Ораза ғайбат, өтірік сөзден барынша сақтануға тәрбиелейді.
Имам Бұхаридың сахих хадистер жинағында Әбу Һұрайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім аузы берік бола тұра, өтірік айтуын және алаяқтығын қоймаса, оның тек ішіп-жеуден тыйылғаны Алла Тағалаға қажет емес», – деген.
Шынында адам баласының тіл арқылы көрініс табатын аса қауіпті жүрек ауруының бірі – өтірік айту. Алла Тағала жүрегінде мұндай дерті бар адамдардың ақыреттегі жағдайын былай деп баяндаған: «Олардың жүректерінде дерт бар (күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. Сондай-ақ оларға өтіріктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар» («Бақара» сүресі, 10-аят).
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Небір ораза ұстаушылар бар, оразасының тек ашығудан өзге берері жоқ. Небір түнде тұрып нәпіл құлшылық жасаушылар бар, тек ұйқысыздығынан басқа алары жоқ», – деп, ықылассыз ораза мен құлшылықтың пайдасыздығын ескертеді.
Имам ән-Нәсәи және имам әт-Табаранида риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушы адам оразаның сауабын өртеп жібермесе, Қиямет күні азаптан сақтайды», – дейді. Сонда сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Оны қалай өртеп жібереді», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өтірік және ғайбат айтумен», – деген екен.
Демек ораза – азапқа қарсы амал. Алайда ораза ұстаған адам өтірік пен ғайбаттан тыйылмаса, оразаның сауабы «өртеніп», қамал бұзылады. Осы секілді айтылған хадисте баяндалғандай, аузы берік адам мұсылманды ғайбаттау мен залал тигізуден аулақ болса, оразасы Алла үшін жасалған ғибадат-құлшылыққа баланады.
Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың» дейді. Адам баласы тілін калимаға келтіріп, Алланы үнемі ұлықтап, мадақтап жүрсе, оның жақсы сөзі тағдырына айналады. «Кімде кімнің бұл дүниедегі соңғы сөзі «Алладан басқа Тәңір жоқ» (лә иләhә иллалла) болса, сол адам жәннатқа кіреді» деген хадис бар.
материал «Ораза» кітабынан алынды,
ummet.kz