16
Сәрсенбі,
Қазан

һижри

Дүйсенбі, бейсенбі күндері ораза ұстаудың маңызы

Дүйсенбі, бейсенбі күндері ораза ұстаудың маңызы

Ораза

Құлшылық амалдар парыз, уәжіп, нәпіл болып бекітілуіне байланысты сауабы да әртүрлі деңгейде болады. Нәпіл ораза тұтқан мұсылман парыз және уәжіп оразалардың сауабын ала алмағанмен, бұл ғибадат пендені Аллаға жақындататын қайырлы амалдардың бірі болып есептелінеді. Мұсылман нәпіл оразаны ұстауға міндетті емес.

Дегенмен, нәпіл оразаны шын ықыласпен ұстаса, оның сауабы телегей-теңіз. Алла Елшісі (с.ғ.с) өзінің мүбәрак хадисінде: «Қандай да бір пенде  Алланың жолында бір күн ораза тұтса, Жаратушы сол күннің құрметіне оның жүзін жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады», – деп нәпіл оразаның мәртебесін ұлық етіп көрсеткен.

Алла Елшісі (с.ғ.с) өзі нәпіл оразаға ерекше ден қойып, бұл ғибағатты ынты-шынтымен атқарған. Айша (р.а.)  анамыз жеткізген бір хадисте: «Хақ Елшісі (с.ғ.с) Дүйсенбі мен Бейсенбі күндері ауыз бекітуге ерекше мән беретін еді», – (Тирмизи, Саум, 44) деп айтады. Сонымен қатар, діни деректерде адамдардың жасаған амалдары Хақ Тағалаға осы күндері ұсынылатындығы баяндалады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүйсенбі мен бейсенбі күндері аса ынтызарлықпен нәпіл ораза ұстаған.

Сахабалар Алла Елшсінен (с.ғ.с) дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза тұтудың хикметін сұрағанда, Ол (с.ғ.с): «Ол күндері мен туылдым және маған алғаш рет уаһи келді» (Ахмад: Уасика) деп жауап берген. Алла Елшісі (с.ғ.с) басқа бір хадис-шарифінде: «Жұмақтың есіктері дүйсенбі мен бейсенбі күндері ашылады» (Муслим: Саум) деп бұл күндердің артықшылығын айтқан. Одан басқа да Алла Тағаланың осы күндері пенделерінің күнәларын кешіретіндігін баян еткен хадистер бар. Яғни, аталмыш күндері нәпіл ораза ұстаудың мәні өте зор.

ummet.kz

 

Бөлісу: