Қасиетті Рамазан айында мұсылман адам күнделікті парыз етілген бес уақыт намаздан бөлек нәпіл намаздарды атқаруға ерекше ден қоюы қажет. Әсіресе, Рамазан айының түндерін намазбен өткізу жай түндері оқылатын намаздан сауабы мен дәрежесі тұрғысынан көп есе артық.
Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кім рамазанды иманмен және сауабын үміт етіп, түнгі намазбен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі», – деп айтқан (имам Бұхари, Мүслим).
Рамазан айында құптан намазынан кейін тарауық намазын оқу – бекітілген сүннет. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рамазан айында жеке өзі жиырма рәкағат (тарауық) және үтір намазын оқитын», – деген (имам Байһақи).
Ибн Аббастан жеткен тағы бір риуаятта Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) Рамазан айында адамдарға Әбу ибн Кәғбті имам етіп, ол жиырма рәкағат нәпіл және үш рәкағат үтір оқитындығын жеткізген «Әл-фиқһ әл-ислами уа әдиллатуһу». Хазіреті Алидің заманында да (Алла оған разы болсын) Рамазан айында адамдар имамға ұйып, жиырма рәкағат оқитын («Әл-фиқһ әл-ислами уа әдиллатуһу»). Тарауық намазының жиырма рәкағат жамағатпен оқылуы әділетті халифалар заманында бекіп, бүгінге дейін сүннет болып жалғасуда.
Имам Ән-Нахаи (Алла оны рақымына алсын): «Рамазан айындағы бір күндік ораза басқа мың күннен артық, осы айдағы әрбір зікір мың зікірден артық, осы айда оқылған бір рәкағат намаз басқа уақытта оқылған мың рәкағаттан артық», – деген (Уәдәифу әр-рамадан).
Тарауық намазының басты сауаптары мен артықшылықтары:
- Күнәлардың кешірілуі (жоғарыда келтірген хадиске сай).
- Түнгі құлшылықтың (қиям әл-ләйл) орындалуы.
- Тарауық – бұл Рамазан айындағы түнгі намаз болып табылады. Ол берекені арттыратын, жамандықтарды өшіретін ұлы ғибадат. Бұл құлшылық мұсылманның рухани дәрежесін көтеріп, жүрегін тазартады.
- Соңғы он күннің қасиетіне бөлену. Рамазанның соңғы он күндігі келгенде, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «белін бекем буып, түнін ғибадатпен өткізген және отбасын оятқан» – деп Айша анамыз (Алла оған разы болсын) айтқан. Тарауық намазын тұрақты оқу – мың айдан да қайырлы Қадір түнін құлшылықпен қарсы алуға мүмкіндік береді.
Рамазан – нәпсіні тізгіндеп, рухты тазартатын тәрбие мектебі. Ораза адамды сабырға, шүкіршілікке және мұқтаждарға мейірім танытуға үйретеді. Ал Тарауық намазы – жүрекке тыныштық сыйлайтын, рухани қуат беретін ерекше құлшылық. Бұл қасиетті айдың әр сәті пенденің иманын бекемдеп, болмысын ізгілікке бағыттайды.
дереккөз: muftyat.kz