21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Басқа адамның атынан ораза ұстауға бола ма?

Басқа адамның атынан ораза ұстауға бола ма?

Ораза

Жалпы құлшылықтарды үшке бөліп қарастырсақ болады. Тек қана мал-мүлікпен ғана жасалатын құлшылық, дене мүшелерімен ғана жасалатын құлшылық, дене мүшелерімен және мал-мүлікпен жасалатын құлшылық.  

Бірінші, мал-мүлікпен ғана жасалатын құлшылық. Оған зекет, садақа және кәффарат төлеу секілді құлшылықтар жатады. Мұндай құлшылықтарды біреу арқылы барлық жағдайларда атқаруға болады.  

Екінші, дене мүшелерімен ғана жасалатын құлшылық. Бұған намаз, ораза секілді құлшылықтар жатады. Мұндай құлшылықтарды біреудің орнына біреу атқаруына мүлде болмайды.  

Үшінші, дене мүшелерімен және мал-мүлікпен жасалатын құлшылық. Оған қажылық сияқты құлшылықтар жатады. Мұндай құлшылықта біреудің орнына тек қана орындай алмайтын әлсіз болған жағдайда ғана орындауға рұқсат етіледі[1].  

Ораза, намаз дене мүшелерімен ғана жасалатын құлшылық болғандықтан біреудің орнына біреу атқаруына болмайды. Денсаулығы жарайтын, кәмелетке толған, ақыл-есi дұрыс мұсылман оразаны өзі ұстайды. Ал ауруынан жазылуынан күдер үзген науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына підия береді. 

Ибн Аббас (р.а.) келген руаятта: «Ешкім басқа біреудің орнына ораза ұстай алмайды, ешкім басқа біреудің орнына намаз оқи алмайды. Бірақ ол кісінің атынан кедей, міскіндерді тамақтандырады»[2], – деген. Қайтыс болған адам ұстай алмаған ораза күндері үшін підия беруді өсиет еткен болса мирасқорлары артынан қалған мал-дүниесінің үштен бірінен береді. Ал егер өсиет етпеген болса мирасқорлары оның атынан підия беруі міндет емес. Алайда берген жағдайда шариғатта оған ешқандай тыйым жоқ. Алайда намаз оқып, ораза ұстап, садақа беріп, оның сауабын дүниеден өткен және тірі адамдарға бағыштаса, оның сауабы оларға барады.

Имам әл-Касани: «Егер бір адам ораза ұстап, намаз оқып, садақа беріп, оның сауабын дүниеден өткен және тірі адамдарға бағыштаса, «Әһлу суннет уәл жамағат» сенімі бойынша оның сауабы оларға барады[3]», – деген.  

[1] Әл-Муфассал кітабы, 418-бет.

[2] Имам Насаи риуаят еткен. Иснады сахих.

[3] Имам әл-Кәсани, Бадаиғ-3/270 бет.

материал «Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: