22
Жұма,
Қараша

һижри

Рамазан оразасын ұстамауға немесе бұзуға болатын жағдайлар

Рамазан оразасын ұстамауға немесе бұзуға болатын жағдайлар

Ораза

Рамазан оразасын ұстамауға немесе оны бастаған болса, бұзуға болатын жағдайлар:

1. Жолаушы болу. Рамазан айында кемінде үш күндік (90 км.) қашықтықтағы бір жерге баратын адамның оразаға ниет етпеуіне болады. Бірақ ораза ұстап күндіз жолға шықса, оразасын бұза алмайды. Келесі күннен бастап ораза ұстамауына болады.

2. Науқас болу. Ауру адам өлуден, ақыл-есінен айрылуынан, сырқатының асқынуынан әлде оның уақытының ұзауынан қорықса, ораза ұстамауына немесе бастаған оразасын бұзуына болады. Дегенмен, алдамшы күдікке бой алдырып, түймедейді түйедей қылып болар-болмас бір сырқатқа бола оразаны бұза беру де дұрыс емес. Науқас сырқатының ауырлығын өз тәжірибесіне, оның алғашқы белгілеріне немесе мұсылман шебер дәрігердің сөзіне сүйене отырып қана байқай алады. Мейлі жолаушы, мейлі науқас болсын күші жетсе ораза ұстай бергені абзал. «Ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы».

3. Жаумен соғыс халінде. Өз отанын қорғап жүрген Ислам мужаһиді дұшпанның алдында әлсіреуінен қорқатын болса, дініміз оған ораза ұстамауға рұқсат береді. Қорқыныштың сейілуімен ораза ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.

4. Қауіп төнген жағдайда. Өлтірілмекші болған кісі немесе бір ағзасына зиян келтіріліп қорқытылған кісі оразасын бұза алады. Бұзған оразасын кейін ұстайды.

5. Қатты аштық пен шөл кезінде. Ораза ұстаған адам қатты шөлдеп немесе қарны ашып, яки дәрігердің сөзіне сүйене отырып бұған шыдай алмайтындығына көзі жетсе, оразасын бұзады, қазасын өтейді.

6. Жүкті болу немесе бала емізулі болу. Жүкті халде немесе бір нәрестені емізіп жүрген әйел ораза ұстаған жағдайда өзіне әлде нәрестеге зиян тиюден сескенетін болса, әрі жақын маңайында бала емізетін басқа әйел табылмаса немесе ораза ұстағанда көкірегіне сүт келмесе, оразасын бұзып, кейінірек қаза етуіне болады.

7. Хайыз (етеккір) және нифас жағдайы. Рамазан айында ораза ұстауға ниет еткен әйел күндіз етеккір екенін білсе немесе аяғы ауыр әйел босанып нифас қанын көрсе, бұл жағдайда ораза ұстауға тыйым салынады. Бірақ, етеккір мезгілі деп қателесіп Рамазан оразасын ұстамаса, оған кәффарат уәжіп болады. Мәзһабымыздағы ең күшті көзқарас осы Рамазанда етеккір көрген әйел түнде қаны тоқтап, тазаланса, қарайды, егер етеккір күндері он күнге толыққан болса, оразаға ниет етеді де Рамазан айының оразасын ұстайды. Қалып кеткен күндердің қазасын орындайды. Алайда, он күнге жетпеген болса, сәресінің уақыты біткенше жуынуға уақыт болатын болса, жуынып оразасын ұстайды. Жуынуға жетерлік уақыт болмаса, ол күні емес, келесі күннен бастап оразасын ұстайды. Себебі, он күннен аз етеккір көретін әйелдердің жуыну уақыттары да етеккір уақытына жатқызылады.

8. Нәпіл ораза ұстаған адам қонаққа шақырылғанда. Қонаққа шақырылған адам шақырған адамның көңілін қалдырмау мақсатында нәпіл оразаны бұза алады. Бірақ кейінірек қазасын өтейді. Бұған дәлел «...амалдарыңды бұзбаңдар», деген аят. Ханафи мәзһабы бұзылған нәпіл ораза қазасының өтелуінің уәжіптігіне байланысты жоғарыдағы аяттан бөлек мына бір хадисті де дәлел ретінде келтіреді: «Айша анамыз (р.а.) айтады: Бір күні Хафса екеуміз нәпіл ораза ұстадық. Бізге бір ас сыйға тартылды. Асқа тәбетіміз тартып оразамызды бұздық. Пайғамбар (с.а.у.) келгенде Хафса менен бұрын сөзге кірісіп оған бұл турасында сұрақ қойды. Ол (с.а.у.) «Орнына бір күн ораза ұстаңдар» – деп бұйырды.» Бұл айтылған сегіз тармаққа мағызды бірнеше мәліметті қосқымыз келеді. Ораза ұстай алмайтын қарт адам ораза ұстамай-ақ, әр күн үшін бір кедейге күніне екі мезгіл тамақ береді немесе соның құнын (фидия) төлейді. Ораза күнінің ортасында етеккір көрген әйел тазаланса, жолаушы үйіне оралса, жас бала балиғатқа толса немесе бір кәпір ислам дінін қабылдаса, сол күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға тиіс. Ал ұстамаған жағдайда етеккірден тазарған әйел мен жолаушы сол күннің қазасын өтейді Ал бала мен Исламды жаңа қабылдаған адам қазасын өтемейді. Себебі, күннің басында ораза ұстауға қажетті шарттар орындалмаған тұғын.

материал «Ораза кітапшасы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: