Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын). Ол:
«Алла елшісі (с.а.с.): «Біреуің намазында күмәнданып, үш әлде төрт, қанша ракағат оқығанын біле алмай қалса, күмәнді тастап, өзі сенімді болғанын негізге алсын. Содан кейін ол сәлем беруден бұрын екі сәжде жасайды. Егер ол бес (ракағат) оқыған болса, бұл (сәжделер) оның намазын жұп етеді. Ал егер толық төрт (ракағат) оқыса, бұл екеуі шайтан үшін қорлау болады», – деп айтты», – деген (571/88).
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын). Ол: «(Бірде) Алла елшісі (с.а.с.) бізбен бірге екі кешкі намаздың бірін – я бесін, я аср (намазын) оқыды. Ол екі ракағатта сәлем берді де, содан кейін мешіттің құбыласындағы (ағаш) дөңкесіне келіп, ашулы күйде оған сүйенді. Адамдардың ішінде Әбу Бәкір мен Омар да бар еді. Ол екеуі (Пайғамбармен (с.а.с.)) сөйлесуге бата алмады. Асыққан адамдар сыртқа шығып: «Намаз қысқарды ма?»( – десті). Сонда Зул-Йәдәйн орнынан тұрып: «Уа, Алланың елшісі! Намаз қысқарды ма, әлде ұмыттың ба?» – деп (сұрады).
Пайғамбар (с.а.с.) оң жағына және сол жағына қарап: «Зул-Йәдәйн не айтып тұр?» – деді. (Адамдар): «Ол рас айтты. Сен екі ракағат қана оқыдың», – деді. (Сол кезде Пайғамбар (с.а.с.)) екі ракағат намаз оқып, сәлем берді, сосын тәкбір айтып, сәжде жасады. Сосын тәкбір айтып, (сәждеден басын) көтерді. Сосын (тағы да) тәкбір айтып, (қайтадан) сәжде жасады. Содан кейін тәкбір айтып, (сәждеден басын) көтерді», – деген. (Мұхаммед ибн Сирин): «Маған Имран ибн Хусайннан оның: «және сәлем берді», – деп айтқаны жайлы хабар жетті», – дейді (573/97).
материал «Муслимнің сахих хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz