Ғұруа ибн Зубәйрден. Пайғамбардың (с.а.с.) әйелі Айшаның (Аллаһ оған разы болсын) оған хабарлауынша, Пайғамбар (с.а.с.) намазда:
«Аллаһуммә, инни аъузу бикә мин азәбил-қабр, уә аъузу бикә мин фитнәтил-мәсихид-дәжжәл, уә аъузу бикә мин фитнәтил-махйа уәлмәмәт! Аллаһуммә, инни аъузу бикә минәл-мәсәми уәл-мағрам.
(Уа, Алла! Өзіңнен қабір азабынан пана сұраймын, Өзіңнен Мәсих Дажжалдың бүлігінен пана сұраймын, Өзіңнен өмір мен өлімнің бүлігінен пана сұраймын. Уа, Алла! Өзіңнен күнәкарлық пен қарыздарлықтан пана сұраймын)!» деп дұға қылатын.
Біреу оған: «Қарыздарлықтан неге сонша көп пана сұрайсың, уа, Алланың елшісі?» – деп (сұрақ қойды). Сонда (Пайғамбар (с.а.с.)): «Расында, кісі қарызға батқанда, сөйлесе – жалған айтады, ал уәде берсе – орындамайды», – деді (589/129).
Әбу Бәкір әс-Сыддықтан (Алла оған разы болсын). Ол Алла елшісіне (с.а.с.): «Маған онымен намазымда және үйімде дұға жасайтын бір дұға үйретші», – деп (өтінгенде, (Пайғамбар (с.а.с.)): «Аллаһуммә, инни заләмту нәфси зулмән кәбиран ((басқа) бір риуаятта: кәсиран), уә лә йағфируз-зунубә иллә Әнтә, фағфирли мағфиратан мин ъиндикә уархамни, иннәкә Әнтәл-Ғафурур-Рахим!» (Уа, Алла! Расында, мен өзіме үлкен ((басқа бір риуаятта: көп) әділетсіздік жасадым, ал күнәларды кешіретін Сен ғанасың, мені Өз алдыңнан болған бір кешіріммен кешіре гөр және маған рақым ет! Өйткені Сен – өте Кешірімді, аса Рақымдысың)!» деп айт», – деген (2705/48).
материал «Сахих әл-Бұхаридың хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz