22
Жұма,
Қараша

һижри

Оразаның жеке тұлғаға пайдалары

Оразаның жеке тұлғаға пайдалары

Ораза

Адам баласының тәні мен қатар жаны да бар екені белгілі. Бұл сынақ әлемінде жаны жоқ тәннің мәні жоқ секілді, тәнсіз де жанның маңызы жоқ. Ішіп-жеу, жасаған іс-амалдары, жасаған құлшылықтары оның жаны мен тәніне өзіндік ықпалын тигізеді.

Аузына салған бір түйір ас сырттай қарағанда елеусіз болып көрінгенімен оның адам рухына да өзіндік әсері бар. Ал ағзаларының қозғалысы тәнге пайда берумен қатар рухқа да белгілі бір дәрежеде ықпал етеді. Кісінің бойындағы сезімдерін дамытып, кемелдендіруі тұрғысынан оразаның ерекше рөлі бар. Оразаны жиі ұстаған кезде рухани қабілеттер жетіліп, жүрек көзі ашыла түседі. Ал тек қана асқазанның қамын ойлап, алдына не келсе соны ойланбай жеп, нығметтердің қадірін ұғынбаған жанның рухани қабілеттері өшіп, хайуани қасиеттері басым бола бастайды. Өз кезегінде ораза нығметтердің қадірін ұқтырып, шүкіршілікке үйретеді.

а) Ораза тәнді тынықтырады

Жарық дүниеге көзді ашар-ашпас қызу қызметке кірісіп кететін ас қорыту жүйесінің тынығуға қажеттілігі бар екенін қазіргі таңда медицина да мо-йындап отыр. Жылдың бір айында тәнге сергектік беретін оразаның осы тұрғыдан пайдасы шаш етектен. Асқазан фабрикасының қызметкері көп-ақ. Әрбір қызметкердің өзіне тән құрал-жабдығы бар. Егер адам нәпсісі бір ай бойы күндізгі уақытта асқазанды тынықтырмаса асқазандағы қызметкерлердің жеке өзіндік құлшылықтарын атқаруына мүмкіндік бермеген болып табылады. Онда адамның басқа ағзалары да солардың ыңғайына көшіп, өзіндік негізгі міндеті құлшылықтарын ұмытады. Нәпсі оларды өз дегеніне көндіріп, айтқанымен жүргізген, оларға өз билігін үстем еткен болып есептеледі. Алайда олар да өз әдетінше Алла тағалаға құлшылық етуге міндетті. Сол себепті көптеген әулиелер кемелдік шыңына жету үшін тақуалық жолды ұстанып, аз ішіп, аз жеуге ерекше көңіл бөлген. Ал Рамазан айында асқазанның барлық қызметкерлері тек нәпсінің қалауын орындау үшін жаратылмағандықтарын ұғынады. Тек сол асқазан фабрикасына тән қызметкерлер емес екендігін сезінеді. Адамның басқа ағзалары да сол сәт Рамазанның періштедей пәктік қасиетінен ләззат алып, назарын бір сәт рухани тыныстауға, рухани жан-дүниенің байлығына аударады. Сол себепті мұсылмандар Рамазан айында өз дәрежелеріне қарай түрліше нұр шұғылаға кенеліп, түрліше рухани ләззат пен айран-асыр қуанышты бастан кешеді. Ол қасиетті айда ауыз бекіту арқылы жүрек пен рух, ақыл мен сана тазарып, адамның ең бір сыршыл сезімдері де асқақтап керемет тылсым күйге тап болады. Асқазан ашыға түскен сайын олар рухани кемелденіп биіктей түседі.

Кез келген техника белгілі уақыттан кейін қайта жөндеуден өткізіледі. Бұған мән бермей тоқтамай жұмыс жасата берген жағдайда ол техника бұзылады немесе толықтай істен шығып қалады. Адам баласын да демалдырмай жиырма төрт сағат бойы жұмыс істете берсе, мұрттай ұшары белгілі. Жақсы өнім мен нәтиже алу үшін кісіге уақтылы демалыс беріп тұру қажет. Ораза арқылы адам ағзалары тынығады. Ескіріп, істен шығып қалмай белсенді жұмыс істеуіне көмектеседі. Ораза арқылы денемізде жиналып қалған зиянды майлар кетіп, ағзаларымыз бір демалып қалады. Ораза – семіздікке де қарсы ем. Қазіргі таңда семіздік – әлемдік деңгейде күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Семіздіктің қан айналымын нашарлатып, мидың белсенділігін бәсеңдететінін де дәрігерлер анықтап отыр. Ораза – әрі осы дерттердің дауасы, әрі мол сауапқа кенелдіретін құлшылық.

ә) Ораза аурудан сақтайды

Оразаның тән мен жанға тигізетін пайдасы жайлы қазірге дейін көптеген мақалалар мен кітаптар жазылған. Неміс ғалымы, профессор Гехардет (Cehardet) адамның қажыр-қайратын жануға қатысты жазған кітабында ораза жайлы адамның тәндік қалауларын басып, нәпсіні құрықтайтындай ғұмыр кешуі жолында рухтың тән қалауларын тізгіндеуде ең ықпалды жол екенін айтады. Ғылым докторы Рови: «Ораза сырқаттануға қарсы иммунитетті күшейтеді. Осындай маңызды медициналық жаңалықты Ислам оразаны парыз ету арқылы дәлелдеді, ал бүгінгі медицина оразаны ауруларға қарсы дәрі әрі қорғаушы ретінде қолдануда», – дейді. Бұл сөзде шындық бар.  Мәселен, ғылым докторы Генрий Лахман Саксонияның Дрэзден қаласындағы ауруханасында, сонымен қатар Бершербенр мен Молиер өздерінің емханаларында ауруларды ораза арқылы емдейтін көрінеді.

Оразаның дүние мен ақиретіміз үшін пайдалы екендігін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ораза ұстаңдар –сау боласыңдар!» – деп бізге әу баста жеткізген болатын.

материал «Ораза – теңдессіз құлшылық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: