06
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Намазға айтар сылтау: «Жұмыс орнында рұқсат бермейді»

Намазға айтар сылтау: «Жұмыс орнында рұқсат бермейді»

Намаз

Кей адамдардың намазға айтар сылтаулары – «Жұмыс орнында рұқсат бермейді».

Шынымен де кейбір жұмыс орындары, фабрикалар жəне ресми мекемелерде əкімшіліктегілер жұмысшылардың намаз оқуына рұқсат бермейді. Бірақ мынаны да ұмытпаған абзал, қайсыбіріміз бір жұмыс орнында 24 сағат жұмыс жасаймыз? Сондай-ақ, бес уақыт намаз үнемі жұмыс уақытына дөп келе ме? Əрине, əрқашан олай бола бермейді. Бірақ неге екені белгісіз, намаз оқуға келгенде нəпсіміз жоқ жерден сылтау тауып, осыны үлкен бір кедергі етіп көрсетеді. Олай болса жұмыс орнында өтеуіміз керек болған намаз – бір уақыт намаз, ары кетсе үш уақыт болады.

Жаз мезгілінде əлдеқайда оңай оқи аламыз. Ал қыста күннің қысқаруына байланысты намаз уақыттары да жақындай түседі. Намаз уақыттары еліміздің шығысы мен батысында шамамен бір сағаттық айырмашылықта. Сондықтан шығыс жағында біраз қиыншылық тудыруы мүмкін. Өйткені бесін, екінті жəне шам уақыттары жұмыс сағатына дөп келеді. Мұндай жағдайда не істейміз? Бесін намазын түскі ас уақытында оқи аламыз. Екінті намазын біраз кешіктіріп, екінті дəретімен шам намазын да өтей аламыз. Кей адамдар ұзақ уақыт бір дəретпен жүре алады. Олар үшін онсыз да дəрет мəселесі жоқ. Егер намаз оқу жұмыс орнымызға ерекше көзге түсетіндей болса, тек қана парызын өтеуіңізге болады.

Тіпті парыздың ішіндегі сүннет пен мұстахабтарын тастап, тек парыз бен уəжіптерін орындауыңызға болады. Осындай жағдайларда уақытты тиімді пайдалану үшін «субханəкə» мен «аттахияттан» кейінгі дұғаларды оқымастан, рүкуғ пен сəждедегі тəсбихтерді де бір рет айтуыңызға болады. Себебі сүннет пен нəпілді орындаймын деп парызды біржола тəрк ету қаупі бар. Егер əскер, мемлекеттік қызметкер сияқты жағдайларда ешбір уақыт намаз оқуыңызға рұқсат берілмесе əрі үлкен мəселелер туындайтын болса, бесін мен екінтіні, шам мен құптанды біріктіріп алдын алуға болады немесе кешіктіріп оқу мəселесін осы жерде де қарастырып көруге болады. Бір хадисте былай делінген: «Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) ешқандай қорқыныш жоқ жəне жолаушы болмастан бесін мен екінтіні, ақшам мен құптанды біріктіріп оқыды» (Кутуб Ситта, 8-т., 401-б)

Ислам ғалымдарының көпшілігі қорқыныш жоқ жəне жолаушы емес болса, намаздарды біріктіріп оқуға қарсы шыққан. Алайда ибн Аббас (р.а) сияқты жоғарыдағы хадиспен амал жасағандар да болған. Ибн Хажар мұны «мұқтаждық» шартымен байланыстырған. Айтылған кеңестеріміз барлық адамдарға сай келе бермеуі мүмкін. Сіз өз жұмыс орныңыздың шарттарына қарай бір жолын табасыз. Бірақ мынаны міндетті түрде естен шығармауыңыз керек: шынайы ниет, ынта жəне жоспармен намаз үшін əрдайым ең қолайлы шешім жасай аласыз. Шын қаласаңыз, бар нəрсе болады жəне жетістікке жетесіз. 

материал «Таң намазына тұрғың келсе...» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: