре оқылғаннан кейін рукуға бармай құлақ қағып оқылатын дұғаны айтамыз.
Құныт дұғасы ретінде мына дұғаны оқу сүннет: «Аллаһумма инәә нәстә’иинукә уә нәстағфирукә уә нәстәһдик, уә ну’мину бикә уә нәтуубу иләйкә уә нәтәуәккәлу ’аләйкә уә нусни ’аләйкәл-хайра күлләһу нәшкурукә уә ләә нәкфурук, уә нахла’у уә нәтруку мәй иәфжурук. Аллаһумма ийәәкә нә’буду уә ләкә нусалли уә нәсжуду уә иләйкә нәс’а уа нахфид. Наржу рахмәтәкә уа нахшә ’азаабәкә иннә ’азаабәкә бил куффари мулхиқ».
Мағынасы: «Аллаһым, біз күмәнсіз Сенен жәрдем және кешірім тілеп, тура жол, һидаят сұраймыз. Саған иман етіп, күнәларымыз үшін тәубе етіп, Өзіңе арқа сүйейміз. Сені барлық жақсылықтармен мадақтап, зікір етеміз. Бізге берген ырыс-берекеңе шүкір етеміз. Сені теріске шығармаймыз. Саған қарсы келгендерді теріске шығарып, олармен мүлдем байланысымызды үземіз.
Аллаһым! Біз тек Саған ғана құлшылық етіп, сен үшін намаз оқып, саған сәжде етеміз. Саған лайық құл болып, сенің разылығыңды алу үшін жігерленіп, қайраттанып алға ұмтыламыз. Рақымдылығыңнан үміттеніп, азабыңнан қорқамыз. Күмәнсіз, азабың кәпірлерді қамтиды».
Дегенмен міндетті түрде аталмыш дұғаны оқу шарт емес. Өйткені хадистерде құнут дұғасы ретінде түрлі дұғалар айтылған. Осыған байланысты, жоғарыда көрсетілген дұғаны білмеген кісі «Рәббәнә әтинә» дұғасын оқыса немесе «Аллаһуммағфирли» деп, іштей үш рет айтса, Құнут дұғасының орнына жүреді дейді Ханафи ғалымдары[1] .
[1] Ибн Ғабидин: Раддул мухтар – 2/442 бет; әл-Һадиятул Аләия – 95 бет.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz