Намаздың ішінде жасалмаса да, намаз дұрыс болуы үшін жасау керек сыртқы шарттар бар. Ол әрекеттерді жасау барысында да, әдеп сақтап жүректі таза ұстау маңызды.
Азан
Ең ұлы шақырушы - намазға шақырып айтылған азан. Ол құтылуға, Алланың разылығына шақырады. Азанды естігенде жүрегіңізді тыңдап көріңіз. Жүрегіңіз азан естігенде қуанып, намазға асыға ма әлде бағана ғана оқыған едім деп, қайтадан уақыт келіп қалды ма деп қинала ма?
Дәрет
Дәрет - тазалық. Намаздың дұрыс болуы үшін дәрет болуы шарт. Дәрет алғанда да адам жүрегіне үңілу керек. Сыртқы кірді кетіргенмен, жүрегімдегі кірді Алла біледі, Оның алдымен есепке алатыны менің жүрегім деп, күнәлар үшін уайымдау.
Әурет
Әуреттің жабық болуы - намаздың шарты. Намаз сыртында адамдардан әуретіңізді киім арқылы жаба аласыз. Бірақ ішіңіздегі кемшіліктерді, жаман ойларды Алладан жасыра аласыз ба? Сол үшін адам көбірек истиғфар айтып, тәубе жасап Алладан ұялуы керек.
Құбылаға жүзді бұру
Тек денемізді ғана құбылаға бұрып қоймай, жүрегіміз, жан дүниемізбен құбылаға бұрылуымыз керек.
Тәкбір тахрим
Әр тілден шыққан сөзді жүрек растап тұруы керек. "Аллаһу Акбар" деп намазға кіргенде, Алла бәрінен Ұлы, Жоғары деп жүректен де сол сезімді шығару.
материал «Ихия-улумид-дин» кітабынан алынды,
ummet.kz