27
Жұма,
Ақпан

һижри

Ораза кезінде неден сақтану керек?

Ораза кезінде неден сақтану керек?

Ораза

Бірінші: Оразаны сәресіне дейін жалғастыру

Абу Хурайрадан (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) оразаны сәресіне дейін жалғастырудан тиған. Сонда мұсылмандардан біреуі: Уа, Алланың елшісі! Сіз болсаңыз оразаны сәресіне дейін жалғастырасыз!

Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): Мені раббым өзі түнде тамақтандырып, сусындандырады. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұған көнгісі келмеген мұсылмандармен бірге, сәресіне дейін бір күн ораза тұтып, келесі күні тағы бір күн тұтты. Содан кейін жаңа айдың туылғаны көрінгенде: «Егер ай туылмағанда, сендерге оразаны жалғастырып тұтуға тағы қосатын едім», деп олардың көнбегендері үшін, жаза ретінде жауап берген.

Демек, оразаны сәресіне дейін жалғастыру , денсаулыққа кері әсерін беруі мүмкін. Ал, дене әлсіресе, басқа ғибадат-құлшылықтар жайында қалып қалады. Ал, Пайғамбарымзға(Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келетін болсақ, Алла тағала оны тамақтандырып сусындырғаны ақиқат болатын болса, онда оның оразасы жалғаспаған болып есептеледі. Алайда, ішіп-жеу арқылы Аллаға жақындықтың күшін және Оған жақын болу рахаты меңзелсе, онда Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) күш-қуаты ішіп- жеуде емес, осы нәрселерде жатыр.

Осы орайда бір араб ақыны:

Оразаны тұттым өмір ләззатынан

Ауыз ашар ақыретте болсын маған

Жүрегімнің тынышын, жан рақатын

Оразадан таптым, тиылып, тамақтан!

Екінші: Ерлі-зайыптыларға сүйісу

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай деген: «Алла елшісі (Алланың оғана салауаты мен сәлемі болсын) ораза кезінде бізді сүйіп, құшақтайтын болған. Алайда ол сендердің кез-келгендеріңнен өзін-өзі мықты ұстай алатын». Осы хадиске сүйене отырып, жасы үлкен, шәһуатына берік болған ерлер үшін, жұбайларын сүюге, құшақтауға, әзілдесуге шариғат рұқсат береді. Алайда, жас ерлі-зайыптылар үшін бұндай әрекетке бармағаны абзал. Ораза кезінде түбі жыныстық қатынасқа апаратын кез-келген әрекеттердің үкімі мәкруһ. Сондай-ақ ораза кезінде, ғибадат-құлшылыққа кедірге болатын барлық іс-әрекеттерден сақтанған жөн.

Үшінші: Хижама жасау.

Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салуаты мен сәлемі болсын) ораза кезінде хижама жасатқан кездері болған. Әнәс (Алла оған разы болсын) сахабадан бұл жайында сұрағанда: «Ораза кезінде хижама жасау бізді әлсіреткені болмаса, одан еш жағымсыз амал көрмедік», деп жауап берген. Ал, хижама жасау процедурасынан кейін қандай да бір әлсіздік пайда болу қауіпі болса, онда оған оны жасату мәкруһ болып саналады. Себебі жоғарыда айтылғандай, оразакезінде мұсылман адамның денсаулығына байланысты басқа ғибадат-құлшылықтар қалып кетпеу керек.

Төртінші: Көзге сүрме жағу

Әнас сахаба (Алла оған разы болсын) ораза кезінде көзіне сүрме жағатын болған. Әл-Ағмаш (Алла рақымына алсын) былай деген: «Ораза ұстаған адамнын көзіне сүрме жағуды, сахабалырымыздың ешқайсысы мәкруһ санағанын көрмедім». Ибраһим ән-Нахағи (Алла оны рақымына алсын) ораза кезінде сүрме жағуға рұқсат еткен. Алайда, тамаққа (өңешке) жететін «Әл-кухл әл-хад» пен басқа сүрмелердің айырмашылығы болмағандықтан, ғалымдардың арасында пайда болған қарама-қайшылықтардан шығу үшін, сүрмені ораза кезінде қолданбаған дұрыс.

Бесінші: Ораза кезінде мұрынға су толтырып шаю.

Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Ләқит ибн Сабраға: « Дәрет алған кезде, барлық мүшелерді толық жу. Саусақтарыңның арасын ысқыла. Мұрыңға суды толық тарт. Тек ораза кезінде олай істеме». Осылайша Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мұрынға суды толық тартып шаюдан тиған. Себебі олай істеуде құлшылыққа зиян келетін көріністер бар...

 

материал «Оразаның мақсаттары» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: