Меню

20
Бейсенбі,
Наурыз
20
Рамазан
1446 һижри

Рамазанның он күнінен береке іздеген мұсылманға үш кеңес

Рамазанның он күнінен береке іздеген мұсылманға үш кеңес

Ораза

Асыл дінімізде уақыттың құндылығы жайында аз айтылмаған. Ал Рамазан кезіндегі қымбат уақытты жоғалтпау аса маңызды.

Мүбәрак айдың соңғы он күнінен береке мен ризық, екі дүниелік бақыт іздеген әрбір мұсылманға мына керемет үш кеңесті ұсынамыз. 

Біріншісі, әр түні мүмкіндігіңізше садақа беріп жүріңіз. Сонда берген садақаңыз міндетті түрде Қадір түніне тура түскен болып шығады. 83 жыл, төрт ай күн сайын садақа берген адамдай боласыз. 

Екіншісі, әрбір түні екі ракағат намаз оқыңыз. Қадір түніне сай келсе, 83 жылдан астам уақыт бойы әр түні намаз оқыған болып есептелесіз. 

Үшіншісі, әрбір түні «Ықылас» сүресін үш реттен оқыңыз. Құлшылығыңыз Қадір түніне дөп түскенде 83 жылдан аса уақыт күн сайын Құранды толық оқып шыққандай боласыз.

Соңғы күннің әр сағаты мен әр минутында Алла Тағалаға дұға жасаңыз. Жүрегіңізді тазартып, күнәларыңыздан арылуды тілеңіз. Егер дұғаны ұмытып қалудан қорықсаңыз, ақ параққа үтір-нүктесін қалдырмай жазып алыңыз. Бұл – дұға жасаудың ең тиімді тәсілінің бірі.

Құран Кәрімде: «Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер жай табады», – деп баян етілген («Рағыд» сүресі, 28-аят). Алла Тағаланы еске алған адамның жүрегінде қайғы-мұң болмайды. Керісінше, Жаратушысын еске алмаған адамның жүрегі уайымға, қайғы-мұңға батады. Тіпті түрлі дертке шалдығып, жүректің рухани өлуіне себеп болады. Сондықтан мұндай сәт туғанда Аллаға жақындап, барынша құлшылыққа көңіл бөлу қажет. Өйткені кімде-кім ішін түзесе, Алла оның сыртын түзетеді. Пенде қашан ақыретін уайымдаса, Алла осы дүниесін түзетеді. Пенде қашан Алламен қарым-қатынасын нығайтса, Алла пендесінің адамдармен қарым-қатынасын дұрыстайды.

материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz