Алла елшісі (с.ғ.с) айтады:
«Ораза ұстағандарың жаман сөз айтпасын және дауласпасын, ал егер оны біреу балағаттаса немесе онымен жанжалдасса: «Мен оразамын», десін».
Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.
Түсініктеме: бұл жайында жоғарыда он жетінші хадисте әңгіме еткен болатынбыз. Дегенмен қайталап кетсек артық болмайды. Ораза ұстаған адам жағымсыз қылықтан барынша аулақ болғаны жөн. Өйткені, жаман қылық оразаның сауабын кемітеді, тіпті кейде оразаны бұзуы да мүмкін.
Алла елшісі (с.ғ.с) айтады: «Ораза бар болғаны ішіп жеуден тыйылу емес, ораза бос және жаман сөзден сақтану. Егер сені біреу сені сөксе не болмаса саған жаман қылық істесе оған: «Мен оразамын! Мен оразамын», де».
Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а) Имам Әл Хаким және Байһақи риуаят етті.
Түсініктеме: иә, ораза тек ішіп жеуден тыйылу емес. Әрине, таң атқаннан күн батқанға дейін нәр татпау оразаның бастапқы талабы. Дегенмен бұл оразаның сыртқы көрінісі. Намаз - мұсылманның сыртқы ғаламаты, ал иман ішкі белгісі болғанындай, оразаның руханият тарапын да естен шығармаған жөн. Ал оразаның руханиятына оразашының әдеп қылығы жатады. Сондықтан, ораза ұстаған адам әдептілікке мән беруі тиіс.
материал «Ораза туралы жетпіс хадис» кітабынан алынды,
ummet.kz